Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Ұлт байлығы – ұрпақ несібесі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Бюджет қаржысын жəне жалпыұлттық байлықты талан-таражға салатын жемқорлық əрекеттер мен оның астыртын жолдарын ұйымдастырушыларды іздеуге, түпкі амал-тəсілдерін анықтауға барынша күш салу өте маңызды», деген болатын. Президент сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін жиі еске салады. Оның пікірінше, заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек. Бұл ретте, Президент соңғы жылдары бірқатар маңызды қадам жасалғанына назар аударады. Соттардың сапалы қызмет атқаруы үшін нақты шаралар қабылданғанын атап өткен жөн. Кейінгі үш жылда 200-ге жуық судья жұмыстан шығарылды, я болмаса лауазымы төмендетілді. Қылмыстық процестің үш буынды үлгісі енгізілді. Соның нәтижесінде прокурорлар былтыр үш жарым мыңға жуық адамның қылмыстық процеске негізсіз тартылуына жол берген жоқ. Басқа да бірқатар институционалдық шара жүзеге асырылып жатыр.
– Жемқорлық әрекеті үшін сотталған азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Соттарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бергендерге және делдалдарға қатаң жаза қолданылатын болды. Былтырдан бері жалпыға бірдей салық декларациясын тапсыруды бастадық. Осы және басқа да шаралар айтарлықтай нәтиже беріп, жемқорлық деңгейі төмендеді. Дегенмен түбегейлі өзгеріс әкелген жоқ. Мұны ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз әлі де күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келуде, – деген еді Президент жыл басында өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте.
Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары батыл әрекет етпей, сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес жүргізу мүлде мүмкін емес деп санайды. Көп жыл бойы олар мәселені терең зерттемей тұрып, пара алушыларды қылмыс үстінде ұстап келді. Әртүрлі адам бір лауазымды атқарып отырып, бірдей мәселелерді шешкені үшін кінәлі деп танылған. Жемқорларды тұрақты түрде ұстап, түрмеге қамап отырған. Ал сыбайлас жемқорлықтың белең алуына қатысты себептер мен жағдайлар ешкімді қызықтыра қоймаған. Тек соңғы жылдары ғана осы мәселеге назар аударыла бастағаны байқалады.
Анығы сол, қай жерде ақша көп, сол жерде парақорлықтың исі шығады. Елімізде көбіне ауыл шаруашылығы, кеден, құрылыс, білім беру, коммуналдық бағыт, денсаулық сақтау салаларында сыбайлас жемқорлық фактілері көп тіркеледі. Бір ғана агроөнеркәсіп кешенінің айналасында дау-дамай, айғай-шу толастар емес. Нақтыласақ, ауыл шаруашылығындағы субсидияларға байланысты жемқорлық деректері көп анықталады. Соңғы 5 жылда мемлекет аграрилерді қолдау үшін екі триллион теңге бөлген. Осы уақыт ішінде аталған салада 960 қылмыстық іс тіркеліп, 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл сала жылдар бойы жемқорлыққа белшеден батып жатыр.
«Соның кесірінен мемлекет үлкен зиян шекті, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келді. Атап айтқанда, жайылымдық жерлерді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмаған. Былтыр қуаңшылық болған кезде шаруалар жем-шөп таппай, мал қырылып қалды. Тіпті, кейбір өңірде шаруаларға субсидия ретінде күн батареясы берілген. Ашығын айтқанда, ауыл тұрғындарына не қажет екеніне ешкім бас қатырмаған. Субсидияны игердік деп есеп беру үшін сол күн батареяларының бағасы еселеп көрсетілген. Мұның бәрі уәкілетті органдардың жауапсыздығынан болған. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер мұндай былыққа жол бергені үшін жауап беруі керек», деген болатын Президент.
Заң бұзғандар айылын жия ма?
Ендігі жерде елімізде мемлекеттік қызметшілердің табысы мен шығыны бақылауға алынуы мүмкін. Мәжіліске түскен заң жобасында шенеуніктердің табысы мен шығыны арасында айырмашылық байқалса, оларға санкция салынатыны көрсетілген. Яғни айырмашылық 1 мың айлық есептік көрсеткіштен асса, оған сол айырмашылықтың 90 пайызына тең болатын айыппұл салынады. Ал шығын мен кіріс арасындағы табыс мемлекеттік қызметшінің жылдық табысынан асып кетсе, қызметінен босатылады. Бақылау мемлекеттік қызметкердің декларациясына ғана емес, туыстары мен отбасы мүшелерінің шығынына да жүргізілетінін атап өткен жөн.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұсынған жартыжылдықтың қорытындысына көз жүгіртейік. Елімізде 6 айдың ішінде 1 300-ден астам сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген. Жымысқы әрекетке барған 800-ден астам тұлғаның 140-ы түрлі деңгейдегі басшылар екен. Сотқа 592 іс жолданып, 357 жемқор сотталған. Белгілі болғандай, әзірге шелек жалағандардан гөрі айран ішкендермен күрес күшейтіліп жатқан көрінеді. Нақтыласақ, экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға және оларды мемлекет меншігіне қайтаруға байланысты істерді тергеу ерекше бақылауда тұр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде мемлекетке 430 млрд теңге немесе шамамен 1 млрд АҚШ доллары сомасына активтер қайтарылыпты.
