Экология • 11 Қазан, 2022

Каспий өңірінің мүмкіндігі жоғары

296 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осы жылдың бірінші жарты жылдығында Қазақстанның Каспий маңы елдерімен тауар айналымы 12,3 млрд долларды құрады. Көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 7,4 пайызға өскен.

Каспий өңірінің мүмкіндігі жоғары

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, бүгінде әлемнің геосаяси картасында Каспий аймағының маңызы айрықша. Бұл өңірде ірі әлемдік ойыншылардың мүдделері бар. Сондықтан аймаққа мұқият назар аударылатынын ұмытпау керек.

Каспий маңындағы бес елдің үшеуі, яғни Қазақстан, Әзербайжан және Түрікменстанның теңізге шыға алмайтыны белгілі. Сондық­тан Каспий Қазақстан үшін ма­ңызды су жолы және транзиттік ресурс болып саналады.

– Қазақстан барлық әлемге ашық және Каспий маңы елдері­мен сауда-экономикалық ынты­мақтастықты кеңейтуге ерекше мән береді. Қазақстанның Каспий маңы елдерімен тауар айналымы осы жылдың 6 айында 12,3 млрд теңгені құрады. Көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 7,4 пайызға өскен. Сонымен қатар Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар ағынының оң серпіні байқалады. 2005-2022 жылдары бұл көрсеткіш 19,1 млрд долларды құрады, – деді Ә.Қуантыров Мәскеудің Сколково инновациялық орталығын­да Кас­пий маңы мемлекеттерінің эко­­номикалық ведомстволарының бас­шыларымен өткен бизнес-таңғы аста.

Сондай-ақ Ұлттық экономика министрі Қазақстан өңір елдері арасындағы тауар айналымын арттыруға мүдделі екенін атап өтті.

– Біз көлік бағыттарын әртарап­тандыруға ерекше назар аудара­мыз. Өйткені қазіргі геосаяси жағ­дай дәстүрлі логистикалық тіз­бекті өзгертті. Транскаспий халық­аралық көлік бағдарының байланыстырушы дәлізі транзиттік және сыртқы сауда жүктерін жүзеге асырудың тамаша үлгісі бо­лып саналады. Басқа бағыттардың әлеуетін арттыру үшін Солтүстік-Оңтүстік дәлізін дамыту жөніндегі бірлескен жол картасын әзірлеу ұсынылады, – деді ведомство басшысы.

Оның пікірінше, Каспий маңы елдерінің кооперациялық жобаларды дамыту, өзара инвес­тиция көлемін ұлғайту үшін үлкен әлеуеті бар. Қазіргі таңда Транскаспий бағытын дамыту мақсатында Қазақстан Ақтау мен Құрық Каспий маңы порттарының жүк әлеуетін арттыруда. Сондай-ақ Әзербайжан, Грузия және Түркиямен тарифтік саясатты үйлестіру мәселесі талқыланды.

Қазақстан Ақтау портындағы көлік-логистикалық орталық болып саналатын «Каспий маңы азық-түлік хабы» инвестициялық жобасын қарауды ұсынды. Бұл жоба елдер арасындағы тауар қозғалысын айтарлықтай жеңіл­детеді. Осы жылдың маусым айын­да Ашхабадта Қазақстан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий маңы азық-түлік хабын құруды ұсынды.

Ә.Қуантыров көлік-логис­ти­ка­­лық және инвести­циялық-эко­номикалық белсенділіктің артуын ескере отырып, барлық ел табиғи байлықтарды болашақ ұрпаққа сақтап қалу үшін планетаның ма­ңызды экожүйесі ретінде Каспий теңізінің биологиялық және басқа да ресурстарына ұқыпты қарау керектігін айрықша атап өтті.