Мазмұнды іс-шара аталған кітапхананың «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық жобасы аясында Корея Республикасының Қазақстандағы елшілігінің Корей мәдени орталығы және Данкук универ-
ситеті жанындағы Сок Джусон атындағы мемориалдық музейі, сондай-ақ Корея Республикасының мәдениет, спорт және туризм министрлігі мен Корей халықаралық мәдени алмасу қоры бірлесіп ұйымдастырды.
Көрменің ашылуында Тұңғыш Президент кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат биыл Қазақстан мен Корея мемлекеті арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына отыз жыл толғанын айта келіп: «Корея республикасы – еліміздің сауда-экономикалық қана емес, мәдени және рухани байланысы дамыған сыртқы саяси серіктесіміздің бірі. Екі халықтың достығы өткен ғасырдың 30-40 жылдарындағы ашаршылық, жер аудару және саяси қуғын-сүргін секілді қиын-қыстау кезеңнен бастау алып, сол күндері бір-біріне қол ұшын созды. Биыл елімізде Балалар жылы жарияланды, соны да ескере отырып, осы көрмені өткізіп отырмыз», деп атап өтті.
Одан кейін сөз алған еліміздегі Корея Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Ку Хонг-сок екі мемлекеттің 30 жылда қалыптасқан достығы мен алдағы 30 жылдағы тығыз ынтымақтастығын нығайту мақсатында биыл Қазақстан мен Корея арасында «Мәдени алмасу жылы» жарияланғандығын жеткізді.
«Бүгінгі көрмені Дүниежүзілік балаларды қорғау күнінің 100 жылдығы мен Қазақстанда Балалар жылы аясында ұйымдастырып, қазақстандықтарға корейдің дәстүрлі балалар киімдерін ұсынып отырмыз.
Балалар – әр отбасының қуанышы мен үміті ғана емес болашағымыз. Ұсынылған экспозициялар корей мәдениеті мен дәстүрінің сұлулығын сезіндіреді деп сенемін», деді елші.
Көрмеге Корей дәстүрлі балалар киімдерінің артефактілері мен репродукциялары және XVIII-XIX ғасырларда ата-аналар өз балаларына арнап тіккен киімдері мен жасаған құрал-жабдықтары қойылды. Осы жәдігерлер корей ата-аналарының өз балаларына деген махаббаты мен қамқорлығын, үміті мен сенімін айшықты көрсете алды. Сондай-ақ іс-шара аясында «кымгван» және «хвагван» атты корей дәстүрлі бас киімдерін дайындау құпиясын білгісі келгендерге шеберлік сабағы ұйымдастырылды.