
Таяуда өткен референдумның нәтижесінде билік тармақтары арасындағы құзыреттіліктер айқындалып, тиімді тепе-теңдік орнады. Президент Қ.Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру бағдарламасы бүкіл халық тарапынан қолдау тауып, оны жүзеге асыру басталып кетті. Және бір маңызды факт – биылғы қарттар айлығы республикалық ардагерлер ұйымының 35 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. 16 қыркүйекте облыс әкімі Ермек Маржықпаев «Ақмола облысында қарт адамдар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау айлығын өткізу туралы» қаулы қабылдады және соған сәйкес іс-шаралар жоспарын бекітті. Осындай тиісті шешім аудан, қала әкімдері тарапынан да қабылданды.
Бүгінде облыстық ардагерлер ұйымының құрамында 111 мыңнан астам зейнеткерді біріктіретін 830 бастауыш ардагерлер ұйымы, 3 қалалық және 17 аудандық ардагерлер кеңесі, 7 Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар мен мүгедектер, 1 мыңға тарта соғысқа қатысушыларға теңестірілгендер, 2 529 тыл еңбеккерлері, 900-дей Ауған соғысына қатысқандар, 55 Чернобыль атом электр стансасындағы апатты жоюға атсалысқандар бар. Ардагерлер ұйымдарының жұмысы жүйелі, жоспарлы түрде жүргізілетінін, олар жергілікті атқарушы органдардың ұдайы назарында тұратынын атап өту керек. Әсіресе ардагерлер қауымына деген облыс басшылығының көмегі ерекше. Мәселен, былтыр облыс бойынша қарттар мен мүгедектерге жалпы көлемі 402 млн 288 мың теңгелік материалдық қолдау көрсетілді. Ал тек қана айлық шеңберінде 10 мыңдай адамға 62 млн теңгедей бір мезеттік көмек көрсетілді. Мұқтаж қарттарға 5 млн теңгеден астам қаржыға отын жеткізіліп берілді, дәрі-дәрмек алуға 136,2 мың, тіс протезін салдыруға 160 мың, көмектің басқа да түрлеріне 45 млн теңге жұмсалды. Жол жүруге 1,5 млн теңге, азық-түлік жиынтығымен қамтамасыз етуге 28,5 млн теңге бөлінді.
Соңғы екі жылда коронавирус дерті өмірдің қай саласы болсын, тіпті қай мемлекет болсын қоғам тірлігіне үлкен зардап әкелгені, дәстүрлі жоспарланған дүниелердің көбі жүзеге аспағаны белгілі. Осы ретте ардагерлер ұйымдарының белсенділері өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқаруға тырысты. Эпидемиологиялық күрделі жағдайға қарамастан ардагерлердің құқығын қорғау, оларға қызмет көрсету, жан-жақты қолдау, тегін дәрі-дәрмек алуды ұйымдастыру, басқа да назар аударатын өзекті мәселелерді шешу мақсатында жұмыстың сан түрлі формалары мен тәсілдері қолданылуда.
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесі әкімдікпен, кәсіпорындармен, бизнес-қоғамдастықтармен, халыққа әлеуметтік қызмет көрсету басқармаларымен бірлесіп, жасы ұлғайған қарт адамдарға тегін медициналық көмек көрсету, қаржылай көмек жасау, дастарқан жайып ас беру, концерттер ұйымдастыру іс-шараларын жүзеге асырды. Медицина мекемелерінен қалалық кеңеске қарт адамдардың денсаулықтарын тексеріп, кеңес беру үшін дәрігерлер шақыртылып, «Ашық есік күндері» өткізілді. Мәселен, былтыр жыл бойы олар 2 434 аға ұрпақ өкілдерінің тұрмыс жағдайын зерделеді, 209 зейнеткер санаторийлер мен демалыс үйлерінде денсаулықтарын түзеді.
Облыстық, аудандық, қалалық ардагерлер кеңестері қарттарды әлеуметтік-тұрмыстық қолдау, олардың қоғамдық белсенділігін арттыру ғана емес, жастарды қазақстандық патриотизм мен парасаттылық рухта тәрбиелеу мәселесін де басты назарда ұстайды. Жастармен 213 іс-шара өткізіліп, оған 6 511 адам қатысты. 29 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 2 327 адам қатысты. Бүгінде облыс бойынша 175 қоғамдық музей, 142 ардагерлердің көркемөнерпаздар ұжымдары жұмыс істейді. Ардагерлер ұйымдары жергілікті билік органдарына сүйене отырып, аға буын өкілдерінің мұқтаждарын қанағаттандыру ісімен жыл бойы айналысатынын айтқан ләзім.
Көкшетау қаласының, бірқатар ауданның сауда нүктелерінде халықтың тұрмысы төмен топтары үшін арнайы әлеуметтік сөрелер ашылып, жұмыс істейді. Целиноград, Ерейментау, Ақкөл және басқа да аудандарда тұрмыс деңгейі төмен отбасылары арзан бағалы отынмен қамтамасыз етіледі.
Әдетте қарттар айлығының басты ұстанымы – «Ешкім де назардан тыс қалмайды». Сол себепті іс-шаралардың бәрінде жасы ұлғайған адамдар барынша қамтылады. Мысалы, былтыр облыстағы ардагерлер ұйымдары 1 522 қоғамдық шара өткізді.
Сол сияқты 44 тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді, 2 251 адамға коммуналдық қызмет көмегі көрсетіліп, 13 332 адамға тегін немесе жеңілдетілген дәрі-дәрмектер әперілді, 50 023 адамға қаржылай және басқа да жәрдем берілді. 1 261 іс-шара, 139 дөңгелек үстел отырысын, 372 концерт өткізді, 25 мыңдай азық-түлік пакетін табыстады, 504 зейнеткерге газет-журналдар жаздырды.
Жуырда Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлығы шықты. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына Үндеу жариялады.
Қарттар айлығының аясында республикалық ардагерлер ұйымының Орталық Кеңесі осы маңызды кезеңді лайықты өткізу жөнінде, «Қарттарымызды қамқорлай жүрейік» атты айлық акциясына қатысу туралы үндеу қабылдады. «Бұл күн біздің аға буынға ризашылығымызды білдіріп, шынайы көңіл бөлуімізге мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың қажеттіліктеріне назар аударуға жақсы себеп... Өз елінің патриоты ретінде акцияға бейжай қарамайтын азаматтар жергілікті әкімдіктермен, өңірлік ардагерлер кеңестерімен байланысқа шығып үлестеріңізді қосыңыздар», делінген құжатта. Сөз соңында қарттар қауымы осыған дейін болғандағыдай қоғамның жан-жақты назарында тұратынына, оған зор құрмет пен қолдау көрсетіле беретініне сенім мол екендігін айтқым келеді. Аға ұрпаққа мықты денсаулық, өмірдің, ұрпақтарының қызығын көре беруді тілейміз.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,
Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы
КӨКШЕТАУ