Саясат • 06 Қазан, 2022

Ел мүддесін көздеген құжат

184 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Amanat партиясы Алматы қалалық филиалы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәде­ниетті дамыту жөніндегі Miras қоғамдық кеңесінің мүшелері партияның жаңа саяси тұғыр­намасы жобасының мәні мен мазмұнын талқылады.

Ел мүддесін көздеген құжат

Amanat партиясы Алматы қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қайрат Бисембаев тұғырна­ма­да Қазақстанның басты қоға­м­дық күшінің болашаққа деген көзқарасы, даму бағдарлары, ұстанымдары мен саяси мақсаттары қамтылғанын атап өтті. Оның айтуынша, партияның жаңа идеологиялық құжаты адамның, қоғам мен мемлекеттің үйлесімді дамуы, олардың өзара қарым-қатынасы принципіне құрылған.

Ал Алматы қалалық мәслихатын­дағы Amanat-тың депутаты Бекбол Рама­зан тұғырнаманың «Азаматтық қоғам – дамудың кепілі» тарауына ерек­ше тоқталды. «Осы тарауда «Жас­тар – ел болашағы. Біз белсенді азаматтық ұстанымы бар жаңаша ойлайтын жастардың тың идеяларын әрқашан қолдаймыз» делінеді. Тұғырнамада өскелең ұрпақ мәселесіне айрықша мән беріліп отырғанына өз басым ерекше қуанып отырмын», деді депутат.

Бұл ретте кеңес мүшесі, Ұлттық ғы­лым академиясының академигі Ханкелді Әбжанов маңызды құ­­жатта көрініс тапқан ұлт саулығы мәсе­лесіне мән берді. «Елімізде дәрігер маман­ның тапшылығын көріп отырған елді ме­кен­дер бар. Кемі 500 адам тұрып жатқан ауыл­дық жерлерде міндетті түрде дәрі­гер болуы керек», деді академик.

Өз кезегінде, кеңес төрағасы Қарагөз Сүлейменова жаңа саяси тұғырнама партия мүшелері, сарапшылар, ғылыми және шығармашы­лық зиялы қауым өкілдері, белсен­ді азаматтар бірлесе талқылаған пікірталастың нәтижесінде пайда болғанын жеткізді.

«Партия әрқашан қоғамдық-саяси про­цестердің бел ортасынан табыла­ды. Мұнда түрлі пікір мен көзқарас­қа орын бар. Сондықтан тұғырна­маны әзірлеген жұмыс тобы партия мүше­лері жолдаған мыңнан астам ұсыныс­ты назарға алды», деп Қарагөз Сүлей­менова отырысты қорытындылады.