Театр ұжымы «Шер-Хан» атты жаңа спектакльді жергілікті жұртшылықтың назарына ұсынды. Дарабоз қаламгердің тағдыр-талайынан сыр шерткен жаңа қойылымды өңір басшысы Нұржан Нұржігітов қала тұрғындарымен бірге тамашалады.
Жаңа спектакльдің қоюшы режиссері әрі инсценировка авторы, Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов болса, қоюшы-суретшісі Мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмақұлов.
Спектакльде ұлтжанды жазушының тауқыметке толы балалық шағы, «халық жауының» ұрпағы ретінде бастан кешірген қиындықтар, соғыс кезінде тартқан тауқыметі, өр тұлға ретіндегі өнегелі жолы мен жанкешті еңбегі актерлік ансамбльдің шеберлігі арқылы жұртшылықтың жүрегіне жол тапты.
Шерағаның рөлін сомдаған Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жүніс Әлімбеков өзіне жүктелген міндетті сәтімен орындағаны даусыз. Ол Шерхан Мұртазаның образын қаз-қалпында сомдап, көрермендерді тәнті етті. Қысқасы, бала Барысханнан бастап, дарабоз Шерханның соқтықпалы соқпаққа толы жолы түгел қамтылған жаңа қойылым көрермен қауымға ұнады. Содан да болса керек, бекзат өнерге аңсары ауған тараздықтар екі күн бойы театрға ағылып келіп жатты.
ТАРАЗ