Саясат • 03 Қазан, 2022

Оппозициялық партия да сайлауға қатысады

352 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының ХІХ кезектен тыс съезі өтті. Жиында Нұрлан Әуесбаев партия атынан алда өтетін сайлауға президенттікке ұсынылды.

Оппозициялық партия да сайлауға қатысады

Жиында партиялықтар алдағы президент сайлауына үміткер ретінде ЖСДП елордалық филиалының басшысы Нұрлан Әуесбаевтың кандидатурасын қолдады. Нақтырақ айтсақ, партия съезіне қатысқан 49-делегаттың 48-і Н.Әуесбаевтың кандидатурасын қолдаған.

«Съезд Нұрлан Саты­бал­дыұлы Әуесбаевты Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан прези­денттікке кандидат етіп сайлау туралы шешім қабылдады», деді партия төрағасы Асхат Рахымжанов.

Нұрлан Әуесбаев 1957 жылы туған. Түркістан облысының тумасы, Астана тұрғыны. Жоғары білімі бар, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген, ұзақ уақыт Жергілікті атқарушы органдарда жауапты ла­уазымдарда жұмыс істеген.

Партия съезінде Н.Әуесбаевтан бөлек тағы төрт адамның кандидатурасы талқыға түскен. Олардың қатарында, оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышалин мен бұрынғы сенатор Уәлихан Қайсаров та бар. Алайда съезд делегаттары екі саясаткердің де партияға ешқандай қатысы жоқ екенін алға тартып, кандидатураларын қолдаудан бас тартты. ЖСДП-ның Павлодар об­лысындағы бөлімшесінің төрағасы Ажар Сағындықованың айтуынша, кезектен тыс президент сайлауы жариялана салысымен бұл адамдар әлеуметтік желідегі жеке парақшаларында мәлімдеме жасап, кез келген республикалық қоғамдық бірлестіктер мен партиялардың атынан кандидатураларын ұсынуға да­йын екенін мәлімдеген. «Алайда сая­си додаға қай партияның артынан, не үшін түсетінін айтқан жоқ», дейді А.Сағындықова.

Ал съезде сөйлеген сөзінде пре­зи­денттіктен үміткер Н.Әуесбаев қоғам­­ды өзгерту үшін ең алдымен әр адам мемлекет алдындағы жауап­кершілігін сезініп, өзгерісті өзінен бастауы керек екенін айтты.

Айта кетейік, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы елімізде осы уақытқа дейін өткен саяси науқандар кезінде мұндай белсенділік танытпаған болатын. «Алдағы кезектен тыс сайлауға қатысуға не түрткі болды?», «Бұл сайлаудың ерекшелігі неде?» деген сұрақтарға партияның белсенді мүшесі Тазабек Сәмбетбай: «Бұрын елімізде суперпрезиденттік жүйе болғанын бәріміз білеміз. Қазір Қазақстанда шынайы бәсекеге аз да болса жол ашылды. Әлемдегі сан құбылған геосаяси жағдайға бәріміз куә болып отырмыз. Осындай сындар­лы сәтте еліміздің маңызды сая­си науқанынан шет қалмау қа­жет. Себебі президент сайлауы – тұ­тас елдің тағдырына жауапты кезең», деп жауап берді. Партияның Алматы қалалық бөлімшесінің басшысы Т.Сәмбетбайдың айтуынша, қазір бүкіл қоғам, Қазақстан үлкен өзгерістерді басынан өткеруде.

2007 жылы ресми тіркелген Жалпыұлттық социал-демократия­лық партиясы 2015 және 2019 жылы өткен президент сайлауларына бо­й­кот жариялаған еді. Саяси ұйым 2021 жылы өткен парламент сайлауына да қатысқан жоқ.

Соңғы жаңалықтар