«Астана Экспо-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Қанағат ТІЛЕМІСОВПЕН әңгіме
– Қанағат Кенжебекұлы, жақында Елбасымыз «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешені орналасатын жерге капсула салып, құрылыс жұмыстарының тұсауын кесті. Қарқын қалай болуда?
– Құрылыс қарқыны бір сәт те бәсеңдемейді. Өйткені, бұл – әлем назарында, Елбасының қатаң бақылауында тұрған айтулы шара. Біз құрылысты уақытында бітіреміз деп мемлекет атынан уәде бердік. Сондықтан, басқаша жасауға қақымыз жоқ. Елбасымыз 24 сәуір күні келіп, көрме кешені құрылысының орнына капсула салып кеткен болатын. Мен шынымды айтсам, Елбасының сондағы айтқан сөзіне, құрылысқа қатысты қаншама фактіні жатқа білетініне ерекше таңғалдым. Кейбір мәселелерді салалық мамандардың өзі біле бермеуі мүмкін.
Нақты тапсырма берілді, енді тек сол межені бағындыру үшін жұмыс істеудеміз. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев сол жерде Елбасына құрылыс кестесін таныстырған болатын. Сол кестеге сәйкес, қажет болса, күндіз-түні тоқтаусыз жұмыс атқаратын боламыз. Ал қазіргі істелініп жатқан шаруаларға тоқталатын болсақ, бұрынғы инженерлік-коммуникациялық құрылымдардың орнын анықтау жұмыстары жасалып жатыр. Топырақ эрозияға ұшырамау үшін беткі өсімдік қабатын зақымдамай жинап алудамыз, айнала қоршау салынуда, осы секілді құрылысқа дайындық жұмыстары басталып кетті.
– ЭКСПО көрме кешенінің орналасатын көлемі бойынша өзгерістер бар ма?
– Өзгеріс жоқ. Жалпы ауданы – 173,4 гектар, оның 148 гектары тұрғын үйлер, білім беру, денсаулық сақтау мекемелері, әлеуметтік-мәдени нысандар және ойын-сауық орындары, 25 гектар жерге көрме кешендері орналасады. Бірер гектар әрі-бері ауыс-түйіс болып жатса, оған бізде ешқандай шектеу жоқ және онда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ негізгі ауқымы осы көлемде қалады.
– Қанша ғимарат тұрғызылады деп күтілуде?
– Бүгінгі күні қанша ғимарат болатынын санау қиын. Бірақ ірілерінің өзі жүзден асады. Ең биігі – көрменің символы болып қалатын сфера-шар пішініндегі «Қазақстан-Астана» ұлттық павильоны, оның диаметрі – 80, тұғырының биіктігі 20 метр, жалпы биіктігі 100 метрге жуық. Оның құрылысы маусым айында басталады. Бәйтерек секілді Астанамыздың жаңа символы болады деп үміттенеміз. 25 гектарға орналасатын көрме нысандарының өзі бүгінгі күнде бекітіліп болып қалды. Оны бекітетін – Халықаралық көрмелер бюросы. Ал қалған 148 гектарға орналасатын ғимараттардың көпшілігін инвестиция жолымен тұрғызуға Үкімет тарапынан мүмкіндік беріліп отыр.
– «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) жасалып бітті ме? Құрылыс жұмыстарының жалпы шығыны қаншаға бағаланып отыр?
– Техникалық-экономикалық негіздеме жасалып та, сараптамадан өтіп те бітті. Оны мемлекет бекіткеннен кейін ғана құрылыс шығындары белгілі бола бастайды. Бірақ оны қазір анықтау мүмкін емес. Неге десеңіз, ТЭН ішіндегі бағада өзгеріс болуы мүмкін. Құрылысқа қолданылатын техникалардың шығынын есептеу өте қиын. Өзіңіз білесіз, қазіргі технологиялық прогресс аса жылдам. Бүгін шыққан ұялы телефон ертең ескіріп қалады. Көзді ашып-жұмғанша жаңарып жатыр. Құрылыс техникалары да сондай. Үш жылдан кейін қандай технология қолданылады, оны тап басып айта алмайтынымыз сияқты, құрылыс шығынының қандай болары да белгісіз. Бірақ негізгі жоспардан үлкен ауытқушылық болмайтын шығар.
– Жобалау-сметалық құжаттары (ЖСҚ) дайындалып болды ма?
– Жобалау-сметалық құжаттары ТЭН-мен бірге жасалып жатыр. Уақыттың тығыздығынан бұл құжаттарды дайындау біршама жеделдетілген тәртіппен жүргізілуде.
– Құрылысқа қанша қазақстандық компания қатысады, отандық құрылыс өнімдері қолданыла ма?
– Әрине, мәселен, цементті біз Америкадан, болмаса Австралиядан әкелмейміз. Ең бірінші кезекте өзімізде бар құрылыс материалдарын жұмсаймыз. Темір, цемент, тас, құм, қиыршық тас, мәрмәр тас, гранит секілді негізгі заттар өзімізде де жеткілікті. Бірақ ағаш аздау, сондықтан оны жақын шетелдерден алуымыз мүмкін. Негізгі біздің мақсат – әуелі қазақстандық құрылысшыларды жұмысқа тарту, соларға мүмкіндік беру. Құдайға шүкір, ондай отандық компаниялар баршылық. Бұл жерде баса айтатын мәселе, олардың халықаралық стандарттарға сай болуы қатаң қадағаланатын болады. Ал еңбек күші жетпегендей болса, шетелдіктер шақырылады.
– Сіздің ойыңызша, «ЭКСПО» көрме кешенінде баламалы энергия көздерінің қай түрін (күн, жел, жер энергиясы, т.б.) негізгі деп атауға болады?
– Біздің о баста эскиз-идеяға қатысушыларға қойған талабымыз – міндетті түрде өз жобаларында баламалы энергия көздерін көрсетуі керек болатын. Сол талап бойынша, ұтқан америкалық компания баламалы энергия көздерінің үлесін қазір есептеп жатыр. Көрме өткізілетін аумақта энергия негізінен күн көзінен алынады деп күтілуде.
– ЭКСПО келбеті қаланың сәулет-сымбатымен қаншалықты үндеспек?
– Жалпы, көрме кешенінің көлемі Астана қаласының 400-ден бір бөлігіндей болады. Осы бөлік қалай болғанда да қаладан дербес бола алмайды. Бәрі бірге ортақ бір ансамбль болып тұруы керек. Жалпы, өз басым көрме мемлекетіміздің дамуына зор серпін береді деп шүбәсіз сенемін.
– Жан-жақты мағлұматтарыңызға рахмет. Жұмысыңызға жеміс тілейміз.
Әңгімелескен
Ағанас ТОРАЙҒЫР.