Саясат • 06 Қазан, 2022

Кемедегінің жаны бір...

868 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

«Малыңды жауға,
Басыңды дауға
Қор қылма, қорға, татулас!»

Абай

Кемедегінің жаны бір...

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Дүние тынышсыз...

Пандемияның құрығынан енді шық­­тық па деген жер шары екіге қақ айырылып, есі – екеу, түсі төртеу күй үстінде тұр.

Басы қазақтың Ұлы даласын дір еткізген қаңтардың қанды қыр­ғы­ны­мен басталған жиырма бірінші ғасыр­дың жиырма екінші жылы тамырын ғасырлар қойнауынан алатын Батыс пен Шығыстың жаңа тұр­патты сұрапыл текетіресіне жал­ғасты. Адамзат ойы мен санасына сал­мағын батпандап салған осынау жү­рек түршігер ғаламдық арбасулар аймақ­тық қақтығыстар алаңынан шығып, Еуразияның өрі мен төрін еркін кезуі, соғыс өртінің ұлғая түсуі, Украинаның қалалары мен орман-тоғай­ларының ажал алқабына айналуы адамзат баласын алаңдатып отыр.

Түлеген сана мен өзгерген құнды­лықтар...

Алты құрлықты әлекке салып, мил­лиардтардың жүрегін үреймен тұм­шалаған қан-қырғынның шалығы тиген елдердің қатары көбеюде... Соғыс майданы ақпарат майданына жал­ғасып, санкциялар қырқысының беті қайтар емес. Күні кеше екпіні елді есең­гірет­кен Еуроодақтың жалы құлап, «қыстан қа­лай шығамыз?» деген уайым қорығы­на қамала бастады... АҚШ Украинаға қару-жарақ беруін доғарар емес. Ресей шектеулі мобили­зациясын жариялады... Бас-көз демей Украинаның төрт облысын өзіне қосты...

Геосаяси ахуалдардың шамадан тыс күрделеніп, ушығып, тамырын тереңге жібергені, қанатын кеңге жайғаны соншама, саясат дейтін сылқым мінезді кәрі қыздың ашпайтын есігі, баспайтын төрі, жүрмейтін жері, шықпайтын өрі, айт­пайтын сөзі қалмады... Өрескелдік пен өркөкіректіктің онсан үлгісі өсек пен есеп­тің қара көрігін күн-түн үрлеп бағуда...

Ұрпақ санасы арсыздықтың тұт­қыны болуға айналғандай...

Адамзатқа тән ортақ өкініш – Осы!

Жер есімді планетада тұратын жеті жарым миллиард жұмырбас пенде­нің тағдыр-талайын ойыншыққа айнал­дырғысы келетіндердің жаңа дәуірі, айтуға ауыз барар емес, соғысқұмарлар дәуірі басталған сыңайлы?!.

Тұманы мен күмәні қалың дәуір!

Осындай аса күрделі, аумалы-төкпелі кезеңде ел Президенті Қазақстан халқына өзінің кезекті дәстүрлі Жолдауын арнағалы айдан асты. Әділетті Қазақстанның іргесін бекітіп, мақсат-мұратын анықтап, дәйек­теу бағытында, әрі қалыптасып отырған әлемдік қиындықтар мен қауіп-қатерлерден елімізді аман алып өту үшін Жолдауда атқарылар нақты шаралар мен ұсыныстар айтылды.

Бір айдан астам уақыттан бері ха­лық талқысына түсіп, жұртшылық тара­пынан кең қолдау тапқан тарихи құ­жат­та ел ертеңін анықтар бағыт-бағ­дарлар белгіленді. Президент даму­дың жаңа ке­зеңіне аяқ басқан Қазақ­стан­ның болашағы халқымыздың өз қо­лында екеніне баса назар аударды. «Хал­қымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса ма­ңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаң­ғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс. 

