Саясат • 09 Қазан, 2022

Жұртшылықпен жұмыстың бағыттары айқын

231 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзін қолдау жөніндегі халықтық коалиция форумында сөйлеген сөзінде айтқан ұлтымызды ұйыстыратын 7 қағида – орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің және жүрегі «Елім!» деп соғатын зиялы қауым өкілдерінің алдағы уақытта халықпен жүргізетін идеологиялық жұмыстарының темірқазығы деп білеміз.

Жұртшылықпен жұмыстың бағыттары айқын

«Біз егемендігімізді сақтай алсақ қана, ұлт болып, ел болып тұра аламыз. Тәуелсіз мемлекет қана өзінің тілін, жерін, дінін, ділін сақтап қалады. Сондықтан Тәуелсіздік – біз үшін ең басты құндылық. Тәуелсіздікті қорғау және нығайту – әрбір азаматқа, бәрімізге ортақ міндет!» дей келе, Президентіміз өркениетті ел болуымыз үшін еңбекті ең басты орынға қою керектігін тағы бір рет есімізге салды. Осы ретте биылғы оқу жылында еліміздің мектептерінде 1-сыныптан бастап «Еңбекке баулу» пәні енгізілгені – құптарлық бастама.

Әрине, қазіргі кезде жастардың ауылда тұрақтамай қалаға жаппай кетіп жатқаны, жергілікті кәсіпкерлердің егін егіп, мал бағатын кадр табу қиындап тұрғаны туралы шағымданып жүргені жасырын емес. Алайда осы құбылыстың астарына үңіл­сек, таяқтың екінші ұшы ондай кәсіп­кер­лердің өз бастарына тиетін тәрізді. Себебі, ауылдағы шаруашылық серік­тес­тіктері басшыларының көбі өздерін бүгін­гінің помещигі сынды сезініп, жал­даған жұмыскерлеріне мардымды жалақы төлемейді. Жергілікті әкімдердің оларға жалақыны көтеру жайлы жалаң үгіт айтқанынан басқа, қолдарында ешқандай пәрменді тетік жоқ. Бар болғаны – елдегі ең төменгі жалақы мөлшерін ұдайы арттырып отыруды сұрап жатады. Өйт­кені ауыл кәсіпкерлерінің бір бөлігі салық­тан жалтару үшін жұмыскерлерге заңды түрде ең төменгі жалақы ғана төлеп, өзара ауыз­ша келісілген табысының қалған сома­сын конвертпен беруді жөн көреді. Ал жұмысқа жаңа кірген жастарды арзан жұ­мыс күші санап, оларға жалақыны аз төлейді.

Әйгілі академик Дмитрий Лихачёв: «Егер сіздің атқарған жұмысыңыз үшін алатын жалақыңыз ішетін тамағыңыз бен киетін киіміңізге және коммуналдық төлемдерді төлеуге ғана жетсе, онда сіздің еңбегіңіздің құны – құлдың еңбегінің құнына тең», деген екен. Қазіргі көзі ашық, көкірегі ояу жастар ешкімге құл болғысы келмейді. Қалаға барып, әртүрлі жұмыс атқарып, нәпақаларын айырып жүр. Сирек мамандықтарды меңгеріп, мол табыс тауып жүргендері де аз емес. Алыс-жақын шетелдерге барып, маңдай терлерін төгіп, қомақты жалақы алғанды құп көретін ұл-қызымыз да мыңдап саналады.

Демек, ауылдағы жұмыс берушілердің, әсіресе өткен ғасырдың 90-жылдарындағы жаппай жекешелендіру кезінде кеңшарлар мен ұжымшарлардың мүлкін ретін тауып иемденіп, бүгінде миллиондаған доллар байлық жинап алса да, табысын жұртпен әділ бөліскісі келмейтін «қарын­бай­лар­ға» айналған кәсіпкерлердің қара­мақ­тарындағы жалдамалы жұмыскерлерге лайықты жалақы төлеуі мәселесін жан-жақты қарап, ұтымды шешім қабылдайтын кез жеткен сияқты.

«Елдіктің негізі – жеріміздің тұтастығы. Бабаларымыз ұрпағына ұлан-ғайыр жерді мирас етті. Біз оның бір уыс топырағына дейін қастерлеп, атамекенімізді қорғай білуіміз керек», деді Мемлекет басшысы. Қазіргі алмағайып заманға, еліміздің геосаяси жағдайына қарап айтылған, кеу­десінде ар-намысы бар, туған жер алдын­дағы перзенттік парызына адал азамат­тарға арналған сөз. Осы орайда Үкімет жұмыс күші артық оңтүстік және батыс өңірлердің тұрғындарын демографиялық жағдайы жылдан-жылға күрделеніп бара жатқан солтүстік және шығыс өңірлерге ерікті қоныс аудару, сондай-ақ қандастарды қабылдау ісіне соны серпін беру шараларын қарастырса, құба-құп.

Президенттің мемлекетшілдік туралы айтқан сөзі – Әділетті Қазақстан құру идеясымен астасып жатқан, қазіргі таңдағы аса маңызды ақиқат. «Мемлекет мүддесі – қастерлі құндылық. Ауылдан Ақордаға дейінгі шешімнің бәрі осы тұрғы­дан қабылдануы қажет. Бір сөзбен айтсақ, әр істе мемлекеттік ұстаным болуы керек», деген қастерлі қағида, ең ал­дымен, шешім қабылдау құзыреті беріл­ген әкімдерді, Парламент пен барлық деңгей­дегі мәслихаттар депутаттарын ойлан­дыруға тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алған саяси реформалар ел ішіндегі мемле­кетшіл тұлғалардың жолын ашып, олар­дың қатарын қалыңдататына үмітіміз зор.

Рухани үндестік – бірлік бастауы екені де сөзсіз. Мемлекет басшысының: «Төл тарихымыз, ана тіліміз бен ата дініміз – елді біріктіретін бірегей құндылықтар. Оны дау-дамайға айналдыруға болмайды. Жұртты адастырып, теріс жолға салудан сақтанған жөн», деген сөзі өткен тари­хымыз бен ана тілімізді құрметтеуге, әсіресе биылғы «Қасіретті қаңтар» оқи­ға­сынан дұрыс сабақ алуға үндейді. Бұл ретте: «Теріс пиғылды біреулер әдейі адас­тырған жастарымызды асыл діні­міз­дің ақ жолына қайтсек түсіреміз?», деген сауал төңірегінде терең ойлануымыз қажет.

Сондай-ақ бүгінгі мазасыз әлемде ақпараттық майдан күшейіп, адамдардың санасына салмақ түсіріп, арандату әре­кеттеріне итермелеп жатқан уақытта елі­міздегі этносаралық татулықты сақтаудың ма­ңызы зор екені даусыз. Мемлекет бас­шысы айтқандай, «Қазақстан азама­ты» деген ұғымды жалпыұлттық біре­гей­ліктің өзегі етуге барынша күш салуы­мыз қажет. Бұл бағытта, Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы мен оның өңірлік құрылымдары салмақты сөзін айтатын кез келгені анық.

«Заңдылық пен тәртіп – өркениетті ел болудың кепілі. Заң талаптары бар­лық салада мүлтіксіз орындалуға тиіс», деді Мемлекет басшысы. Оның Әді­летті мемлекет құру жолындағы құқық­тық реформасы, соның ішінде жұрт­шылық көкейінде көптен жүрген сыбай­лас жемқорлықпен және әртүрлі қыл­мыспен күресті күшейту шараларын қолданғаны, азаматтардың конститу­циялық құқықтарын қорғауды нығайту мақсатымен Конституциялық Сот құруды ұсынғаны кеңінен қолдауға ие болып отыр. Бауыржан Момышұлы айтқандай, тәртіпке бағынған ел құл болмайды.

Мемлекет басшысы жасампаздықты – жаңару мен жаңғыру жолы санап, Қазақстанға ғылыми-технологиялық жаңашылдықты әкеліп, өндіріске қосатын жаңа әрі білікті мамандарды тартуды, сөйтіп елімізді инновацияның, жаңа технологияның, тың идеялардың, ауқымды капиталдың орталығы етуді көздеп отырғаны көңіл сүйінтеді. Бұрындары да шет мемлекеттерге кетіп қалған талантты ғалым, білікті маман жастарымызды Қазақстанға қайтару туралы арагідік айтылғанымен, олардың жемқорлық жайлаған ескі жүйедегі елімізге орала қоймағаны мәлім. Енді олар да ойланар.

Президентіміз достық пейіл, мейірімділік және жанашырлық сынды халқымыздың бойына дарыған ең асыл қасиеттерді ұлтымызды ұйыстыратын қағида ретінде ұсынғаны да қазіргі жаһандану заманында өте маңызды. «Береке басы – бірлікте» деген аталы сөз айтқан халқымыз бұрынғы заманда да, қазір де ата-бабадан келе жатқан кең пейілінен танбай, тағдыр жазуымен бастарына іс түскен өз ағайындарына да, өзге этнос өкілдеріне де бауырлық құшағын ашып, барымен бөлісе қарайласып келеді. Жолынан жығылмайтын мәрт мінезді қазағымыз өзінің осындай асыл қасиеттерін сақтай білсе, елдігі де, бірлігі де арта түсері хақ.

Түйіндей айтқанда, Мемлекет бас­шы­сы ұсынған 7 қағида – біз қажеттігін көп­тен сөз етіп жүрген ұлттық идеология негіздері десек, қателеспейміз.