Суреттерді түсірген Юрий Беккер
Суретші Сергей Калмыковтың ғұмыр парағына үңілсеңіз еріксіз осындай ойға шомасыз. Кенеп бетінде тұтас бір дәуірдің шежіресін шерткен шебер суретші 76 жасында жындыхана төсегінде қайтыс болды. Нақ сол жылы өз пәтерінде көз майын тауысып, тұтас ғұмырын арнаған картиналарын өртеп жібермек болғанда суретші қандай күйде болғаны бізге беймәлім... Өмірді өнер деп білген таңғажайып туындыгердің мұндай халге түсуіне түрткі болуының сан тарау себебі алға тартылғанымен, жанарында қандай жұмбақтың жасырынғанын ешкім тап басып айта алмайды.
Қылқалам шеберінің шығармашылығы кеңінен зерттеліп, қолтаңбасы хақында көп еңбектер жарық көргенімен, өмірі туралы деректер тым аз. Тіпті күні бүгінге дейін суретшінің жерленген жері де белгісіз болып келді. Музей төрінде жарқырап тұрған туындыларына тамсана қарағанымен, тағдырлы таланттың өмір өткелдеріне, қайда жерленгеніне ешкім елеңдей қоймаған. Осылайша 55 жыл бұрын ғұмыр сағаты тоқтаған оның қабірі де қалтарыста қала беріпті. Бір ғана Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде 1111 картинасы сақталып, өнер әлеміне айшықты із қалдырған аса дарынды тұлғаның ел жүрегіндегі екінші өмірі енді басталғандай. Суретшінің қолтаңбасын қадір тұтатын өнерсүйер қауым биыл тұңғыш рет, некрополис зерттеуші Г.Афонин мен журналист Е.Морозова анықтаған Калмыковтың қабіріне гүл шоқтарын қойды.
Заманында атынан аңыз ерген шебердің зиратын анықтау оңайға соқпаған. Осы сауал көптен ойын мазалап жүрген Евгения Морозова суретшілер отбасынан шыққан Олег Федоров есімді қарияның ғаламтордағы жазбасын кездейсоқ байқап қалып, іздестіру жұмысына кірісіпті. Бұл шынымен де С.Калмыковтың бейіті екенін дәлелдеу үшін қаншама архив материалдарын ақтарып, некрополис зерттеуші Г.Афониннің көмегіне жүгінген. Белгі де қалмай бара жатқан бейітті қайта қалпына келтіру ісіне жомарт жандар қолдау көрсетіпті. Суретші Алматыдағы орталық зиратта анасының жанына жерленген екен. Тарихи орын мұрағаттық ізденістермен расталды. Өмірінің соңғы жылдарында Калмыков әріптесі, актриса Валентина Захаровамен ғана араласқан. Оның мүрдесін ауруханадан алып кеткен де осы Захарова деген дерек бар.
С.Калмыков 1935 жылы Орынбордан Алматыға жаңа ашылған Опера және балет театрына суретші-декоратор болып жұмыс істеу үшін композитор Евгений Брусиловскийдің шақыртуымен көшіп келді. Өмірінің соңына дейін Алматыда тұрып, шығармашылықтағы ең бір жарқын еңбектерін Алатау баурайында кенепке түсірді, тынымсыз жұмыс істеді, көп жазды. Әртүрлі көркемдік ағымдардың әсерін сезіне отырып, ол жеке бейнелеу тілін тапты, сол арқылы өзінің кескіндеме жүйесін құрды.
Петров-Водкин мен Добужинскийден сабақ алып, Леонардо да Винчи мен Ван Гогтың шығармашылығына ғашық болды. Олардың мәнерінде дерексіз тәжірибе жасап, супрематистердің әсерін бастан кешірді, өз стилін тауып, дарынын дамытып отырды.
– Оның шығармашылығының поэтикасындағы маңызды элемент – «Жұлдызды тостаған» сериясында бейнеленген «Тостаған» тақырыбы. Кеме рухтың белгілі бір бағыты, аспанның ең жоғары субстансасының қоймасы, нақты денелерді – заттар мен астральды заттарды органикалық түрде байланыстыратын ғаламның символы ретінде көрінеді. Бұл қазіргі заманғы өнердің кейінгі даму кезеңдеріне әсер еткен орыс авангардының көрнекті ізбасары, айтулы дарын Сергей Калмыковтың бір қыры ғана. Оның шығармашылық мұрасы, өз дәуірінен әлдеқайда озып, ғылыми тұжырымдауға арналған бай мұраға айналды, – дейді Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің директоры Гүлайым Жұмабекова.
Қазақ бейнелеу өнерінің алғашқы даму барысы туралы сөз қозғағанда, орыс елінен жер аударып немесе экспедиция негізінде елімізге келген суретшілерді айналып өте алмаймыз. Сурет өнеріне тың серпін әкелген жас таланттардың көпшілігі олардың кәсіби білігінен нәр алды. Бар өмірін шығармашылыққа арнаған Сергей Калмыков қазақ бейнелеу өнерінің дамуына ауқымды үлес қосты. Ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін кенеп бетіне түсірген суреткер өмірінің соңына дейін қазақ даласының тұмса табиғатына тамсанумен өтіпті. Алматы суретшінің қиялына қанат бітірді. Калмыков кейіптеген әсерлі пейзаждар алмалы шаһардың бай тарихынан сыр шертетін мәдени мұраға айналып, мегаполистің көрнекі жерлерінде күні бүгінге дейін сән түзеп тұр. Желегі жайқалған көшелер, аспанмен астасқан асқақ шыңдар, арманы биік адамдар оның қылқаламындағы мәңгілік кейіпкерлер. Экспонаттарының саны мен көркемдік деңгейі тұрғысынан жоғары бағаланатын суретшінің бай мұрасы бір музейдің қабырғасын толтыруға жетерлік. Ә.Қастеев мұражайының қорындағы бұл еңбектер көрермендер айрықша зейінмен тамашалайтын туындылар қатарында.
Сергей Калмыков өз жазбаларының бірінде: «Өнерде жетістіктен гөрі ниеттің мәні зор. Суретші ең алдымен шебер емес, қиялшыл. Сол қиялшылдығы мен ниеті оны қатардағы ізбасарлар мен еліктеушілерден даралап тұрады. Өнер мәңгі бақи өмір сүреді. Ол біздің түкке тұрмайтын толғаныстарымыздың үстінен сан мың жылдар бойы жұлдыздар шоғыры болып жарқырайды», деп толғаныпты.
Расында оның шығармалары өзі айтқандай сан ұрпақтың сезімін әлдилеп «жұлдыздар шоғыры болып жарқырап» тұр. Өнердің мәңгі өлмейтіні осы шығар...
Көз алдымызда Калмыков салған картиналар...
АЛМАТЫ