Аталған шығарманың «Жібек жолы» деп аталуы да оқырманды тарихтың терең қойнауына тартып әкетеді. Біздің дәуірімізден бұрынғы II ғасырдан басталған Ұлы Жібек жолы Батыс пен Шығыстың арасын жалғаған көпірге айналды. Бұл керуен жолы жай жол емес, ол сол кездегі көптеген елдің саясаты мен экономикасына, жалпы қоғамның дамуына айтарлықтай ықпал етті. Осы Жібек жолы қазақ жеріне тың серпін берді, соның бойында орналасқан Отырар, Сауран, Сығанақ, Тараз және т.б. көне қалаларда сауда-саттық қана емес, білім мен ғылым дамып, әлемге танылған ұлылар шықты. Бұған дейін осы тақырыпты тарихшылар өз еңбектерінде айтқанымен, әдебиетімізде бұрын-соңды қозғалған емес. Осындай күрделі тақырыпқа жастығына қарамастан, Дүкенбай ағамыздың қорықпай барып, роман жазуы – батылдық. Бір жағынан, бұған жазушының бала күнінен Қаратау бойында туып, сол көне шаһарлардың қирандысын көзімен көріп, ол жайында аңыз-әңгімелерді естіп өскені әсер етті деп ойлаймыз.
Шығармада сол дәуірде атағы алысқа тарап дүркіреген Дешті-Қыпшақ ұлысының әдет-ғұрып, тұрмыс-салты, тыныс-тіршілігі мен сол кезеңде өмір сүрген хандар мен батырлардың, қарапайым адамдардың болмысы, мінезі көңілді селт еткізер детальдар, ұтымды эпизодтар арқылы көркем бейнеленген. Романдағы екі-үш кейіпкерден басқасын, суреткер қиялы арқылы дамытып, туынды желісін философияға құрған. Роман көлемді үш желіден тұрса да, ондағы оқиғалар мен кейіпкерлер бір арнаға тоғысқан.
«Селеу басы селбеледі, ыстық керімсал тағы ырқылдай соқты. Алпауыт жылқы еңсесін жинап алды, алдыңғы оң тұяғымен жер тарпыды. Атырабат дүзінің дәр осы мезеті Інжу үгіз (Сырдарияның орта ғасырдағы қыпшақша аты) өзенінің үйіріліп ағар мінезіне ұқсаған. Інжу үгіз де кейде ішін тартып тұнықтанып, кейде ақ саны жалтыраған жеңге толқынын алдына салып айдап ағатын» деп басталған алғашқы беттегі осы көріністен Дешті-Қыпшақ даласының келбеті көз алдыңызға елестеп, бүгінде арнасы тарылып, тынып ағатын Сырдарияның бір кезде бұлқынып аққан ағысын сезінесіз.
Көркем шығарманың басты мақсаты оқырманына ой салып, оның жан дүниесін тебіренте алуы. Бұл жағынан біз сөз етіп отырған роман өз міндетін толық орындаған. Өйткені туындыдағы байлықтан мейманасы тасыған хандар мен бектердің халық тағдырын ойыншық етіп, ауыр тұрмыстан қажыған жұртшылыққа түрлі салық түрін ойлап тапқанына жаныңыз ауырса, енді бірде өтірік айтып, жалған сөйлеп, қойны-қонышқа дейін кіріп кеткісі келетін елшілерді Отырар әкімінің қабылдағанына қайран қаласыз. Сонымен бірге жауырынға қарап көріпкелдік болжам айтатын Жалаңаштың бейшаралығы мен Бауыршық сұлтанның опасыздығына күйінсеңіз, сарбаз әйел Баршынның кіршіксіз махаббаты мен көріпкел Ғаббастың даналығы, қыпшақ әміршісі Иланшы Қадырханның өз елінің қамын жеген парасаттылығы мен көрегенділігіне сүйінесіз. Ошақбай батырдың Баршын арудың жар төсегінен биік мақсатына көңіліңіз толса, Отырарды қорғасуға келген әрі залым, әрі аяр, қулығына құрық бойламайтын сартауыл сарбазынан еріксіз іш жиясыз. Романды оқып отырып, автор бір кезде ғылым мен білімнің, сауданың орталығы болған көне Отырардың жер бетінен құрып кетуіне Шыңғыс хан шапқыншылығы ғана емес, оның түбі – ел басында отырған хандардың халықты біріктірмей, өз қара басын ойлап, байлықтан басқаны мансұқ етпегендігін астарлап айтады.
«Жібек жолы» романының алғашқы басылымына редактор болған белгілі жазушы Рамазан Тоқтаров: «Бұл шығарма автордың бұрынғы «Фараби», «Отырар» повестеріне мүлде ұқсамайды, құрылымы бөтен, сөз саптауы сара, фабула – бел-омыртқасы Шыңғысхан жорығынан кейінгі Ұлы Жібек жолының тоқырауы, даңғылдан сүрлеуге айналуы, Ұлы дала перзенттерінің алауыздық, бақталастық, жалғандықтан шілдің қиындай азып-тозуы пәлсапалық толғаммен көркемделеді» десе, белгілі сыншы Құлбек Ергөбек: «Жібек жолы» – он үшінші ғасырдағы қол төңкерген моңғол мен қасарысқан Дешті-Қыпшақ ғаскерінің текетіресі, ашкөздік пен намыстың итжығыс түсуі ғана десеңіз – қателесесіз. Оқиғаның бетінен қалқығаныңыз. Шын мәнінде шығарманың шындығына терең үңілсеңіз: орта ғасырдағы Отырар халқының жай-күйін, тыныс-тіршілігін, кейіпкердің мінез қалыбын шерткен тарихи-философиялық қуатты пайым табасыз», деп бағалаған.
Түйіндеп айтқанда, көрнекті жазушы Дүкенбай Досжанның тарихи романының негізгі идеясы – ауызбірлігі жоқ, бақталасы көп ел азып, бөтеннің байлығына қызыққан қолбасылардың торғайдай тозатындығын түйсіндіреді.