Пікір • 06 Қазан, 2022

Жаңғырту жұмыстары жалғасады

64 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары барысында жергілікті жұртшылықпен кездесіп, өңірді дамытудың басым бағыттарына тоқталды.

Жаңғырту жұмыстары жалғасады

Екібастұз – еліміздің энергетикалық орталығы. Мұнда бүкіл Қазақстандағы энергияның 40 пайызы өндіріледі. Көмірлі шаһардағы ГРЭС-1 және ГРЭС-2 стансалары Қазақстанның бір­тұтас электр энергетикалық жүйесінің солтүстік және оңтүстік аймағының негізгі энергия көздері болып саналады. Аталған стансалар әлдеқалай «түшкірер» болса, өзге нысандардың «тұмаура­тып» қалатыны да сондықтан. ГРЭС-1 кәсіп­орнының бір ғана энергоблогінің тәуліктік өндірісі (9,7 млн кВт/сағ) Көкшетау қаласын 24 сағат бойы жарықпен қамтамасыз етуге жетеді екен. Стансалардың қаншалықты маңызды екенін осыдан-ақ аңғара беріңіз. Ал мұнда әрқайсысының қуаттылығы 500 МВт болатын 8 энергоблок (әзірге жетеуі қатарда) жұмыс істейді. Осыдан кейін павлодарлық кәсіпорындар электр энергиясының доноры екеніне ешкім шүбә келтіре қоймас. Мұның шарапатын көрші мемлекеттер де сезініп отырға­нын атап өткен жөн.

Екібастұз қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленіп, ел Үкіметінің араласуымен қомақты инвестиция тартылғаны белгілі. Шаһарды гүлдендіру һәм түрлендіру үшін салалардың барлығы қамтылған. Оның ішінде энергетика алдыңғы қатарда тұр. Энергетика бағытында кәсіпорындардың жеке қаражаты есебінен 2 инвестициялық жоба жүзеге асады деп жоспарланып отыр.

Осы орайда Мемлекет басшысы Екібастұздағы кәсіпорындардың әлеуетін ерекше атап өтіп, жаңғырту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Электрэнергетикалық жүйе­мен қатар, көмір өндіру бағытында тың тетіктерді іске қосуды айтты. Пав­лодар облысының, соның ішінде екібастұздық кәсіпорындардың әлеуеті зор екенін ескерсек, жоспарланған жобалар нәтижелі жүзеге асады деген сенім мол.

 

Серік СӘДУАҚАСОВ,

Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры