Осы жылы акционерлік қоғамның электр желілерін жаңғырту бойынша 695 млн теңге бөлінген. Бүгінде өңірдегі нысандарда жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Біз алдымен Талдықорған қаласындағы 10 кВт-тық №6 тарату пунктінің жаңғырту жұмыстарымен таныстық. Мұнда автоматтандырылған заманауи құрылғылар орнатылған. Ескірген релелік қорғаныс және автоматика құрылғылары мен жабдықтары толықтай ауыстырылып, вакуумды ажыратқышқа көшкен.
Осыдан кейін №5 тарату пунктіне ат басын бұрдық. Бұл нысанға да жаңа құрылғылар алынғанымен, әлі орнатылмаған. Мамандардың айтуынша, жаңа құрылғылар шамамен екі аптаның ішінде қойылмақ.
Келесі кезекте Текелі қаласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды көріп қайттық. Мұнда 13 шақырым – 6 кВт, 29,1 шақырым – 0,4 кВт электр желілері ауыстырылды. Қолданыстағы қапталмаған 6/0,04 кВт-тық электр желілері оқшауланған желілерге ауыстырылуда. Әзірге 42,1 шақырымның жартысына оқшауланған аспалы электр желілері тартылды. 10-кірістегі ток трансформаторы қойылды. Барлық жұмыс желтоқсан айына дейін аяқталмақ.
«Талдықорған акционерлік көлік-электр желілері компаниясы» АҚ техникалық директоры Дәулет Шәбденұлы инвестициялық бағдарламаның және активтерді жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Келесі кезекте ҚС-110/35/10 кВт болатын №159 «Қарабұлақ» жаңғырту бойынша 10 кВт К-37 желілік ұяшықтарды вакуумды ажыратқыштары бар «К-59» сериялы ұяшықтарға ауыстырылады. Сонымен қатар үйдің ауласында тұрған ағаш электр бағаналары сыртқа шығарылып, темірбетонға ауыстырылады», деді Д.Шәбденұлы.
Кездесу соңында Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жетісу облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Ғалым Тойлыбек инвестициялық бағдарламаның маңыздылығына, атқарылған жұмыстың ауқымдылығына тоқталып, кәсіпорын қызметкерлерінің жұмыстарына сәттілік тіледі.
Жетісу облысы