Біз «Азамат-бизнес-мемлекет» ара­сын­дағы қатынасты түбегейлі өзгерте­міз. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бір­дей мүмкіндік беріп, әділдік орната­ды... Мемлекет экономикалық еркіндікті қол­­дайды. Бірақ халықты нарық тұрақ­сыз­дығының ықпалынан барынша қор­ғайды. Шағын және орта бизнесті мейі­лінше ­дамытады...» дей отырып, ол осы бағыт­та жүргізілер реформалардың нақ­ты бес бағдарын ұсынды.

Олар мыналар:

Бірінші: Жаңа экономикалық саясат.

Екінші: Нақты секторларды дамыту.

Үшінші: Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция.

Төртінші: Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту.

Бесінші: Заң және тәртіп.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынып отыр­ған әр бағдар төркінінде, сайып келген­­де, ел өмірі мен тағдырын оң жолға салу­дың, халық ойын мазалаған әлеуметтік, тұрмыстық қиындықтар мен саясатта кеткен ақаулықтарды, теңсіздіктер мен жүгенсіздіктерді шешудің жолдары мен жоспары тұр. Президент осыған дейінгі әлемдік тәжірибеде өз өміршеңдігін дә­лелдеген, жүйелі түрде жүргізіліп, онсан елдер­дің әлеуетін күшейткен, әлеуметтік қиын­дықтарды шешуге мүм­кіндік берген өмір сүру мен тұрмыс-тір­шілікті оңай­латудың оң үлгілерін ескере отырып, Қазақстанды қалыптасқан күрделі, тарихи ахуалдар қорығынан алып шығудың саяси-экономикалық жолдарын ұсынып отыр. Өткеннің ащы сабақтарын ескеру – ел ­дамуына ықпал етер бірден-бір өмірлік фактор екенін ұмытпауымыз керек.

Өйткені...

Ол жады – мәңгілік айнасы.

Халық өз басынан өткен тарихтың тағдырлы сын сағаттарын есінен шығар­майды. Жақсысын да, жаманын да, ауырын да, жеңілін де ұмытпайды. Әр ұрпақ өзі өмір сүріп, өзегін өртеген өмір, ақиқаты мен уақыт шындығын көкірегінде тұмардай түйіп, кейінгіге жеткізеді. Біздің ұрпақ бүгінгі екі ғасыр тоғысында ғұмыр кешіп, ұлтты сақтау мен қорғаудың ұлы міндеті иығына түскен, ел болып қалудың ауыр сындарын өткеріп жатқан ұрпақ!

Біз – Тәуелсіздіктің қадірі мен қасие­тін білетін ұрпақпыз!

Тәуелсіздік арқауы – халық.

Халқының тағдыр-талайын мансап пен байлыққа жетудің көпірі етуден асқан қауіпті нәрсе жоқ. Жаһандану дәуірі кеңестер одағының орнында пайда болған тәуелсіз елдерге осы психологияны күндіз-түні тықпалаумен келеді... Бұл – бір ұлттың екінші бір ұлтты қарудың күшімен бағындырудан да қауіпті, экспансияның айлалы, қатерлі үлгісі! «Мылтықсыз майдан» ашқандардың кіші ұлттардың ақылы мен санасын, жаны мен жүрегін жаулаудың жолы! «Жаһандану заманында айдай әлем алақандағыдай болып қалған» (Қасым-Жомарт Тоқаев) жиырма бірінші ғасырда ұлтты, ұлттық құндылықтарды «көздің қарашығындай» сақтаудың аса қажет екенін Мемлекет басшысы жаңа ғасыр өріндегі Абай мұрасы мен ілімінің мәні мен мағынасы туралы жазған мақаласында барынша таратып, терең ашқан. Президенттің ұлттық сана мен ойды «пышақтың жүзімен алып өткендей» алып өтіп, тілді өрістету, ділді сақтау, Батыс пен Шығыстың өліара тұсында жайғасқан Ұлы Даланың өткені – бүгіні – болашағы жайлы толғаулары – ұрпақ санасын тәрбиелеудің ұстыны таза ұстанымдар екені шүбәсіз.

