Спорт • 04 Қазан, 2022

Көңіл құлазытқан көрсеткіш

230 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Волейболдан Нидерланд пен Польшада өтіп жатқан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының алғашқы кезеңі аяқталды. С тобындағы Қазақстан құрамасы аталған мемлекеттердің Арнем және Лодзь қалаларында өнер көрсетті. Өкінішке қарай, барлық кездесуінде ойсырай ұтылған жерлестеріміз жарыс кестесінде ең соңғы орында қалып қойып, өз жанкүйерлерін жерге қаратты.

Көңіл құлазытқан көрсеткіш

Тарқатып айтсақ, тұсаукесер кездесуде біздің қыздар Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында жүлделердің толық жиынтығын жеңіп алған әйгілі АҚШ құрамасынан ұтылды. Екінші ойын­да Еуропа біріншілігінің төрт дүркін жеңімпазы Германияға есе жіберді. Үшінші бәсекеде Панамерика ойындарының қола жүлдегері Канада қапы қалдырып кетті. Одан кейін әлем және Еуропа чемпионы, Олимпия ойындарының күміс жүл­дегері Сербия сан соқтырды. Соңғы са­йыста Мәскеу Олимпиадасының қола жүл­дегері, құрлық чемпионы Болгария бет қарат­пады. Бұл кездесулердің барлығы да 0:3 есебімен аяқталды. Ең өкініштісі, Қазақстанның волейболшылары бірде-бір партияда жеңіске жете алмады. Бұл – қыздарымыздың әлем чемпионаты тарихындағы ең нашар көрсеткіші.

Аталған жарыста барлығы 24 команда өнер көрсетуде. Олар алты-алтыдан төрт топқа бөлінді. Бұл бәсекелер мынадай нәтижелермен аяқталды: А тобы – Италия (15 ұпай), Бельгия (9 ұпай), Нидер­ланд (9 ұпай), Пуэрто-Рико (6 ұпай), Кения (3 ұпай) және Камерун (0 ұпай). В тобы – Түркия (11 ұпай), Доминикан Рес­пуб­ликасы (11 ұпай), Таиланд (10 ұпай), Польша (10 ұпай), Оңтүстік Корея (3 ұпай) және Хорватия (0 ұпай). С тобы – Сербия (14 ұпай), АҚШ (12 ұпай), Канада (8 ұпай), Германия (7 ұпай), Болгария (4 ұпай) және Қазақстан (0 ұпай). D тобы – Қытай (12 ұпай), Жапония (12 ұпай), Бразилия (12 ұпай), Аргентина (5 ұпай), Чехия (3 ұпай) және Колумбия (1 ұпай).

Әр топтың үздік төрт командасы екін­ші айналымға өтті. Енді олар екі топқа бөлініп, екінші кезеңде күш сынасуда. Бұл сынақтан іркілмей өткен ең мықты сегіз ұжым плей-оффқа жолдама алады. Ши­рек финалдық сайыстар 11 қазанда өтсе, екі күннен соң жартылай финалдық бәсе­келерді тамашалаймыз. Ал биылғы әлемдік доданың жеңімпаздары мен жүл­дегерлері 15 қазан күні анықталады.

Тарихқа үңілсек, әйелдер арасындағы әлем чемпионатының тұсауы сонау 1952 жылы Мәскеу қаласында кесілген екен. Со­дан бастап, тоқсаныншы жылдардың басына дейінгі кезеңде ең көп олжаға кенелген КСРО құрамасы. Олар аталған мер­зім аралығында өткен 11 доданың бе­сеуінде (1952, 1956, 1960, 1970, 1990 жыл­дары) дара шықса, сонымен қатар екі күміс пен бір қола медаль еншіледі. Бір айта кетерлігі, 1970 жылы Болгарияда өткен жарыста бас жүлдені олжалаған команданың сапында 22 жастағы Нина Смолеева өнер көрсетті. Ленинград об­лы­сында дүниеге келген болашақ жұл­­дыздың балалық және жастық шағы Алматыда өткенін көзі қарақты жан­күйерлер жақсы біледі. Жергілікті АДК клубы сапында шеберлігін шыңдаған Нина уақыт оза одақтың беткеұстар во­лейболшыларының біріне айналды. Дәл сол Смолеева 1978 жылғы чемпио­натта да ойнады. Сол жылы кеңес одағында жалауы желбіреген жарыста жергілікті команда қола медальды қанағат тұтты. Одан бөлек, Нина Смолееваның Мехико мен Мюн­хен Олимпиадаларының жеңімпазы, Мон­реаль Олимпиадасының күміс жүл­деге­рі, Әлем кубогінің иегері және Еуро­паның төрт дүркін чемпионы деген атақтары бар.

1990 жылы КСРО құрамасы тағы да теңдессіз деп танылды. Қытайда шымыл­дығы түрілген жарыста 25 жастағы Еле­на Чебукина жасындай жарқылдады. Ол – Балқаш қаласының тумасы. 1983-1991 жылдар аралығында Елена АДК-нің намысын қорғады. Жерлесіміз Сеул Олимпиадасының жеңімпазы, Барселона Олимпиадасының күміс жүлдегері, Әлем кубогінің иегері, Еуропа біріншілігінің үш дүркін жеңімпазы және төрт дүркін қола жүлдегері атақтарын иеленді.

Жапония құрамасының да қарқыны өте күшті болды. Олар дүниежүзілік до­даларда үш мәрте (1962, 1967, 1974) да­ра шықты. Сол жарыстардың екеуінде Күн­­шығыс елінің қыздары КСРО-ны қапы қалдырса, тағы біреуінде АҚШ-тан айласын асырды. Қытай екі рет (1982, 1986) және Куба бір рет (1978) чем­пион­дық тұғырға көтерілді. Ал кеңес одағы келмес­ке кеткеннен кейін нақты бір коман­даның айқын басымдығы байқалған жоқ. Алғаш­қы екі жарысты Куба құрамасы ұтты. Бостандық аралының бұрымдылары 1994 және 1998 жылдары алдарына жан салмады. 2002 жылғы жарыста Италия жеңімпаз атанды. 2006 және 2010 жылдары Ресей топ жарды. 2014 жылы АҚШ-тың арулары алтыннан алқа тақты. Ал 2018 жылы Сер­бияның шоқтығы биік болды. Соңғы дүниежүзілік доданың жартылай финалында Нидерландты (3:1) сан соқтырған серб­тер финалда Италиядан (3:2) басым түсті.

Қазақстан құрамасы жер-жаһанның ең үздіктері жиналған дүбірлі додада бес мәрте бақ сынады. 2006 жылы Жа­по­­нияда С тобында ойнап, алты коман­да ара­сында бесінші орын иеленді. Біз­дің қыздар АҚШ (2:3), Бразилия (0:3), Пуэрто-Рико (1:3) және Нидерландқа (2:3) есе жіберіп, Камерунды (3:0) қапы қал­дыр­­ды. Қорытынды есепте 24 команда ара­­сынан 17-орынды иеленді. 2010 жылғы жа­рысты да Жапония қабылдады. Бұл жолы бес бәсекенің барлығында жеңілістің кер­мек дәмін татып, 21-орынды қанағат тұт­тық. Күншығыс елінде АҚШ (0:3), Гер­мания (0:3), Куба (2:3), Таиланд (1:3) және Хорватия (0:3) волейбошыларының оңай олжасына айналдық. 2014 жылы Ита­лияда екі кездесуде жеңіске жетіп, соның арқасында 15-сатыға табан тіредік. Апен­нин түбегінде Таиланд (3:0) пен Мек­сиканы (3:0) ұтқанымызбен, АҚШ (0:3), Ре­сей (0:3), Нидерланд (0:3), Бра­зилия (0:3), Сербия, (0:3), Болгария (0:3) және Түр­кияға (0:3) жол бердік. 2018 жылы жапон жерінен жанарымызбен жер шұ­қып қайт­тық. Бұл жолы Бразилия (0:3), Сер­бия (0:3), Доминикан Республикасы (0:3), Пуэрто-Рико (0:3) және Кениядан (0:3) ой­сырай ұтылдық. Ал биылғы жарыс­та қан­дай нәтиже көрсеткенімізді жоға­рыда айттық.