– Мен 1998-2008 жылдары Жылыой ауданындағы Теңіз кен орнында монтаждаушы болып жұмыс істедім. Кейін вахталық жұмысты қойып, жылқы шаруашылығын дамытуды қолға алдым. Бастапқыда бір үйір жылқым бар еді. Қазір екі үйірге жетті. Үш биені сауамыз. Жылқыға қандай азық беруді білмей, жүйрік баптау, санын көбейту мүмкін емес. Бір қарағанда, шөп берумен іс біткендей көрінуі мүмкін. Жылқының алдына үйіп-төкпей, қажетті азықты өлшеп, есептеп беру керек екен. Ең табиғи азық – дала шөбі. Жаңа орылған шөп болса, тіпті нәрлене түседі. Жануар баптауыңа қарай сүт береді, – дейді Талап Қажимов.
Ерлі-зайыптылар саумал мен қымыз сатуды 2017 жылы бастаған. Отанасы Зәмзагүл Жаңабаева ауылдағы Қ.Қалыбеков атындағы орта мектепте биология пәнінен дәріс береді. Алғашында саумал сату туралы ойы болмаған.
– Енемнің асқазаны ауырып, сол кісінің денсаулығы үшін бие саууды бастадым. Саумалды күнделікті үзбей ішкеннен кейін енемнің денсаулығы жақсарды. Содан бері биені үзбей сауып келемін. Жүзге жуық тұрақты тұтынушымыз бар. Бие саууды мамыр айынан қазанға дейін жалғастырамын. Бір бие күніне 6-7 рет сауылады. Бір сауғанда 1 литр сүт береді. Саумалды әр адам диагнозы мен тәбетіне қарай әртүрлі мөлшерде ішеді. Қазір сұраныстың көбі Атырау қаласынан болып тұр, –дейді Зәмзагүл Жаңабаева.
Енді ерлі-зайыптылар мемлекет тарапынан берілетін қолдауды пайдалануға ниет етіп отыр. Сөйтіп отбасылық кәсіпті кеңейтпек.
Атырау облысы