Рейтинг үш фактордан құралады. Оның біріншісі – «Білім». Бұл технологияларды зерттеу және ашу үшін қажетті материалдық емес инфрақұрылымды көрсетеді. Екіншісі – «Технология». Цифрлық технологиялардың даму деңгейін санмен бағалайды. Үшіншісі – «Келешекке даярлық». Бұл экономиканың цифрлық трансформацияға дайындық деңгейіне баға береді.
«Әр фактор 3 субфактор және 54 көрсеткіштен тұрады. 2022 жылдың рейтингіне екі жаңа көрсеткіш қосылды – «Үкіметтің киберқауіпсіздік саласындағы әлеуеті» және «Заң бойынша құпиялылықты қорғау». Осы жолғы зерттеуде 63 елге баға берілген. Әлемдік цифрлық бәсекеге қабілеттілік рейтингінің ТОП-5 қатарында Дания, АҚШ, Швеция, Сингапур және Швейцария бар», делінген Экономикалық зерттеулер институтының хабарламасында.
Биылғы рейтинг қорытындысы бойынша Қазақстан 36-орын алған және осы көрсеткішімен Словения (37-орын), Португалия (38-орын), Италия (39-орын), Польша (46-орын) және Түркия (54-орын) сияқты елдерден озып отыр.
«Қазақстан биыл 6 саты жоғары көтеріліп «Білім» факторы бойынша өз позициясын жақсартқан. Ең күрт жақсару «Оқыту және білім беру» субфакторында байқалды. Мұнда Қазақстан ең бәсекеге қабілетті позиция – 1-орынға ие. Бізден кейін Гонконг (2-орын) және Канада (3-орын) елдері орналасқан. «Технология» факторы бойынша позиция өзгеріссіз қалды – 40-орын. Екі субфактор бойынша позиция 1 сатыға жақсарды», делінеді хабарламада.
Қазақстанның позициясы «Келешекке даярлық», соның ішінде «IT-интеграция» субфакторы бойынша төмендеген. Былтырмен салыстырғанда осы субфактор бойынша еліміз 12 сатыға төмендеп, 56-орынға табан тіреген. Сонымен қатар «Мемлекеттік және жеке сектордағы кәсіпорын технологиялық дамуды қолдайды» және «Заң бойынша құпиялылықты қорғау» көрсеткіштері бойынша да еліміздің позициясы мәз емес. Тым төмен.
Қазақстанның Ұлттық даму жоспары бойынша 2025 жылы еліміз әлемдік цифрлық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде 33-орынға көтерілуге тиіс.