Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаментінің директоры Әсел Әмірбаеваның сөзіне қарағанда, қолданыстағы заңнама автокөлік иелеріне жол-көлік оқиғасы салдарынан үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына және мүлкіне келтірілген залал үшін өз жауапкершілігін міндетті түрде сақтандыруды жүктейді.
Жол-көлік оқиғасы болған жағдайда сақтандыру компаниясы зардап шеккендерге келтірілген залалды мынадай мөлшерде өтейтіні көзделген: бір зардап шегушінің мүлкіне келтірілген зиян – 600 АЕК-тен аспайды; мүгедектік белгіленбей мертігу, жарақат алу немесе денсаулықтың өзге де зақымдануы – 300 АЕК-тен аспайды; әрбір зардап шегушінің қаза болуы – 2 000 АЕК мөлшеріндегі біржолғы төлем. Бұл ретте автокөлік иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңға сәйкес зардап шегуші қайтыс болған жағдайда біржолғы төлем қаза тапқан адамның асырауындағы жақын туыстарына не оны алуға құқығы бар өзге де адамдарға төленеді.
«Алайда өкінішке қарай, жол-көлік оқиғасы салдарынан адам қайтыс болған жағдайда, оның асырауындағы адамдар (әдетте, бұл балалар) сақтандыру төлемін алуға құқылы екенін азаматтардың барлығы біле бермейді. Қайтыс болғандардың туыстары мұндай өтінішпен сақтандыру компаниясына сирек жүгінеді. Осыны пайдалана отырып, белгілі бір тұлғалар сыйақыға сақтандыру компаниясынан азаматтарға сақтандыру төлемін алу бойынша делдалдық қызметтер ұсынады. Бұл ретте сыйақы мөлшері сақтандыру төлемінің 50 пайызына жетуі мүмкін», деп атап өтті Әсел Әмірбаева.
Осылайша, жол-көлік оқиғасынан қайтыс болған адамның туыстары өтемақы ретінде алатын ақша сақтандыру компаниясына тікелей жүгінгенде алатын ақшадан әлдеқайда аз болып шығады.
Негізінде сақтандыру төлемін алу процесінің өзі ашық, ал қажетті құжаттардың тізбесі автокөлік иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңда егжей-тегжейлі сипатталған. Қайтыс болған адамның асырауындағы адамдар не олардың өкілдері көрсетілген соманы алу үшін сақтандыру компаниясына өтінішпен жүгінулері қажет.
«Агенттік сақтандыру компанияларымен бірлесіп азаматтарды сақтандыру төлемін алу мәселесі бойынша олардың құқықтары туралы хабардар ету жұмысын тұрақты негізде жүргізіп отырады», деп атап өтті қаржы реттеушісінің өкілі.
Сондай-ақ агенттік көлік иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңға өзгерістер енгізді, енді сақтандыру компаниясы адам шығыны болған жол-көлік оқиғасы жағдайында қайтыс болған адамның сақтандыру төлемін жүзеге асыру мақсатында, оның пайда алушыларын айқындау шараларын қабылдауға міндетті. Ол үшін сақтандыру компанияларына тиісті мемлекеттік органдардан деректермен алмасу тетігі арқылы қажетті мәліметтерді алуға мүмкіндік беру жоспарлануда.
Осылайша, қайтыс болған адамның асырауындағы адамдарды іздеу және анықтау рәсімі сақтандыру компаниясының міндеті болады. Яғни сақтандыру ұйымдары сақтандыру төлемдерін қайтыс болған адамның туыстарына тікелей төлейді. Агенттік өкілінің айтуынша, осы үрдіс толық жолға қойылған кезде ғана арадағы делдалдар ісі өзектілігін жоғалтып, азаматтардың да көзі ашыла бастайды.