Өңірге сапары барысында Мұхтар Алтынбаев жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, педагогтер, кәсіпкерлер, спорт жаттықтырушылары, жастар және оқушылармен бірқатар кездесу өткізді.
Ол мемлекеттік тілде білім беретін мектеп мұғалімдерімен кездесті. Оқу орнының директоры Айгүл Арынғазина қарасулықтар үшін қазақ тілінде білім беретін мектептің ашылуы жергілікті тұрғындар үшін маңызды екенін айтып, қонақты оқушыларға білім беру және дамыту үшін жасалған шарттармен таныстырды.
Кездесу барысында Мұхтар Қапашұлы қарасулықтарға «Қарулы күштердің ардагерлері» РҚБ Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын президенттікке ұсынғанын хабарлады. Ол Мемлекет басшысының демократиялық бастамаларын, заңдылық пен әділеттілік қағидаттарын бекітуге бағытталған дәйекті саясатын атап өтті. «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы көтерілген бастамаларды, реформаларды түбегейлі іске асыру үшін жалпыхалықтық қолдау қажет», деді генернал.
Халық Қаһарманы Жеңіс саябағы мен «Жеңіс» орталық стадионына барды. Спорттық нысанда Мұхтар Алтынбаев жас футболшылармен және жеңіл атлеттермен әңгімелесіп, әскер, Отан алдындағы борыш жайлы сөз қозғады. Балалардың спортқа деген құштарлығын мақұлдап, «бұл олардың дамуы мен жеке қалыптасуына негіз болады» деді.
– Отанды сүйіңдер, әскерде қызмет етуге және елді қорғауға әр кез дайын болыңдар, – деді жастарға Мұхтар Қапашұлы.
«Қарулы күштердің ардагерлері» РҚБ басшысы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ашылған саябақта да болды. Ондағы көрнекті орын – Еңбек ерлері аллеясы. Мұнда ол әкімдіктің өкілдерімен, кәсіпкерлермен және Қарасу ауылдық округінің белсенділерімен әңгімелесті.
Өз кезегінде аудандық мәслихаттың хатшысы Серік Қажиев пен оның сайлау органы бойынша әріптесі аудандық аурухананың бас дәрігері Владимир Голубев Қарасу ауылының әлеуметтік-экономикалық даму жоспарларымен бөлісті.