Қаржы • 09 Қазан, 2022

Сақтандыру нарығына сынақ

412 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Биыл сауда-экономикалық қатынастардың қалыпты ыр­ғағы бұзылды. Әсіресе Ре­се­ймен тығыз эконо­ми­калық қатынастағы Қазақ­стан үшін күллі дүние назар аударып отырған соғыстың салдары ерекше. Осы орайда сауалдарымызға жауап бер­ген отандық сақтандыру ком­паниялары геосаяси жағ­дайдың өз қызметтеріне қа­лай әсер еткенін баяндады.

Сақтандыру нарығына сынақ

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Геосаясат әсері

Мәселен, Nomad Life өмірді сақтандыру компаниясы кей­бір жобаларын бірлесе жүзеге асы­ратын серіктес-банк­тер ха­лықаралық санк­цияға ұшы­ра­ған. Бұл ­про­­цестердің жүзеге асуын баяулатты. Жағымсыз салдарды жою үшін уақыт қажет. Ком­пания өкілдері төр­­тінші тоқ­санға қарай көптеген проб­лема шешіліп, жағдай реттеліп жатқанын, белсенді өсімді әрі қарай жал­ғас­тырғысы келетінін жеткізді. «Ин­вес­тициялық порт­фельге келер бол­сақ, бізде ре­сей­лік эмитенттердің бағалы қағаздары мен депозиттері болған жоқ. Инвестициялық стратегия халықаралық рейтингтік агент­тік­тер­дің инвестициялық рей­тин­гіне ие құралдарды инвес­ти­циялауға бағытталды. Жағым­сыз салдардың туын­дамауы бұл стра­те­гияның дұ­рыс­тығын көрсетті», делінеді компания жауабында.

Freedom Life өмірді сақтан­дыру компаниясының басқарма төрағасы Азамат Ердесов Ресей мен Украина арасындағы әскери қақ­тығыстың жалпы эконо­ми­каға кесірі тигенін, бірақ атал­ған оқиғалардың нақты сақтан­ды­ру ісінде кері тұрғыда көрі­ніс таппағанын айтады. 2022 жылдың 15 қыркүйегінде S&P Global Ratings рейтинг агенттігі «Free­dom Fіпапсе Life» АҚ-ның қаржылық орнықтылық және несие рейтингін «В»-дан «В+»-ке, ұлттық шкала бойынша рейтингті «kzBBB-»-дан «kzBBB»-ға жоғарылатқан. Компания капи­та­лының көбеюін күту және тұ­рақты кіріс аясында «Тұрақты» болжамы берілді. Агенттік 2022 жылдың алғашқы жеті айындағы қолайсыз макро­эко­но­микалық және қаржы нарығының жағ­дайына қарамастан, Freedom Life компаниясының операциялық көрсеткіштері нарықтағы орташа көрсеткіштен жоғары болға­нын атап өтті. 2022 жылдың
1 тамызындағы қаржылық есепті­лік дерегі бойынша меншік капиталының тиімділігі (ROE) 47,4 пайызды, ал активтер та­быс­тылығы (ROA) 6,3 пайызды құрады. Ал бұл уақытта сек­тордың орташа көрсеткіші сәй­кесінше 35,2 және 6,0 пайызды құраған еді.

Ал «Евразия» сақтандыру ком­па­ния­сының өкілдері Қазақ­с­тан­ның жаһан экономика­сының бір бөлігі және болып жатқан жағдайлардың бізді де айналып өтпейтінін жеткізді. «Алайда сақ­тандырушылар өз тәуе­кел­дерін басқара алады және көр­ші елдерде жағдайдың нашар­лауы біз үшін қиын фактор болып санал­майды. Керісінше, біз кез келген қиындықтан позитив із­деуге тырысамыз. Қазір қазақ­­стандық сақтандырушылар РФ-да тәуекелдерді қайта сақтан­ды­ру­ды тоқтатты. Бұл өз кезегінде Қазақстанда тәуекелді ұстап тұру­дың артуына және қайта сақтан­дыру сапасының жақсаруына алып келді. Өйткені оны қазір әлде­қайда дәстүрлі юрисдикция­лар – Еуропа, Ұлыбритания, АҚШ не­месе ел ішіндегі сапалы қайта сақтандырулар пайдаланады. Біз қайта сақтандыруды ұсына­мыз және Ресей, Беларусь және Украи­на­дан тәуекелдер қабыл­дауды тоқтаттық. Ресейлік сыйым­ды­лық­тарды орналастыру туралы сұ­раныс көбейді. Алай­д­а біз оған сақтықпен қарай­мыз. Жалпы, бұл дағдарыс бизнесімізге әсер еткен жоқ. Ре­сей­лік бағалы қағаздар эми­­тент­терінің техникалық дефол­ты­на байланысты проблема бар. Олар санкцияға сілтеме жасай отырып, «шоттар бойынша төлеуден» бас тартады. Дегенмен қазақстандық инвесторлар бағалы қағаздар бойынша рубльмен сыйақы алуға дайын. Бұл мәселе шешіледі деп үміттенеміз», деді Н.Жантөреев.

«Халық-Life» АҚ басқар­ма төрайымы Жанар Жұбания­зо­ваның сөзіне қараған­да, сырт елдерде болып жатқан геосаяси дағдарыс елі­міз­­дегі өмірді сақ­тандыру саласына айтар­лық­тай өзгеріс әкелген жоқ

«Шамасы, бұл Үкіметтің тең­ге­рімді саясатына байланысты болар, әлемдегі сыртқы тәуекел­дер­дің ел мүддесіне әсері аз. Біздің азаматтар бұрынғыдай сұраныстағы өмірді сақтандыру қызметтерін пайдалануда. Ал дерекке келер болсақ, компанияның нарықтағы жағдайы өте жақсы. Былтырғы көрсет­кіш­термен салыс­тырсақ, қандай да бір өзге­шелік жоқ. Былтыр 1 қыр­күйектегі жағдай бойынша ком­пания 82,6 млрд көлемінде сақ­тан­дыру сыйлықақыларын жинап, на­рық­тағы үлесі 34 пайызды құраса, биыл да осы көрсеткіш сол қал­пын­да қалды», дейді.

Миграция әсері

Соғыс басталғалы Украи­на­дан бірнеше мың украин азаматы келді деген дерек бар. Тиісінше Ресейде ішінара мобилизация жарияланғалы бері 200 мыңнан астам РФ азаматы Қазақстанға келген (соңғы бір аптада). Олардың тарапынан сақтандыру өнімдеріне ұсыныс түсті ме? Жанар Жұбаниязованың жауабына сүйен­сек, әзірге, сақтан­ды­рушы компаниялар елі­мізге келген ресейліктер мен украин­дық­тар тарапынан сақ­тан­дыру өніміне сұранысты байқа­маған. «Оның себебі, олардың біздің елде тұру жоспарының жоқтығы әрі қысқа мерзімділігі болар» дейді.

Nomad Life басшылығы да Ресей мен Украина азамат­та­рының компанияға жүгін­бегенін айтады. Елімізге келу­шілер санының ар­тып жат­қанына қарамастан, басқа ел азаматтарының өмірді сақ­тан­дыру туралы өтініштерінің ұлғаюы тір­кел­ген жоқ. «Бұл оқи­ға­ларға бай­ланысты түбе­гейлі өзгеріс күт­пей­міз. Басқа ел азаматтары бұрын қа­з­ақ­стан­дықтармен бірдей шарт­тармен сақтандыру қыз­метін пайдаланып келді. Яғни шетелдіктер санының өсуі, мысалы, тарифтік немесе азық-түлік саясатын өз­гер­туді қажет етпейді», деп жауап берді ком­пания.

Freedom Life өмірді сақтан­дыру компаниясының басшысы Азамат Ердесов бейрезиденттер сақтандыру шартын жасау кезінде ел территориясында бол­ған жағдайда Қазақстан азаматтарымен бірдей сақтандыру өнімдерін пайдалана алады.

– Біздің өнімдер халықаралық прак­тикада пайдаланылатын сақ­­­тан­дыру бағдарламаларына сәй­кес келеді. Әрине, өзге ел азамат­тары үшін бейре­зидент­тер­дің салық тө­леу ерек­ше­лігін ескеру керектігі түсі­нікті. Консультациялар жүргі­зі­ліп жатыр, бірақ резидент еместер тарапынан айтарлықтай сұраныс жоқ, – деді А.Ердесов.

Осы мәндегі сауалға «Евра­зия» СК басшылығы да жауап берді. «Біз тек ресми статис­ти­каға сүйе­не­­міз. Соңғы жарты­жыл­дықта Қа­зақ­стан мен Ресей арасындағы миг­рацияның оң сальдосы небәрі 20 мың адамды құрады. 21-27 қыркүйек аралығында РФ-дан келген мигранттар саны 34 мың адамға көбейді. Біздің пайымдауымызша, олардың басым бөлігіне Қа­зақстан – үлкен сапардың ара­лық бөлігі ғана. Бағалау бойынша, елге келген 50 мыңдай адам отандық сақтандыру секторының көрсеткіштеріне әсер ете алмайды. Себебі жергілікті ха­лық­пен салыстырғанда олардың үлесі өте аз. Сондай-ақ заң тұрғы­сы­нан қарағанда, тұтынушының азаматтығы сақтандыру қызметін көрсету шарттарына әсер етпей­тінін атап өткен жөн», дейді Н.Жантөреев.

Инфляция табысты жұтып қойып жатқан жоқ па?

Сонымен бірге компаниялар қа­зіргі қаржылық ахуалға бай­ланыс­ты да пікірлерін білдірді. Қа­ра­пайым тұтынушыны да, на­рық қатысушыларын да ұдайы алаң­датып келе жатқан жалқы фактор – қымбатшылық. Қазір жылдық инфляция деңгейі 16,1 пайыз­ға жетті. Ұлттық банктің база­лық мөлшерлемені бірнеше рет көтер­ге­ніне қарамастан инфляция төмен түсер емес. Бұл сақтандыру секторына қалай әсер етіп жатыр? Ком­па­нияның таза пайдасын инфляция жұтып қойып жатқан жоқ па?

– Ең дұрысы, кез келген сала үшін экономикалық өсім инфляциядан жоғары болғаны абзал. Бұл тұрғыда өмірді сақтандыру компаниялары нарығы жылдық инфляциядан (16,1 пайыз) озып тұр. ӨСК секторының активтері 12 айда 24,6 пайызға өсті (2022 жылдың 9 айында – 11,8 пайызға). Яғни нарық бұл қиындықтарды жеңуде. Инвестициялық қызмет бөлігінде базалық мөлшерлемені арттыру қаржы құралдарына нарықтық баға­ның төмендеуіне әкеп соғады. Бұл бағалы қағаз­дар портфелін қайта баға­лауға алып келеді. Әрине, қар­жы сек­торының таза пайдасына қы­сым жасайды. «Инфляция ком­па­нияның таза пайдасын жұта ма» дегенге қатысты айтар бол­сақ, біз­дің компания жылды оң көрсет­кіш­термен жабады деп болжап отырмыз, – деді «Халық-Life» АҚ басқарма төрайымы.

Ал «Евразия» СК басқарма төра­ға­сының орынбасары Н.Жан­­төреев Қазақстандағы ин­ф­ляция өсіміне қарамастан сақтан­­ды­ру­дың міндетті түр­лері бойынша тариф­тер­дің заңмен белгіленгенін және оны компаниялардың ұлғайта алмайтынын жеткізді.

– Бұл ретте сақтандыру төле­мін нақты нарықтық бағалар­ға сүйене оты­рып төлейміз. Сол себепті сақ­тан­дыру нарығын инфляцияны тежеу­ші тетік десе де болғандай, – деді Н. Жантөреев.

Freedom Life компаниясы ин­фля­цияны төмендету жолында жұ­мыс істеп жатқан Ұлттық банк еңбегі еш кетпейтініне сенеді. Олар­дың болжауынша, 2023 жылы инфляция деңгейі 12-13 пайызға дейін төмендеуге тиіс.

«Жоғары инфляция жағ­да­йын­да сақтандыру компания­ларына бағалы қағаздар порт­фе­лі­нің табыс­ты­лығын арттыруға қосымша мүм­кін­дік ашылады. Мысалы, 2022 жылдың басында орта мерзімді мем­лекеттік баға­лы қағаздар 10-10,25 пайыз кірістілікпен саудаланды. Қа­зір сақтандыру компаниялары мем­лекеттік бағалы қағаздарды 13,9-14,5 пайыз кірістілік бо­йынша ала алады. Жоғары инфляция ақшаны құнсыздандырады. Бірақ ақша бизнесті кеңейту немесе ба­ғалы қағаздарды сатып алу үшін ин­вестицияланса, онда одан түс­кен табыс компания капиталы үшін инфляция әсерін төмен­детуге мүмкіндік береді. Көбі­не сақ­тандыру бизнесіндегі ROE 15 пайыздан асады. Мысалы, 1 тамыз­да­ғы жағдай бойынша меншік­ті капиталға қатысты Freedom Life-тің таза пайдасы 47,4 пайызды құрады», деп жауап берді А.Ердесов.

Nomad Life жетекшілерінің пайы­мынша, базалық мөл­шер­леменің жоғарылауы компа­ния­ның инвес­тициялық порт­фе­лін­дегі облигацияларды қайта бағалауға әсер етеді.

«Өз кезегінде тым жоғары став­ка компания капиталын әжеп­­тәуір төмендетуі ықтимал. Бірақ компания капиталы оған осы тәуекелді еңсеруге, өз мін­дет­темелерін орын­дауға және реттеушінің пруден­циалдық нор­мативтерін сақтауға мүм­кіндік береді. Ставка қалпына келген соң компания капиталы да қалпына келеді», деп түсіндірді Nomad Life өкілдері. Бұл компания 2022 жылдың 8 айында 54,4 млрд теңге сақтандыру сыйлықақысын жинаған. Ал таза кірісі – 8,8 млрд теңге (КТС-тан бөлек). Freedom Life-тағы сақтандыру сыйлық­ақы­сының жалпы көлемі 21,67 млрд теңгеге тең. Былтырдан 43,7 пайыз­ға көп. Таза табысы – 3,84 млрд теңге. Ұлттық банк дерегі бойынша «Евразия» СК жыл басынан бері 31 млрд теңге таза табыс жинаған. Есепті кезеңдегі ком­панияның сыйлықақысы 122 млрд теңге болған. Бұл – жалпы сақ­тандыру компанияларындағы сыйлықақы көлемінің 32,7 пайызы. Өз кезегінде «Халық-Life» АҚ 1 қыркүйектегі жағдай бо­­йынша 82,6 млрд теңге сыйлықақы жинаған және оның нарықтағы үлесі 34 пайызды құрап отыр. Таза табыс мөлшері – 5,9 млрд теңге.