Біз таңғы ақпарат кешке жеткенше «қартайыңқырап» қалатын қадамы, ойы жүйрік, жедел заманда өмір сүріп отырмыз.

Ой, сөз, іс дейтін үш ұғымның бір­тұтас бірлігін бірінен-бірін ажыратпай тең ұстаған жағдайда ғана жеңіс туы қолымызда желбіремек. Кешегі сөзіңіз бен бүгінгі ойыңыз ертең атқа­рылар ісіңізбен сабақтасып жатуға тиіс. Бұл саясаттағы мәдениет пен табан­ды­лықтың айқын көрінісі! Қасым-Жомарт Кемелұлының арғы-бергі қоғам, заман шындықтарын жасырып-бүкпей, ел тарихына «қаңтар­дың қасіреті» болып енген қанды қырғын­ның кезінде қиындықпен қалай бетпе-бет тұрысқаны, өткеннің «ағын ақ, қарасын қара» деп жаңылмай, жазғырмай бағала­ғаны ел жадында. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейтін қазақтың төбе биі – Төле бабамыздың сөзі осын­дай­да еріксіз еске түседі.

Иә...

Уақыт – сыншы...

Уақыт – емші...

Уақыт – ел өмірі мен қоғам өмірін таразы талқыға сала отырып, әр тұлғаның, әрбір адамның сөзі мен ісіне түбі адал, әділ бағасын беретін қатал, қатыгез төреші!

Ел Президентінің Жолдауын оқып отырып, дәптер бетіне сол күндерде түскен төмендегі жазбаларыма қайыра көз жүгірттім. Күйінген тұсым да, қай­ғырған кезім де, жүрегім атша тулап, боздаған сәт-сағаттарым да, қысқасы, бәрі-бәрі болған екен...

«Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіз ел басына сын түскенде Өзіңізге тән сабыр мен ұстамдылықтың табанды үлгісін таныттыңыз. Бүгінгі халыққа қаратып айтқан екі сөзіңіздің екеуі де естір құлаққа жетердей қанатты сөз болды. Туған елінің тағдырын ойлаған нағыз ел басшысының сөзі! Тарихи сөз! Халықтың Сізден күткені де осындай бағыты дұрыс, бағдарлы сөз еді! Дәл осы сәт-сағаттарда туған халқыңыз ғана емес, Сіздің бұл шешіміңізді адамзат әлемі ақылға салып, оң қабылдағаны күмәнсіз. «Жауды аяған жаралы» дейді біздің халық! Дәл қазір ел бірлігі мен амандығын қамтамасыз етуден артық мақсат жоқ! Тәуелсіз мемлекетімізді аман сақтап қалу үшін Сіз қандай шешімге барсаңыз да халық түсінеді деген сенімдеміз! Қауырт қимыл керек! Алла жар болсын! «Кемедегінің жаны бір» деген... Бүгінгі күн мен бүгінгі түн ел тағдырын ұлы сынға салып отыр. Қазақ елінің сағы сынбасын! Бағы сүрінбесін! Алла сәттілік берсін! Нұрлан Оразалин. 05 қаңтар, 2022 жыл. 21 сағат 37 минут» деген сөздерді асығыс ватсап арқылы сол кездегі Президент Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошановқа жіберіппін. Ертесі інімізден «Хатыңызды Президентке жеткіздім» деген хабар алдым.

Шынын айту керек, ақпараттық байланыс үзіліп, алты құрлық Алаш жұртында болып жатқан қатерлі қан-қырғын оқиға­ны «Хабар-24», «Россия-24», Еuronews «РБК», «Хабар» секілді санаулы арна ар­қылы ғана қалт жібермей қадағалап отырған аса қиын да күрделі күндерде, мен секілді жан-жүректері күйзеліп, Қазақ елінің тілеуін тілеп, Жаратқанға жалбарынып, күңіренгендердің есебін ешкім білмейді... Өйткені олар көп болды... Өте көп!

