Бизнес • 11 Қазан, 2022

Цитрус жемістерін өсіреді

411 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Жансая Мирамбекқызы цитрустық жеміс ағаштары мен құлпынай өсіруді қолға алды. Студент «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жоба ұсынып, жеңімпаз атанды.

Цитрус жемістерін өсіреді

Ол Қызылордада цитрус жемістерін патенттеп, жерсіндіруді бастаған алғашқы кә­сіп­керлер қатарында. Осыған дейін өз тәжі­рибесінде лимонды жерсіндіру мақсатында эксперимент жасап көрген.

– Ең алдымен жылыжайда құлпынай өсіріп көрдік. Жаңа жеміс түрін егіп көру­дегі алғашқы мақсат – жерсіндіру. Оны зерттеп, қала ішінде егіп көрдік те, өсе­тініне көз жеткіздік. Жылыжайда қажетті технологияны сақтай отырып, әртүрлі өнім­ді өсіруге болады. Температурасын, ылғал­дылығын бақылап, қажетті дәрумендер мен қорегін уақтылы өз мөлшерімен беріп, заң­дылықтарын сақтаса, нәтиже беруі мүмкін. Әрине, бұрын егілмеген жаңа жеміс түрлерін еккенде, Қызылорда облысының топырағы бойынша тәжірибе болмағандықтан түрлі қиындық кездесті. Алайда қиындықтың бәрі – тәжірибе, білім. Бүгінде жылыжайда лимон түйнек салып тұр.

Екі жемісті қатар егуді жөн көруіміздің өзіндік себебі бар. Лимон ағашы алғашқы 2 жылында өнім бермейді, бірден түй­нек­темейді. Оларды күту керек. Осы орайда маған жетекшілік жасаған университеттегі ғалымдардың еңбегі зор. Цитрустық жемістер ылғалсүйгіш боп келеді, шыдамдылықты талап етеді. Сондықтан уақытты босқа жіберіп алмау үшін қосымша құлпынай егуді жоспарладық. Құлпынай еккеннен соң 1 айда-ақ жеміс береді. Бұйырса, лимонның алғашқы өнімін жинағанға дейін жергілікті жерге құлпынай сатып, кәсіп бастаймыз, – деді студент.

пр

Жансая Мирамбекқызы – Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда университеті, «Био­логия» мамандығының 4-курс студенті, «Пре­зиденттік стипендия» иегері. Жас кәсіпкер конкурсқа «Қызылорда өңірінде жылыжайда цитрустық жеміс ағаштарын және құлпынай өсіру» тақырыбындағы жобасын ұсынып, 5 млн теңгеге дейінгі қаржылай қолдау тапты. Алдағы уақытта Жансая цитрустық жеміс ағаш­тары мен құлпынай көшеттерін өсіріп, жылыжай жабдықтарын алуды жоспарлап отыр.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қайта­рымсыз грант конкурсына Қызылорда облысы бойынша 700 үміткер қатысып, оның 25-і жеңімпаз атанды. Жансаяның ата-анасы да аталған университеттің жылыжайында жұмыс істеген агрономдар. Бүгінде бұл жоба отбасылық кәсіптің жалғасы болмақ.