Қаржы • 10 Қазан, 2022

Банк бағасы белгісіз

238 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

АҚШ санкциясына ұшыраған «Сбер­банк­тің» еліміздегі «Сбербанк Қазақстан» еншілес банкін таяуда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі сатып алған еді. Ресейлік банктің мемлекет есебінен күн көріп отырған квазимемлекеттік сек­тор­дағы ұлттық компания еншісіне өтуі көптеген сұрақ туғызды. Осы орайда негізгі сауалдарымызды «Бәйтерек» холдингіне жолдаған едік.

Банк бағасы белгісіз

«Бәйтерек» сатып алғаннан кейін банк атауы Bereke Bank деп өзгерді. «Бәйтерек» ҰБХ басқарма төрағасының орынбасары Ерсайын Хамитов аталған ребрендингтің банк жұмысына қандай өзгерістер алып келетінін айтты.

«Жақын арада банктің толық ребрендингі және Visa, Master Card халықаралық төлем жү­йелерімен қызметті кейіннен қалпына кел­тірумен, мобильді қосымшалардың жұмы­сын қалпына келтірумен, SWIFT-кодты ауыстырумен санкция­лар тізімінен шығару жос­пар­ланып отыр. Сонымен қа­тар клиенттік ағындарды, де­по­зит­тік және кредиттік база кө­лем­дерін жаңарту бойынша жұмыс жүр­гізіліп жатыр. Бұл өз кезегінде банктің бұ­рынғы тұрақтылық деңгейін қалпына кел­тіруге ықпал етеді», деді.

Оның айтуынша, қазір қаржы инсти­ту­тының SDN тізі­мінде болуына байла­нысты банк­тің қызметі шектелген. Холдинг басшылығының айтуынша, банкті SDN тізімінен шығару мәселесі пысықталып жатыр. Бұл процесс шамамен 1-2 айға дейін созылуы мүмкін.

«Қолданыстағы шек­теу­лер­ді алып таста­ғаннан кейін холдинг банкті бәсекелес орта­ға беру жөніндегі іс-шара­лар­ды өткізуді жоспарлап отыр. Халықаралық қаржы ұйымдары, сондай-ақ басқа да институционалдық инвесторлар банктің әлеуетті сатып алушылары бола алады», деп атап өтті Е.Хамитов.

Дегенмен «Бәйтерек» ҰБХ басшылығы банкті сатып алу үшін қанша шығын жұмсал­ғанын жария етпеді.

«Бәйтерек елдегі актив­тер­дің едәуір көлемін, соның ішінде банктік активтерді табысты бас­қарады, қажетті құ­зыреттерге ие және сатып алын­ған банктің дәстүрлі көш­басшылығын сақтауға бағыт­талған. Мәміле өзара қолайлы қаржы шарттарында жасал­ды және барлық қажетті рет­теушілік мақұлдауларды алды. Мәміле сондай-ақ ен­ші­­лес банкті иеленген бар­лық уақыт ішінде алдыңғы акционердің жинақталған ин­вес­тицияларының толық қай­та­рылуын қамтамасыз ете­ді», деген жауап берумен ғана шек­телді.

Еске салайық, АҚШ Қаржы минисрлігі шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) 11 шілдеде арнайы лицензия шығарып, «Сбер­банк» АҚ еншілес банкімен мәміле жасау бойынша мерзімді 2022 жылдың 12 шілдесі мен 2022 жылдың 11 қазаны аралығында белгілеген еді.