«Жаңылғанды жазғыру – оңай. Адас­қанды айыру, оң жолға салу, жөнге ша­қыру – қиын! Жанға батқаны – жаңылған да қазақ! Жаңылдырған да – қазақ! Жы­лат­қан да – қазақ! Жылаған да – қазақ! Өлген де – қазақ! Өлтірген де – қазақ! Өкінішті!.. Ойласаң, сана мұздап, жүрек сыздайды... Өрт құшағында қалған Алма­тының әсем ғимараттарын көріп, қа­быр­ғаң қайысады... Осыдан тұп-тура 30 жыл бұрын қалың ел Тәуелсіздік алдық деп, бөркін аспанға атып жатқанда дүние есігін ашқан бесіктегі қызылшақа бала осыдан тұп-тура 30 жыл 20 күн бұрын жүз мыңдай қаралы жұрт қар аралас жаңбыр жауған желтоқсанның 16-сы күні Тәуелсіздік жарияланған қасиетті төрде – Республика алаңында ойына келгенін істеп жатыр... Атылған оқ, өрт шомылған ғимараттар... Кешегі жиырмасыншы ғасырдың көзіндей болған, сән-салтанаты жарасқан шаһар төріндегі қала әкімшілігі мен Президент Резиденциясының қызыл жалын өртіне оранған видеосын көргенде не істерімді білмей қиналдым... Тәуелсіз елдің тағдыры ұстара жүзінде тұрғанын жаныммен, жүрегіммен сезіндім. «Е, Алла, кедейшілік пен жоқшылық айдап, адасқан ұлға ақыл бере гөр! Адас­тыр­ғандардың айыбын тарт­қыза көр! Елдігімізді сақтай көр!» деген жазбалар түсіпті күнделік бетіне. 

Содан бері... Тоғыз айға тарта уақыт өтті.

Ел есін жиды, еңсесін көтерді. Ұлт тарихына «Қаңтар қасіреті» болып енген сол бір қаралы күндер бізден алыстағанымен, тақсыретті, тағдыршешті сәт-сағаттардың табы санадан кетер емес, жадыдан шығар емес...

Бүгін де, міне, Президент Тоқаевтың ха­лыққа арнаған жолдауын кемел мемлекеттің іргесін бекітіп, әділетті  Қазақстан құруға бет алған елдің бола­шағын анықтар бағдарлы Жолдауын оқып отырып, сол күндерді есіме алдым... Қаңтардан бергі тоғыз ай күллі жер беті тұрғындарының шақшадай басын шарадай етіп, адамзат баласын бұрын-соңды бола қоймаған сұрапыл коллизиялар қорығына айдап тықты... Ел басқару мен саяси өмірдің білім-білігін игеріп, үлкен мектебінен өткен, дәуір толқынында жүріп, қабырғасы қатайып, ойы шыңдалған, көзқарасы бекіген, халықаралық қатынас­тар мен дипломатияның қыр-сырын толық меңгерген, жаратылысынан халықшыл, қоғамшыл, мемлекетшіл Қазақстан бас­шысы қысқа уақыт ішінде әлемдік саясаттың құбылған құрсауына түсті. Бір сын­нан шығып, екінші бір сынның емтиханынан өтті. Сөзінен сүрінбеді. Ойынан жаңылмады... Саяси тұлғаның сабырлы мінезі мен салмақты көзқарасы қалың елдің сенімін бекіте түсті. Қазақстан Президентінің іргелі мақсат жолында қиындық атаулыдан ықпайтын саясаткерлік ұстанымына елдің де, әлемнің де көзі жете түсті. Ел тізгінін ұстаған күннен бастап «халық сөзіне құлақ асатын мемлекет» құру ісін қолға алған саясаткер Қ.Тоқаевтың табанды бейнесі осы қысқа уақыт ішінде қалыптасты.  Нені айтса да, нені істесе де аспай-саспай, алып-ұшпай, жүйелі түрде атқаруға дағдыланған Мемлекет басшысының портреті, жұрт санасында бекіді. Жолдаудың кіріспесінде айтыл­ғандай әуелі, жалпыұлттық референдумда мемлекеттің саяси жаңғыру бағ­дарын анықтаған ол – ұлттың әлеу­мет­тік өміріндегі ақаулықтардың астары саясаттағы бойкүйез самарқаулық пен ел ішін індете жаулаған коррупцияда жат­қанын ашып айтты. Қоғамдағы тең­сіздіктің ақыры «әлеуметтік ашу мен ашынуға» қалай алып келгеніне халық назарын бұрды. «Мемлекет игілігінің 50 пайызы 162 адамның қолында тұр­ғандығы» туралы сөзі мен офшорларда жасырынған қисапсыз қаражатты елге қайтару хақындағы үкіметке берген нақты тапсырмалары халық көңілінен шықты...

Әділ сөз! Адал ұғым!

Саясат аренасынан аулақтаңқы­рап  кеткен осы бір киелі сөз бен қасиетті ұғымның қадірін кетірген уақытқа рен­жіріңді, әлде ақша мен алтынға сатыл­ған арзанқол саясатшыларға рен­жіріңді білмейсің?!. Көрінген көк атты­ның қоржынына бай­ланған топтар мен алпауыт елдердің «жобасына» айналған «тұлғасымақтардың» айқай-сүреңі бел алған заман?! «Қара қыл­ды қақ жарып айтқан» әділ билер «көзден бұлбұл боп ұшқан» дәуірге не дерсің?! Жанға батады... Әсіресе замана үрдісі қалыптастырған бүгінгі желі бетін кезіп жүрген «бет тырнағыш», «шаңқылдағыш», «жаптым жала, жақтым күйеге» негізделген айқайшылдардың қатары есепсіз көбейіп  бара жатқанына қынжыласың... Тағдыры талауға түсіп, өкінішке қарай, үшінші елдер қатарынан ұзап шыға алмай жүрген Алаш жұртының әлеуметтік желі жетегіне ессіз байлануы бізді қатты ойлантады. Қазақстан Президентінің: «Әлем жылдам өзгеріп жатыр. Бірақ көбіне жақсы жағына емес...» деп, осы жылғы маусым айында өткен Петербор форумындағы сөзі еріксіз еске түседі.

Бұл сөздің астарында сөз бен ойдың қадірі жүдеңкіреген жиырма бірінші ғасырдың рухани кескіні жатқаны айдан анық... Тарихи шындық пен саяси баға тура беріліп, әрі сауатты, әрі әділ айтылған сәт-сағат қаз-қалпы жадымыз­да. Әсіресе ел Президентінің Біріккен Ұлт­тар Ұйымының жарғылық қайшы­лық­тары мен ұйымның қауқарсыз­ды­ғы туралы айтқан сыны әлем жұрты­ның ойынан шықты... Қит етсе, Қазақстан­ға «соқтығуды» кәсіп көретін қайсыбір Ресей саясаткерлері мен журналисте­ріне де сол жолы Қасым-Жомарт Кемел­ұлы ашық, айқын жауап бере отырып, әлем­нің алдында тұрған ең басты күрета­мыр сауалдардың бірі – ДНР мен ЛНР туралы ойын бүкпесіз таратып, үзілді-кесілді кесіп айтқаны есімізде. Сол күні Қазақ Президентінің саяси, тұлғалық жаратылысы мен ұстанымын айдай әлем таныды! Сол брифингтен соң алты құрлықтың саясаткерлері мен басшыларының назары бірден Қазақстан Президентіне бұрылды. Тұлға тұғыры биіктей түсті.

Иә...

Бұл – ел тізгінін ұстаған  тұлғамен қоса,  уақыт көлденең тартқан қиындықтарды игеруге бет алған Қазақ елінің де биігі еді...

