Пікір • 03 Қазан, 2022

Басты қадам

220 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы 20 қарашада кезектен тыс президент сайлауы өтетіні туралы Жарлыққа қол қойып, осыған орай Қазақстан халқына үндеу жариялады. Үндеуде Президент бұл жылдың саяси салмақты реформалар мен өзгерістерге толы болғанын айта келіп, мемлекеттің «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасын берік ұстанатынын тағы бір рет еске салып өтті.

Басты қадам

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында Президент өзінің электоралдық циклін алғаш рет алдын ала жария етті. Яғни, бірінші қыркүйектегі Жолдауында атап өтті. Бұл саяси пікір алуандығы мен демократияның барлық ұстанымдарына сәйкес келеді. Өйткені саяси партияларға бірінші қыркүйектен бастап 2023 жылы өтетін Парламент сайлауына, 20 қарашада өтетін президент сайлауына алдын ала дайындалуға, кандидаттарын ұсынуға, жалпы сайлауалды науқанға дайындалуға мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда ішкі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз ету аса маңызды.

Бұл жолғы сайлаудың тағы бір ерекшелігі – президенттің өкілетті айтарлықтай қысқарған кезде, жаңа жағдайда өтеді. Енді президент қандай да бір партияға мүше бола алмайды, тек бір мерзімге сайланады және қайта сайлануға құқығы жоқ.

Президенттің 7 жылдық өкілеттік мерзімі несімен тиімді деген мәселеге келетін болсақ, біріншіден, сыртқы геосаяси ахуалды ескере отырып, елдегі трансформациялық үдерістердің қарқынын бәсеңдетпей жүзеге асыру үшін қажет. Екіншіден, осы аралықта экономиканы тұрақты дамытуды, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуды көздейтін ұзақ мерзімді міндеттерді тиімді іске асыруға мүм­кіндік мол. Яғни өзінің біліктілігі мен әлеуе­тін көрсетіп, алға қойған жоспарын тиянақты атқарып шығуға бұл мерзім толық жеткілікті. Негізі, Әділетті Қазақстан құру жолындағы ең басты қадамдардың бірі осы деп санаймын.

 

Римма БЕКТҰРҒАНОВА,

Қостанай облысы әйелдер күштері альянсының төрағасы