Ресейліктердің шекарадан іркес-тіркес өткенін Өскемендегі халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы ұзын-сонар кезектен байқауға болады. Бірақ Ресей азаматтары үшін арнайы бір терезе қызмет көрсетіп тұр. Бардық, көрдік, шекара асып келген азаматтармен тілдестік. Алайда ХҚО басшылары қандай да мәлімет беруден бас тартты.
Алғашында кезекте тұрған азаматтар журналистермен сөйлесуге ниет білдіре қоймаған. Әрине, соғыстан қашып, шекара асып кеткен соң ертеңгі күні сұрауы бар деп қауіптенетін шығар, кім білсін?! Десе де, іштерінен суырылып шығып, өз ойларын ашық айтқандар, соғысқа қарсылықтарын білдіргендер де болды. Өздері қашып жүргенімен, Ресей басшылығының саясатына сырттай қолдау білдіргендерді де құлағымыз шалды.
– Бізді қашып келді деп айыптап жатқандарды білеміз. Бірақ мынаны түсінсе екен деймін; біз Отанды тастап қашып келген жоқпыз. Бірақ бұл қақтығысқа қатысқымыз келмейді. Қараңыз, кезекте тұрған анау жастар қолдарына қару ұстап көрмеген. Ертең соғысқа кірсе, өледі де қалады. Егер, Отанға қауіп төнсе, әңгіме басқа, – дейді Иван Гаврилов.
Көпшілігі пікір білдіргенімен, аты-жөндерін жазбауын сұрады. Ал Мәскеуден Новосібірге ұшып, одан Өскеменге табан тіреген И.Гаврилов ойын ашық айтып қана қойған жоқ, тарихтан орағытып келіп, саясатты да талдап берді. Оның ойынша, бұл соғыста болып жатқан әділетсіз әрекеттер көп. Елге керегі – бейбіт өмір, тұрақтылық.
– Шынымды айтсам, Өскемен деген қаланың барын білмеппін. Жарлық шыға сала ұшаққа билет алдым. Былайша айтқанда, басым ауған жаққа кетуім керек болды. Ең бастысы, соғысқа бармасам деп ойладым. Сөйтіп, Новосібірге ұшып келдім. Одан автобусқа мініп, Өскеменге тарттым. Жолым болды. Автобекеттен Өскеменге деген соңғы билет маған бұйырыпты, – дейді ойын бүкпесіз жеткізген Иван Гаврилов.
Ал Новосібір қаласының тұрғындары Кирилл мен Оксана мобилизациялау туралы жарлық шыққан соң артынып-тартынып, жеке көліктерімен Өскеменді бетке алған. Олар да Отанын амалсыз тастаған. Соғыс оты сөнсе, кері қайтуымыз мүмкін деседі.
– Егер Отаныма қауіп төнсе, бірінші өлуге әзірмін. Ал дәл қазіргі жағдайда не үшін соғысқаныңды, не үшін өліп қалғаныңды білмейсің ғой. Кейін, елдегі жағдай тынышталса қайтып ораламыз, – деп түсіндірді Кирилл.
Иә, ресейлік азаматтардың кейбіреуі жағдай тұрақталса, оралатындарын ашық айтты, енді бірі Еуропа елдеріне барып тұрақтаймыз деп кесе сөйледі.
Халыққа қызмет көрсету орталығында түске қарай ресейліктердің қарасы көбейе берді. Мобилизациялау туралы жарлық шыққалы қанша азамат Шығыс Қазақстанға өтті деген сұраққа көші-қон полициясы қызметкерлері басшылығының келісімінсіз жауап беруден үзілді-кесілді бас тартты. Полиция департаментінің баспасөз қызметі де аталған сұраққа жедел жауап бере қойған жоқ, жан-жақты ойланып барып жауап жолдаған сияқты. Департамент мәліметіне сүйенсек, «Үбі Авто» шекара бекеті мен «Өскемен» әуежайы арқылы 8 629 шетелдік азамат келген. Олардың 5 935-і Ресей азаматтары. Бұл – 28 қыркүйекке дейінгі дерек.
Сонымен қатар облыс аумағында 684 жалдамалы пәтер тіркелсе, онда Ресей Федерациясының 11 азаматы тұрып жатыр. Облыстың қонақүйлеріне 458 ресейлік азамат орналасқан. Оның 28-і Шемонаиха ауданында, 67-сі Риддерде, 363-і Өскеменнің қонақүйлерінен орын тапқан.
Тарқатып айтсақ, дәл қазіргі уақытта Ресей Федерациясынан 8 450 адам облыс аумағында тұрып жатыр. 4 972 азамат облыста тұрақты тұрады. Ал 1 737 ресейлік уақытша тұрақтаған. Қалған 1 741-і хабарлама бойынша. Полиция департаментінің ҰҚК шекара қызметінің ақпаратына сүйене отырып, жолдаған статистикалық деректері осы.
Құжынаған цифр өз алдына, осыншама ресейлік азаматтардың келуі – пәтер бағасының өсуіне әкеліп соқты. Иә, баға шарықтады. Хабарландыру сайттарын парақтап отырсақ, екі бөлмелі пәтерақының бағасы 400 мың теңгеге дейін жеткен. Айына 400 мың теңгені әр өскемендік ағайынның қалтасы көтермейді.
– Ресей мен Украинаның арасындағы жағдай кімді болсын алаңдатып отыр. Ал елімізге келіп жатқан Ресейдің азаматтарына шектеу қоя алмаймыз. Керісінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткендей, қамқорлық көрсетуіміз керек. Бізге керегі – береке-бірлік. Тек, пәтерақының негізсіз қымбаттап жатқанына тоқтау салуымыз керек. Әйтпесе, пәтерден пәтерге көшіп жүрген жас отбасылар үшін қиын. Жатақханаға сыймай қалған студенттер қанша?! – дейді саясаттанушы, қоғам белсендісі Әділ Сайлаубек.
Шығыс Қазақстан облысы