Пікір • 06 Қазан, 2022

Жолды жөндеу экономикаға серпін береді

102 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ел Президентінің қазыналы Қарағанды өңіріне келіп, өлке экономикасына, әлеу­меттік саласына тоқталып, бірнеше нақты тапсырма беруі – өңір дамуына серпін берері күмәнсіз. Өйткені жұртшылықпен кездесуі барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысын дамытудың нақты тетіктерін атап көрсетіп, Үкімет пен облыстық әкімдікке тапсырмалар берді.

Жолды жөндеу экономикаға серпін береді

Соның ішінде Қарағанды облысының тран­зиттік әлеуетін арттыруға арналған тапсырмалары, көлік коммуникациясын дамытуға байланыс­ты міндеттері мен межелері тұщымды.

Баршаға мәлім, Қарағанды облысы территориясы ауқымды, еліміздегі үлкен облыс. Өңір транзиттік жолдар тоғысында тұр. Сол себепті де жолдардың жағдайы халықты қатты алаңдатады. Әсіресе қасиетті Қарқаралы, мыс мекені Жезқазған жолының сапасы сын көтермейді. Аталған жол­дарға Президенттің назар аударуы ондағы күрделі де күрмеулі мәселені шешпек. Тіпті Үкіметке Қарағанды-Қарқаралы тас жолын екі жыл ішінде салу туралы тапсырмасы аймақ экономикасын ілгерілетуге әсер етері даусыз.

Біз расымен өңірлік туризмді дамытамыз десек, ең алдымен көлік жолдарының жөнделуіне баса мән бергеніміз жөн. Себебі бұл мәселенің оң шешілуі аймақ экономикасының өсуіне септігін тигізеді. Сонымен қатар Президенттің ірі кәсіпорындардың мемлекет алдындағы жауап­кершілігін күшейту туралы сөзі бұқараның көкейінен шыққаны даусыз. Осы бағытта ел Пре­зи­дентінің «Қуатты өңірлер – ел дамуының драй­вері» деген ұстанымы өте дұрыс.

Сондай-ақ ғалым ретінде, оқу орнында ұзақ жылдар еңбек еткен ұстаз ретінде маған Мемлекет басшысының өңірлік университетті дамыту туралы бастамасы ұнады. Оқу орындарының жанынан зертханалар ашуға қамқорлық танытуы да қуанарлық жаңалық. Мұндай кездесулер Президент пен халық арасындағы байланысты нығайта түседі.

 

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,

Е.А.Бөкетов университетінің ректоры, академик