Ел дамуын әлемдік өркениеттің да­муымен үйлестіре отырып, жаңа дәуір қа­лып­­тастырған демократиялық құнды­лық­тарды Ұлы дала жұртының мінез-құл­қына сай өрістету,  ел тағдырын өз тағ­­дыры санайтын отаншыл, халықшыл, қоғам­шыл тұлғаларды барынша  мемлекет ісіне тарту, ғаламдық технологияны ұршық­тай иірген білімді, мінезді жастарды тәр­биелеу секілді ізгі қасиеттерге кең жол ашу – Мемлекет басшысының қазір­гі таң­дағы басты саяси, адами, тұлға­лық ұста­нымы! Бұл айтқандарымызды түбе­гейлі өзгерістерге түскен Ата Заңы­мыз­дан да, соңғы Жолдаудан да, Бірік­кен Ұлт­тар Ұйымының кезекті сессиясы мен ШЫҰ-дағы сөйлеген сөздерінен де анық аңғарамыз.

Ел бүгіні мен ертеңін қамтамасыз  етер даму мен өрістеудің бұл айтулы принциптері мен ұстанымдары мемлекет өмірінің ұзақ мерзімін қамтитыны сөзсіз. Қасым-Жомарт Тоқаев әр сөзі мен әр бабы құқықтық сүз­гіден өткен, саяси, экономикалық қазық-бауы берік реформаларды жүзеге асыру үшін уақыт қажет екенін ашып айтты. Ол: «Қазір­гі геосаяси жағдайда біз мемлекетімізді бір­тін­деп нығайтып, реформалар мен жаңару бағдарын нық ұстануымыз қажет! Барын­­ша мұқият әрекет жасап, еліміздің ұзақ мер­зім­ді мүддесіне сай жұмыс жүргізуіміз керек! Реформалардың қазіргі қарқынын сақтау, саяси мәселелердің бәрін кейінге қалдыр­май шешу аса маңызды» дей келіп, кезектен ­тыс президент сайлауын өткізуді ұсынды. ­Пре­зидент мандатының ұзақты­ғын 7 жыл­мен шектеп, қайта сайлануға тыйым салу нормаларын жалпыхалық­тық тал­қыға салды. Қос палатадан қолдау ­тап­­қан конституциялық өзгерісті өз Жар­­лы­ғымен бекітті. Сайлау мерзімін биыл­ғы 20 қарашаға белгіледі. Өзінің сайлауға түсетінін мәлімдеді.

Сонымен...

«Ендігі жеті жыл ішінде ел тізгінін кім ұстайды? Қалай ұстайды?» деген сауалдар Ұлы даланың ендік-бойлығын ерсілі-қарсылы кезе бастады. Бұл заңды. Демократиялық ел басқару үлгісін «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» дейтін құрылымға негіздеген Жаңа Қазақстанда саяси билікті анықтаудың аламаны басталды.

Қазақта ел мен ердің ойы мен сөзі, ісі мен әрекеті, мақсаты мен міндеті сынға түскенде тіл ұшына оралар Тәуекел дейтін бір киелі сөз бар. «Тәуекел дейтін жел қайық. Мінесің! Мінесің де өтесің... Мұратыңа жетесің!» дейді сол мағынасы мен мәні терең ұғымға біздің ондаған ғасырды үкілеп ұстап, үрген желге тигізбей, үміт пен сенімнің шырағын сөндірмей алып келе жатқан Алаш ойлы адал жұртымыз.

Бүгін де, міне, Алаш мұратының үміті мен сенімін, ойы мен міндетін арқалаған Қазақ елі өзінің ертеңіне  алып барар жаңа, тағдырлы жолды тағы да Тәуекел дейтін сол алып кеменің желкеніне тапсырып отыр.

Алты құрлық аласапыран...

Адамзат алаңдаулы...

Тоғыз валды дауылдың өкірген үні құлағымызға жетіп тұр...

«Кемедегінің жаны бір...» деген ескіден қалған есті сөз еске түседі. «Сыртыңды – жауға, ішіңді дауға алдырма!» деген бабаларымыз. Елдік туын көтеріп, еліне жол ұсынып, Әділетті  Қазақстанның көшін бастаған  Тұлға айналасына шоғырланар, Тәуекел айтып топтасар кездің келгенін ой-санамызбен, жан-жүрегімізбен сезінер кезеңнің қыр астында тұрғанын ұмытпауымыз керек!

 

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты