Экономика • 05 Қазан, 2022

Теміржол машинасын жасаудың жаңа кезеңі

295 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ел Үкіметінің қолдауымен Қазақстан машина жасаушыларының мерейтойлық X форумы аясында «Отандық вагон жасауды дамыту» тақырыбында секциялық отырыс өтті.

Теміржол машинасын жасаудың жаңа кезеңі

– Мемлекет басшысының Жол­дауында отандық теміржол маши­насын жасауды дамыту қажет­тілігі атап өтілді. Бұл аралас са­лаларды: металлургияны, өндіру­ші өнеркәсіпті дамытуға және ең бас­тысы, теміржол тасымалын тұрақты қамтамасыз етуге мульти­п­ликативті әсер береді, – деп атап өтті «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бас инженері Батыр Котырев.

Еліміздің вагон жасау кешенін дамыту міндеттерін талқылау үшін спикерлер ретінде саланың негізгі өкілдері шақырылды. Модельдік қатарды кеңейту және өндірістік алаңдарды қайта жарақтандыру үшін жүк вагондары паркінің иелерін де, өндірушілерді де шоғырландыруды талап ететін негізгі паркті жаңартудың ұзақ мерзімді стратегиясы атап өтілді.

Секциялық отырыста ағым­дағы жағдайды, даму жоспар­лары мен перспективаларын ашып көр­сететін баяндамалар тыңдалды. Өндіру­шілер техникалық параметрлері жақсар­тылған жүк вагондарының жаңа модельдерін өндіруді игеру пайымдарымен, жүк вагондары мен тежегіш жабдықтарға арналған құзыреттілік орталықтарын құру ниеттерімен бөлісті.

Қатысушылардың пікіріне ден қойсақ, отырыс сала өкілдері үшін тиімді диалог алаңына айналды. Іс-шара қорытындысы бойынша саланы дамытуда пәрменді шаралар әзірлеу, сондай-ақ лизингтік компаниялармен, вагон өндірушілермен және операторлармен жүк вагондары паркін жаңарту бойынша қаржы құралдарын әзірлеу туралы дөңгелек үстел ұйымдастыру мақсатында вагон жасаудың 2030 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу қажеттігі туралы ұсынымдар берілді.

Секциялық отырыс қоры­тын­дысы бойынша бірлескен құжат­тарға, ынтымақтастық туралы мемо­рандумдарға қол қойылды.

Сонымен қатар шара барысында сала қызметкерлерін «Құрметті машина жасаушы» белгілерімен және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның 25 жылдығына арналған мерейтойлық медальдармен марапаттау рәсімі өтті.