Саясат • 03 Қазан, 2022

Алдымыздағы үлкен міндеттер

1719 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Биыл 20 қараша күні сайлау өтеді. Алдағы сайлау – 2019 жылдан бері қолға алынған саяси реформалардың жүйелі жалғасы.

Алдымыздағы үлкен міндеттер

Біріншіден, бұл жаңа трансформа­ция­лық кезеңде алғаш өтетін прези­дент­­тік сайлау болмақ. Бұл – оның бас­ты ерекшелігі. Ол сонысымен маңызды.

Екіншіден, бұл сайлаудың нәти­жесінде депутаттардың бастамасымен Президент лауазымын бір реттік мерзіммен шектеу туралы норма іске қосылады. Ол өз кезегінде атқарушы биліктің ең басты субъекті саналатын президент институтының қызметін реформалайтын түбегейлі өзгеріс. Бұл жаңашылдық билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.

Үшіншіден, бұл сайлау елдегі трансформациялық процестердің динамикасын жоғалтпай, барлық өзгерістерді логикалық жалғастықпен жүргізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ қазір әлемде геосаяси және геоэкономикалық мәселе­лердің ушығып жатқаны жасырын емес. Қарама-қайшылықтар мен қақ­ты­ғыстар көбейіп жатыр. Осындай сәтте саяси жүйені толықтай жаңартып, оны қайта іске қосу Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты мақсаты. Себебі біз қазіргі заманның барлық сын-қатерлеріне қарсы тұра алатын, тиімді, және ең бастысы бүкіл қоғамның талап-тілектері мен мақсат-мүдделеріне сай келетін саяси модельді жасап шығуға жол табамыз.

Биылғы сайлау 2024 және 2025 жылдары жаңа сайлау кампанияларына алаңдамай, даму қарқыны мен реформалар курсын сақтап, әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді қолға алуға жағдай жасайды.

Мемлекет басшысы алдағы сайлау­ға байланысты Қазақстан халқына Үн­деу жолдап: «Бұл науқан елдің бүкіл сая­си жүйесін түбегейлі өзгертетін сай­лау кезеңін бастап береді. Сол арқы­лы экономиканы тұрақты дамыту­ды, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұр­мыс сапасын жақсартуды көздейтін ұзақ мерзімді міндеттерді жүзеге асы­руға мүмкіндік туады», деп атап өтті.

Amanat партиясы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық тірегі ретінде мемлекет басшысының бұл бастамасы мен ұстанған бағытына қолдау білдіріп, оны жүзеге асыру жолында аянбай еңбек етеді.

Президентіміз сайлаудың ішкі маз­мұны мен ашықтығы жөнінде өз Үн­деуінде: «Мен Мемлекет басшы­сы ретінде сайлау науқаны қатаң түр­де заңға сәйкес өтетініне кепілдік бере­мін. Оны отандық және шетелдік байқау­шылардың қатысуымен әділ әрі ашық өткізетін боламыз», деп мәлімдеді.

Қазақ елі өз тарихи даму жолының жаңа белесіне көтеріліп келеді. Алдымызда үлкен мақсат-міндеттер тұр. Осындай ел өмірі үшін өте маңызды әрі жауапты сәтте Amanat партиясы өзінің қоғамдық және сая­си миссиясын абыроймен атқаруға бар күш-жігерін салады.

 

Асхат ОРАЛОВ,

Amanat партиясының Атқарушы хатшысы