Білім • 03 Қазан, 2022

Қайнардағы білім қайнары

515 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ғасырлық тарихы бар Қайнар орта мектебі – еліміздің ғылымы мен білімін, экономикасы мен мәдениетін дамытуға мол үлес қосқан мыңдаған талантты тұлғаны тәрбиелеген бай тарихы бар, көне мектептердің бірі.

Қайнардағы білім қайнары

Мектеп Абай облысының Семей қала­сы Қайнар ауылында орналасқан. Білім ошағы алғаш рет 1922 жылы Абыралы бо­лысындағы «Қаратұмсық» бастауыш мектебі болып ашылған. Оның ұйым­дас­тырушысы Тұрсынбай Дайырбеков өзінің екі бөлмелі үйін мектепке босатып берген. 1931 жылы шаруа жастар мектебі, 1934 жылы орталау, ал 1936 жылы орта мектеп болып құрылды.

1941 жылы мектептің алғашқы түлек­те­ріне куәлік беріліп, осы жылы 100 балалық мектеп үйі салынды. 1974 жылы үшқабатты жаңа типті мектеп ғимараты салынып, 1983 жылы мектепке жазушы Сапарғали Бегалиннің есімі берілді.

Абыралы елі бүкіл әлемге кеңес ода­ғының алғашқы атом полигоны орна­ласқан жер ретінде танылған. Семей полигонында алғашқы атом бомбасы 1949 жылы 29 тамызда жарылды. Абыралы өңірі 40 жыл бойы атом сынағынан қа­сірет шекті.

Қайнар ауылы 1928 жылы Абыралы, Бөрлі, Дегелең және Темірші болыстарын біріктіре отырып құрылған Абыралы ауданының орталығы болды. 1954 жылы атом сынағы зардабынан Абыралы ауда­ны жабылып, халық көшірілді. 1990 жылы Абыралы ауданы қайта құрылып, 1997 жылы қайта жабылды. 1950-1980 жылдардағы жақсы уақыттарда Қайнар ауылында 20 мыңға жуық адам тұрды, 100 мыңнан аса қойы, 10 мыңнан аса ірі қара малы бар үлкен кеңшар орталығы болды. Осы уақыттарда Бегалин атындағы Қайнар орта мектебінде 1 мыңға жуық оқушы оқыды.

Халық қанша бейнет көргенімен киелі жердің суы мен топырағы елдің өсіп-өркендеуіне, әр жылдары Қайнар орта мектебінде оқыған оқушылардың бойында ғылым мен білімге, адал еңбекке деген рухани бай адами қасиеттердің дамуына себеп болды.

Мектеп түлектерінің ішінен жүздеген мемлекет, қоғам, ғылым мен білім, өнер мен мәдениет қайраткерлері және еңбек ерлері шыққан. Қайнар халқы Үкімет мүшесі, министр болған 4 адамның – Шырақбек Қабылбаевтың, Рымбек Байсейітовтің, Төлеутай Сүлейменовтің, Мұхаметқали Тәтімовтің есімдерін мақ­танышпен айтады. 6 адам – Бибігүл Төле­генова, Мұрат Бейсенбаев, Әлімбек Әшімбеков, Айтмолда Жақсыбаев, Қалыбай Қашағанов, Маратхан Бейсен­баев, Түйтебек Байскаков – Социалистік Еңбек Ері, 6 адам – Ораз Әбішев, Төлеухан Садықұлов, Жабағы Тәкібаев, Рымғали Нұрғалиев, Сейіт Қасқабасов, Асқарбек Құсайынов Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағын алды. Танымал ақын-жазушылар – Иса Байзақов, Сапарғали Бегалин, Нұфтолла Шәкенов, Медеу Сәрсеке, Төлеужан Ысмайлов, Жақсылық Төленов, Сейтқали Қалыбеков, Бауыржан Жақып – Қайнар жерінде дүниеге келіп, мектепте оқыған. 60-қа жуық академик, профессор, ғылым докторлары мен кандидаттары Қайнар орта мектебінде дәріс алған.

Бір мектептің түлектерінің ішінен осындай зиялы жандардың шығуын, сол мектепте еңбек еткен ұстаздар қауы­мының халықпен бірге атқарған еңбе­гі­нің жемісі деп бағалауымыз керек. Мектепте Қапан Мұсайынов, Серікқазы Мейірханов, Армия Ыдырысов, Серғазы Жөкебаев, Болат Жәкішев, Қатира Әубакирова, Сәттар Түсіпбеков, Әнеш Мыңбаева, Кабдрахман Ғабдуллин, Еркебұлан Жөкеева, Нәзігүл Қабыкенова, Қалимаш Искакова, Қарлығаш Искакова сынды 60-тан аса білім беру саласының озық қызметкері еңбек етті. Біз осындай қасиетті ұстаздардан тәлім-тәрбие алдық.

Ұстаз – мектептің жүрегі болса, сол ұстаздардың жемісті еңбек етуін мектеп директоры қамтамасыз етеді. Қайнар орта мектебінің ғасырлық тарихында Қапан Мұсайынов, Оспанқұл Мергенбаев, Әрін Иманакишев, Омархан Жартыбаев, Жаппар Иманакишев, Еркінғали Абдуа­хитов, Күлаш Нұрбикенова, Нәби Ме­кішев және басқа да еліміздің білім беру саласының талантты қайраткерлері бас­шылық жасады.

Қазіргі уақытта 12 жылдық мектепке өту­де басты назарға алынып отырған жағ­дай білімге бағдарланған оқыту жүйе­сінен, балалардың құзыреттіліктерін қалып­тастырып, нәтижеге бағдарланған білім беру жүйесіне көшу. Бұл барлық дамы­ған елде іске асырылып отыр­ған күрделі мәселе. Ой елегінен өткізіп қара­сам, Қайнар орта мектебінің ұстаз­да­ры сол кездің өзінде, осы жүйені оқу процесіне енгізе бастаған екен. Олар балалардың құзыреттіліктері мен ниет­теріне қарай сабақ үстінде және сабақ­тан тыс уақыттарда, өз пәндері бойынша көптеген нәтижеге бағдарланған жұмыс атқаратын.

Сол ұстаздың ішінен Күләш Жұмағұ­ло­ва есіме түседі. 10-сыныпта математиканы жақсы оқитын оқушыларға «Задачи для поступающих в МГУ», «Задачи для поступающих в МВТУ им.Баумана» деген журналдардан есептер шығартты. Орысша да дұрыстап сөйлей алмайтын ауылдағы қазақ мектебінің оқушыларына осындай есептер жинағын алдырып, сол деңгейде оларды даярлау үшін қаншалықты зиялы ұстаз болу керек деп ойлаймын. Күләш мұғалімнің мектеп бітіргеннен кейін айтқан сөзі мәңгілік жадымда қалып, өмірлік ұстанымыма айналды: «Алдыңда үлкен өмір жолы бар, шамаң келгенше, ешқайда бұрылмай сол жолмен жүр. Мен сенің ғылым жолын таңдағаныңды қалаймын!» деді қасиетті ұстазым.

Математика пәнінің мұғалімі Өзипа Тасыбайқызының шығартатын есептері тек логикалық ойлау қабілетін дамытуға арналған шым-шытырық, бірақ өте қызықты есептер болатын. Ол есептерді бірден шығара алмайтынбыз, бірақ қашан шығарғанша есімізден кетпей, көп ізденіп, әбден әуре болатынбыз. Сол есептердің біразы әлі жадымда.

Жақсы ұстаздың бойында бала ұқсасам деп талаптанатын ерекше бір қасиет болады. Тарих пәнінің мұғалімі Армия Ыдырысұлы жылдың қай кезінде болсын тап-таза жүретін, тіпті батпақ күндері де аяқкиіміне бір батпақ жұғыспайтын. Есте сақтауы ерекше мықты болатын. Қандай сұрақ қойсақ та, оның жауабы қай кітаптың қай бетінде екенін жаңылмай айтушы еді. Қайран қалатынбыз. Бізге шахмат ойнауды үйрететін. Әр партия­ны күрделендіріп, оған терең талдаулар жа­сап, теориялық білім де беретін. Ал шах­мат болса жастардың логикасын да­мы­тудың таптырмас құралы ғой.

