26 Мамыр, 2010

ТҮБІ БІРДІҢ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ ДА БІР

1116 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Көшпелілер мәдениетінің тұ­тас­тай әлемін өмірге әкелген түркі дү­ниесінің өркениет дамуына қан­ша­лықты үлес қосқандығы тілдің үс­тіне салынбайтын заман артта қал­ғалы ес жиған түбі бір жұрт жан-жа­ғына бажайлай қарап, құнды­лық­­тарын саралап, жәдігерлерін жо­ғалтып алмаудың қамына кіріс­кен. Бұл ретте түркітілдестердің сәу­лет өнері мен қала құрылысына арналған құрылтай өткізудің дәс­түрге айналуының маңызы жоғары. Түркі  сәулет өнері мен қала құ­ры­лысының озық үлгілерін насихат­тау­мен бірге, әлемдік қоғамдас­тық­тың назарын түркі әлемінің ежелгі сәулет өнері ескерткіштерін сақтауға және оның бүлінуін болдырмауға аударумен қатар, қала құрылы­сы­ның ежелгі дәстүрлері мен за­манауи ұстанымдарын үйлесімді ықпалдастыру мақсатын бетке ұс­тай, түркітілдес мемлекеттердің сәу­лет өнері мен қала құрылысы саласындағы жетістіктерін көрсету­ді ниет ететін бұл жолғы басқосуға 26 елдің сәулетшілері жиналды. Жалпы, Түркітілдес елдердің сәулет өнері және қала құрылысы бой­ын­ша ІІІ құрылтайын Астанада өткізу туралы шешімді 2008 жылы Ан­ка­рада Халықаралық түркі мәдениеті мен өнерін дамыту ұйымы және Қазақстан мен Түркия сәулетшілері мен қала құрылысшыларының шығармашылық одағы қабылдаған болатын. Әр дәуірде түркі жұртында қала салу мәдениетімен тарихта қалған кенттер, қалалар баршылық екен­дігі аян. Ал XX ғасырдың аяғы мен XXІ ғасырдың басында түркі әле­мінде өзінің жаңа ордасын салған жұрт – Қазақ елі. Сол себептен де Н.Фостер, К.Куракава, Э.Габс­бургс­кая сынды әлемге әйгілі сәу­летшілер келбетінде қолтаңбасын қал­дырған Астана қаласында сәу­летшілер құрылтайының өткізілуі, онда келелі мәселелердің қозғалуы шығармашыл адамдарға біраз азық болатындығы өз-өзінен түсінікті. Құрылтайда мейман күткен қа­ла­ның әкімі Иманғали Тасмағам­бетов форум қатысушыларына арнаған құттықтау сөзінде “Сәулет – таспен қаланған тарих” деген. Бүгін осынау ұлт пен ұлыстың бол­мысын айшықтайтын текті сала­да­ғы бүкіл түркі әлемі үшін игі дәс­түрге айналған құрылтай өз жұмы­сын Астанада жалғастырып отыр. Олай болса, қонақжай қазақ жері­не, еңселі елордамызға хош келді­ңіздер, деп шараның әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан, қа­зіргі таңдағы ең ұшқыр ойлы сәу­летшілерді қызықтыратын, тәжіри­бе­лік және инновациялық мүмкін­дікке толы қалалардың бірінде өтіп жатқанын қаперге салды. Иманғали Тасмағамбетов Қазақстанның Түр­кітілдес елдердің сәулет өнері және қала құрылысы бойынша құрыл­тайы мен қала құрылысы форумы­на деген қызығушылығы жылдан жылға артып келе жатқанына назар аударып, түркітілдес халықтардың сәулет өнерінде ғылыми-тәжіри­бе­лік зерттеу жүргізу үрдісінде түркі­тілдес елдердің күшін біріктірудің маңыздылығын баса айтты. Сондай-ақ, түркі дүниесіне тән сәулет өнері мен қала өркениеті қашанда ұрпақ бойына қазық, ғылыми ортаға азық болып келе жатқан жасампаз тақырып. “Қа­рым­ды ел қалаға бай” деген. Оған дәлел сонау Анадолыдан Алтайға дейінгі атыраптағы сан-алуан қала мен саф алтындай сәулет туын­ды­лары. Енді, міне, бұл байлықтың рухани реті Еуразия кіндігіндегі жаңа шаһарға жетіп, алқалы жи­ын­ға арқау болып отыр. Ол да болса, бүгінде алысқа таныс, жақынға мәшһүр болған егемен еліміз бен асқаралы Астанамыздың әлем алдындағы биік абыройының куәсі. Өз кезегінде түркі әлемінің шебер сәулетшілері мен мамандарының басын қосқан бұл жиынның ортасы еліміздің әр тарабынан келген құрылыс майталмандарымен толып отыр. Осынау екі игі шараның басы бір уақыт, бір арнада тоғысуы да тек жақсылыққа жетелеген, жа­сам­паз дүние болды, деген Астана әкімі бүгінгі күні жоғалып кету қаупі мен бүліну жағдайында тұр­ған ежелгі дүние мәдени үлгілерін сақтау мәселелерін шешудің ма­ңыздылығын, бірлескен ізденіс­тер­дің түркі дүниесінің өзіндік ерек­шелігін сақтауға және дамытуға серпін беретінін атап өтіп, бүгінгі басқосудың берері бар екеніне екпін түсірді. Ыстамбұл қаласының мэрі Ка­дыр Топбаш және Түркия Инже­нер­лер мен сәулетшілер одағының төрағасы Ильяс Демержидің құ­рылтайға жер-жерден жеткен сәу­летшілер алдында сөйлеген сөздері де зор ықыласпен тыңдалды. Жібек жолы өркениетінің жа­са­луына қатысқан жұрттың мұра­гер­лері жиналған басқосуда Қазақ елі тарапынан археология саласындағы ортағасырлық Қазақстан мен Орта­лық Азияда халықтың қалаларға шоғырлануы туралы ғылыми зерт­теулердің нәтижелері ұсынылып, Ұлы Жібек жолын зерделеудің тың деректері алға тартылды. Сонымен қатар, қазақстандық ғалым Бек Ибраев Қорқытата және Зарату­штра тарихы туралы, Қазақстан Дизайнерлер одағының президенті Тимур Сүлейменов көшпелілер сәулет өнерінің бірегей феномені – Маңғыстау жайында, сондай-ақ, “Алтын Аймақ Жетісу” этномәдени бел­дігі туралы Қазақстан Қала құ­рылысшылары одағының прези­ден­ті Любовь Нысанбаева әңгімеледі. Ал жыл сайын өткізілетін “Қа­зақстан қала құрылысшыларының форумы – 2010” мақсаты құрылтай алға қойған міндеттерден алшақ емес, қайта сабақтасып, қабысып, қанаттасып жатыр. Оның құрыл­тай­мен қатар өткізілуі де оған қа­ты­сушылардың қала құрылысы мен сәулет өнері саласындағы мәселе­лер­ді бірлесе талқылап, тәжіри­бе­лерімен бөлісуіне игі ықпал етпек. Журналистерге арналған бас­па­сөз мәслихатында Түркі мәдениеті мен өнерін дамыту ұйымының (Түркісой) бас хатшысы Дүйсен Қасейінов: Түркісойды кейде түркі жұртының ЮНЕСКО-сы деп атап жатады. Шынында да әлемдік өр­кениеттің дамуына өлшеусіз үлес қос­қан түркі әлемінің мәдениет ес­керткіштерін сақтауда біздің ұйым осы міндетті атқарғысы келеді. Мы­салы, біздің елдің екі ескерткіші – Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Тамғалы ғана ЮНЕСКО қорғайтын әлемдік жауһардың қатарына енгізілді. Ал біздің елімізде де, тұтастай түркі жұртында да қорғауды қажет ететін ескерткіштер қаншама, дей келіп, алда солардың тұтастай тізімі жасалуының маңызына тоқталды және әлі осы жауһарларды бір ізге түсіріп, айналымға енгізетін энци­клопедиялық дүние жазылмаған­дығын алға тартты. Қала құрылысшыларының форумындағы “семинар-көрмеде” дөңгелек үстел басында қойылған мәселелер тек талқыланып қана қоймай, заманауи компьютерлік кес­теде, макеттер мен фото экспо­зицияларда сәулет-қала құрылы­сы­ның көрнекті жобалары да көр­се­тілді. Атап айтқанда, бұл жоспарлар қаланың ірі тұрғын үй аудандары­ның жобалары, кешендер мен рекрационды аймақтар. Көрмеге келушілер Қазақстанның жетекші сәулет, қала құрылысы және құрылыс фирмаларының жобалары болды. Бұл көрмеден ойып тұрып орын алған 100 көрсетілім ішінен жоғары технологиялық бір ғана құрылыс материалымен бірге, біртұтас қаланы салу жобасын да кездестірдік. Исмаил Гаспринскийдің “Тіл­де, пікірде, істе бірлік” деген сөзі Жібек жолы өркениеттері Түр­кі­тіл­дес елдердің сәулет өнері және қала құрылысы бойынша құрылтайы мен Қазақстанның қала құрылысы форумында өзінің жалғасын тауып жатты. Түбі бір жұрттың құндайтын қазыналары да бір екеніне осы­лай­ша көз жеткізгендей болдық. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.