– Заңсыз шетелге шығарылған қаражат пен мүлікті елге қайтару мақсатында халықаралық ынтымақтастықты күшейту керек. Таяуда Еуропа Кеңесінің тарапынан Қазақстанға еуропалық Сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы Конвенцияға қосылу жөнінде ресми шақыру хаты келді. Енді Конвенцияға қосылу үшін қажетті процедураларды қолға алатын боламыз. Бұл конвенция шетелден коррупционерлер мен ұрланған активтерді қайтару жолындағы мүмкіншіліктерімізді кеңейтеді. Еуропа Кеңесінің Коррупцияға қарсы мемлекеттер тобының мүшесі болу – еліміз үшін өте маңызды қадам. ГРЕКО-ның толыққанды қатысушы ретінде алғашқы монтирингтік раундтар шеңберінде бізге берілген 27 ұсынымын орындау үстіндеміз, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов.
Құзырет һәм адал қызмет
Сыбайлас жемқорлық індеті заманмен бірге ілесіп, мол қаражат қайда болса, сол жерге тамыр жайып келеді. Кеселмен күресу сонау ежелгі заманда пайда болған. Сазға жазылған сына жазудың арқасында қазіргі уақытқа дейін жеткен тарихи мәліметтерге сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресуші боп танылған бірінші билеуші б.з.д. 2400 жылда өмір сүрген шумерлік билеуші болған. Ол жемқорлық үшін өте қатал жаза енгізген. Өкінішке қарай, деректерде оң нәтижеге жеткен-жетпегені туралы айтылмаған.
1787 жылы қабылданған АҚШ Конституциясына сәйкес сыбайлас жемқорлық президентке сенімсіздік жариялануға себеп болатын екі қылмыстың бірі болып табылады. Тарихта сыбайлас жемқорлықпен сәтті күрес жүргізген елдер бар. Солардың бірі – Франция. XVIII ғасырдың аяғында бұл елде якобиндік диктатура құрдымға кеткеннен кейін мемлекет тарихындағы ең сыбайластық тәртіп директория орнады. Жаңа билік басқарған жылдары Франция құлдырады. Кейін билікке бірінші консул болып сыбайлас жемқорлықпен батыл күрес бастаған Наполеон келді. Бұл күрес қатыгездікке емес, жазаның бұлтартпастығына сүйенген. Бірнеше ай ішінде Наполеон керемет жетістіктерге жетті, сонымен қатар директория кезінде ұрланған ақшаларды қазынаға қайтарды.
Қазіргі уақытта сингапурлық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес моделі үздіктердің қатарында. Сингапур Тәуелсіздік алған сәтінде 1965 жылы сыбайлас жемқорлығы ең жоғарғы көрсеткішті ел болған: шенеуніктерге парасыз бір шешімді қабылдауға да рұқсат берілмейтін. Індеттің тамырына балта шабу үшін заңдар қатаң болды және соттық жүйе тәуелсіздігі жоғарылады. Бар-жоғы бірнеше жылдан соң осы сияқты іс-шаралар кешенінің нәтижесінде сыбайлас жемқорлық деңгейі жедел төмендеді. Қазіргі уақытта Сингапур әлемде сыбайлас жемқорлық көрсеткіші ең төмен мемлекеттердің алғашқы ондығына енеді.
Қазақстан – ТМД елдерінің ішіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы арнайы заң қабылдаған алғашқы мемлекет. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары сияқты қоғамға қауіпті іс-әрекеттер мемлекетіміздің басқару жүйесін тұншықтырып, өзге маңызды салалардың дамуына нұқсан келтіріп жатыр. Шын мәнінде адал қызмет атқаратын мемлекеттік органдардың арқасында ғана еліміздің экономикалық дамуы тұрақты болатыны анық.
Жақында Дүниежүзілік банк әлемнің 214 еліндегі ең беделді жыл сайынғы «мемлекеттік басқару индикаторлары» зерттеулерінің соңғы нәтижелерін жариялады. Бұл тізімде Қазақстанның 6 позицияға өскенін байқауға болады. Жемқорлықты бақылау индексі бойынша қазір еліміз 102-орында тұр. Бағалау 6 индекс бойынша жүзеге асырылады: «Сыбайлас жемқорлықты бақылау», «Мемлекеттік басқарудың тиімділігі», «Заңның үстемдігі», «Реттеуші ортаның сапасы», «Саяси тұрақтылық» және «Халықтың пікірін есепке алу және мемлекеттік органдардың есептілігі». Нәтижелер процентиль шкаласы бойынша көрсетіледі, яғни төмен көрсеткіштері бар елдердің пайызы көрсетіледі. Сыбайлас жемқорлықты бақылау индексі бойынша Қазақстан кестенің дәл ортасында тұр. Өткен рейтингте біздің елден төмен нәтижелер елдердің 42 пайызын көрсетсе, жаңа рейтингте – 48 пайыз. Осылайша, бір жыл ішінде Қазақстан өз позициясын 6 тармаққа жақсартты, ал жалпы соңғы 5 жылда екі еседен астам өсім байқалады. Осы жылдың көрсеткіші еліміздің осы рейтингке қатысқан барлық уақыт ішінде ең жоғары көрсеткіш болып саналады. Біздің елден кейінгі қатарларда Аргентина, Бразилия, Индонезия, Марокко, Сербия, Түркия және басқа да мемлекеттер орналасқан.