Орыс тілі мен әдебиетінен дәріс берген Әнеш Дайырбайқызы үйінен ойнатқыш көтеріп келіп, Бетховен, Моцарт, Шопендердің пластинкаларға жазылған музыкалық шығармаларын қойып, сол ғажайып музыкалық туын­ды­ның мән-мағынасын түсіндіріп, біздің музыкалық сауатымыздың ашылуына ерекше көңіл бөлетін.

Болат Жәкішұлы физика ғылымын өте терең меңгерген ұстаз еді. Физика ғылымы саласында әлемде болып жатқан барлық жаңалықты қарапайым тілмен түсіндіріп, бізге оқу үшін көптеген журнал беріп отыратын. Ол кісі дене­шы­нықтыру пәнінің мұғалімі болмаса да, әртүрлі қашықтыққа жүгіргенде, волейбол, баскетбол ойнағанда физика ғылымының заңдылығын қалай пайдалану керектігін өзі жүгіріп ойнап көрсететін және бізді де жүгіртіп, ойнатып түсіндіретін. Міне, қазір айтып жүрген нәтижеге бағдарланған білім деген осы.

Сол кезде бізге ауылдағы үлкен адам­дар мол тәрбие береді. 1969 жылы институтта оқып жүрген кезім, қысқы демалысқа үйге келдім. Көшеде мұз басқан өткелден өткелі тұрған Түсіп ақсақалды көріп, көмектесейін деп жанына жүгіріп келдім. Сонда ақсақал байыппен қарап тұрып, «Балам, сен әкең оқымаған оқуды оқып, үлкен қалада тұрып жатыр­сың. Көсегең кө­гер­сін! Әкеңнің ха­лыққа сыйлылығы соншалықты, Абыра­лы өңірінде оның атын ешкім атамайды, барлығы «Қаба, Қабеке» дейді. Осындай құрметке бөленген жан бұл төңіректе жоқтың қасы. Сен қалай ойлайсың, көп оқып, көп білім алғанда халықтың алдында әкеңдей абыройлы боламын деп ойлайсың ба?» деп төтесінен сұрақ қойды. Мен мұндай сұрақты күтпеген едім, қатты сасып қалдым. Сонда қария, «Қайда болсаң да адам бол!» деп батасын берді. Қарияның осы сұрағы мен берген батасы мәңгі есімде қалды.

Қазіргі ғаламдану заманында қай елдің болсын ғалымдарын жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беру мә­се­ле­лері алаңдатады. Бұл проблема бізде де бар. Әр ауыл үлкендері ұлтымызға тән, халқымыздың бойында бар мол рухани бай қасиетін жастар бойына сіңіру мәселесін басты назарда ұстаса деймін. Тәрбие ортақ іс болса игі. Тәрбиелі һәм білімді баланың келешегі кемел болмақ.

Қазір Қайнар ауылы өркендеп өсіп келеді. Бұрынғы аудан орталығы болған ауылдарда қолдау бағдарламасы негізінде жоғары талшықты интернет жүйесі орнатылды, орталықтанған ауызсу құбыры тартылып, әр үйге су берілді, Семей-Қайнар тасжолы жөнделді, «Шығыс» бағдарламасы бо­йынша бірқабатты арендалық үй бой көтерді. Қайнар ауылын өркендету мақсатында 2021-2024 жылдарға ар­нал­ған әлеуметтік-экономикалық кешенді жоспар құрылып, осы жоспар аясында спорттық-сауықтыру және ауыл шаруа­шы­лығын дамытуға қажетті кешендер салу жоспарланған.

Қазір мектепте 160 оқушы бар, 35 ұстаз еңбек етеді. Мектеп 3 қабатты үлкен ғимаратта орналасқан, жақсы жаб­дық­талған көптеген оқу пәндері және роботтехника кабинеттері, шеберхана, «Өнер» студиясы, музыка мектебі, мұражай, 50 мыңнан аса кітап қоры бар кітапхана мен спорт залы бар.

Мектеп оқушыларының үлгерімі жақсы, облыстың ауыл мектептерінің ішінде алдыңғы орындарды иеленуде. Соңғы жылдары 100-ден аса оқушы облыстық және республикалық олимпиа­даларда, ғылыми жоба, ән-би және өнер байқауларында, сурет көрмелерінде, спорт жарыстарында жүлдері орындар иеленді.

 

Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ,

Қайнар орта мектебінің түлегі,

Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті