Саясат • 05 Қазан, 2022

Астана-Мадрид: Сенімді саяси серіктестік

86 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед Испанияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хорхе Урбиоламен кездесті.

Астана-Мадрид: Сенімді саяси серіктестік

Сенатор өз сөзінде Қазақстан мен Испанияның стратегиялық әріптестігі деңгейінің жоғары екенін айта келіп, Астана мен Мадрид арасында екіжақты қатынастар мен халықаралық саясаттың барлық саласында өзара толық түсіністік қалыптасқанын атап өтті.

«Парламентаралық ынтымақтастық бойынша жақсы нәтижеге қол жетіп келеді. Қазақстан Парламентінің екі палатасында да Испаниямен ынты­мақ­тастық жөніндегі топтар жұмыс істейді. Мен Сіздің еліңізбен ынты­мақ­тастық жөніндегі Сенаттағы топтың жетекшісімін. Біздің депутаттар халық­аралық ұйымдар, атап айтқанда, Парламентаралық Одақ және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы аясында испан әріптестерімен қарым-қатынасты дамытуға ниеттеніп отыр», деді депутат.

Мұхтар Құл-Мұхаммед Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға тоқта­лып, алдағы кезектен тыс президенттік сайлау туралы хабардар етті. Сенатор елі­мізде жүргізіліп жатқан ауқымды жұ­мыстар барлық азаматтарды демо­кратиялық трансформация идеясы төңірегінде біріктіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Хорхе Урбиола өз кезегінде екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығай­тудың маңыздылығын атап өтті және мемлекеттер арасындағы диплома­тиялық қатынастар орнаған сәттен бас­тап 30 жыл ішінде Қазақстан өзін се­нім­ді саяси және экономикалық әріп­тес ре­тінде көрсетіп келе жатқанын жеткізді.

Тараптар кездесу барысында Қа­зақстан мен ЕО-ның кеңейтілген әріптестігі мен ынтымақтастығы туралы келісімді іске асыру жөніндегі бірлескен жұмыстарды талқылады. Атап айтқанда, «жасыл» экономикаға көшу, сауда және инвестициялар, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, сондай-ақ климаттық өзгерістер сияқты бағыттардағы ынтымақтастықтың маңызы зор екені айтылды.