Экономика • 12 Қазан, 2022

Бұл жөндеу бұрынғыдан өзгерек

1192 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ел экономикасындағы жетекші саланың бірі – мұнай-газ өнер­кәсібі. «Қара алтыннан» жанар-жағармай түрлерін шыға­ратын Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарлы жөндеу жүріп жатыр. Бірақ бұл жөндеудің бұрынғыдан өзгерек екені байқалады.

Бұл жөндеу бұрынғыдан өзгерек

Бұлай деуіміздің бірнеше себе­бі бар. Зауыттың бас дирек­торы Мұрат Досмұратовтың дере­гіне сүйенсек, біріншіден, Энергетика министрлігі бекіткен кестеге сәйкес технологиялық қондырғыларды кезекпен жөндеу мұнай өнімдерін шығаруды тоқ­тат­пауға мүмкіндік беріп отыр. Қазақ­стан­дағы мұнай өңдеу зауытта­рын­да жоспарлы жөндеудің дәл осын­дай тәсілі бұрын-соңды қолданылмаған.

Екіншіден, бұл – Атырау мұнай өңдеу зауытының тарихындағы ең күрделі жөндеу. Зауытта бұған дейін мұндай көлемдегі жөн­деу жұмыстары болған емес. Сол себепті жоспарлы жөндеу қара­ша­ның ортасына дейін созылады. Тех­нологиялық қондырғылар мен құ­рыл­ғылардың кейбірі 20 күн­дік мерзімде жөнделеді. Ал катали­тика­лық крекинг процесі жүретін ең күрделі қондырғы 45 күнге жуық уақыт жөндеуде болады.

Үшіншіден, зауытта тізбекті жөндеу тәсілі қолданылып отыр. Өйткені кәсіпорында мұнайды бастапқы өңдеуге арналған екі қондырғы бар. Технологиялық қондырғылардың бір тізбегі жөндеуге тоқтатылғанда, екінші тізбегі жұмыс істей береді. Міне, осы себептен зауыттың жұмысы толық тоқтатылмайды.

Төртіншіден, алдағы уақытта зауыт жөндеуді кезең-кезеңімен, бір жылда бір тізбекті жөндеуден өткізуді жоспарлап отыр. Жөндеу­дің мұндай жүйесі мұнай өңдеу көле­мін ұлғайтып, өнімдер санын арт­­тыруға жол ашады. Бұл Атырау мұ­най өңдеу зауытының отандық жа­нар-жағармай нарығына әсері аза­йып, жөндеу жұмыстары кезін­де әлеуметтік маңызы бар мұнай өнімдерін шығару қамтамасыз етілмек.

Бұрынғыдан өзгеше жөндеу жүргізіліп жатқан зауыт биылғы 9 айда 4,2 млн тонна мұнай өңдеді. Бұл жыл басында бекітілген жоспардағы көрсеткіштен 112 мың тоннаға артық. Зауыт ұжымы 1 млн тонна автобензин, 1,2 млн тонна дизельді отын, 114 мың тонна әуе отыны мен басқа да мұнай өнімдерін шығарды. Ал қазан, қараша айларында 692 мың тонна мұнай өңдеу жоспарланып отыр. Мұнай өңдеудің орташа тәуліктік көрсеткіші 11 347 тоннаны құрайды. Мұнай өнімдерін шығарудың орташа тәуліктік көрсеткіші 2 400 тонна автобензин, 2 600 тонна дизельді отын, 240 тонна реактивті отын және 170 тонна сұйытылған газды құрамақ.

Міне, еліміздегі ең байырғы кәсіп­орын­ның өндірістік көрсет­кіш­терінде осындай оң динамика байқалады. «ҚазМұнайГаз» ұлт­тық компаниясы» АҚ басқар­ма төрағасы Мағзұм Мырзаға­лиев за­уыттағы жоспарлы жөн­деу жұмыстарының бары­сын қада­ғалап, оны сапалы әрі мер­зімінде іске асырудың маңызына тоқталды. 

– Өткен жылы Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеу жұмыс­тары­на тоқтатылған жоқ. Бұл бір жыл ішінде мұнай өңдеу көле­мін ре­корд­ты көрсеткішке дейін жет­кізу­ге мүм­кіндік берді. Ал биылғы жоспар­лы жөндеу зауыт жұмысын толық тоқ­татпай-ақ жүзеге асырылып жа­тыр. Қазір зауыт жөндеу жұмыс­тары жүргізіліп жатса да 50-70 па­йызға тең қуатпен жанар-жағармай шығарып, тұтынушыға жө­нел­туді жалғастырып отыр. Сол себеп­ті Атырау мұнай өңдеу за­уыты өн­дірістік жоспарды толық орындайтынына сенемін, – дейді М.Мырзағалиев.

Отандық компания басшысы зауытта кездесу өткізгені мәлім. Онда бұдан басқа да бірнеше мәселе қозғалды. Біріншіден, зауытты энергиямен қамтамасыз етудің сенімділігін арттыру қажет. Зауыт қондырғыларының іркіліссіз өнім өңдеуі үшін «KEGOC» АҚ-мен бірлескен жұмыс атқарылып жатыр. Мақсат – зауытты энергия­мен үздіксіз қамтамасыз ету.  

Екіншіден, Tazalyq жобасын іске асыру мерзімінде аяқталуы керек. Бұл – зауыттың Атырау қала­сындағы экологиялық ахуалды жақ­сартуға бағытталған эколо­гия­лық жобасы. Қоршаған ортаға жа­ғымсыз әсерді барынша азайту­ды көздеген жоба 2023 жылдың соңында аяқталатыны жоспарланған. Жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде «АМӨЗ» ЖШС-ның механикалық тазарту құрылыстарын қайта жаңарту көз­делген. Екінші кезеңде сар­қынды суларды тазарту сапасы нор­мативтік көрсеткіш­терге дейін жет­кізіледі. Тазарту құры­лыс­тарының ашық бөлігінен атмосфераға зиянды булану, ал булану алаңдарынан қоршаған ортаға әсері тоқтатылады.

Бұл экологияның жақсаруына айтарлықтай әсер етеді. Өндірістің жерас­ты суларына, Атырау қала­сы­ның флорасына, фаунасы мен атмосфералық ауасына теріс әсері жойылады. Жобаға сәйкес АМӨЗ-дің тазартылған ағынды сулары жаңа жабық каналмен қалалық кәріз-тазарту құрылыстарына жіберілетін болады. Толығымен жабық болатын бұл каналдан қоршаған ортаға зиянды заттардың түсуіне жол берілмейді.

Үшіншіден, «Теңіз» кен орнынан өндірілген мұнайды өңдеу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Осы кезге дейін ең ірі кеніштің мұнайы «Теңіз-Новороссийск» құбыры арқылы экспортталады. Қазір кен орнында «қара алтын» өндіруді жыл сайын 12 млн тоннаға арттыратын екі жобаны іске асыру аяқталуға таяды. Жобаны алдағы жылы іске қосу жоспарланып отыр. Сол кезде кен орнынан мұнай өндіру көлемі жыл сайын 37 млн тоннаға жетпек.

«Теңіздің» тереңінен алынған мол мұнайдың бір бөлігі Атырау­дағы зауытта өңделсе, жанар-жа­ғармай түрлерінің саны молаяты­ны даусыз. Бұған мұнай өңдеу зауы­тының мүмкіндігі мол. Себебі мұн­да бірнеше рет жаңғырту жоба­с­ы іске асырылды. Оның ішін­де мұ­най­ды терең өңдеу жобасы да бар.

Төртіншіден, цифрландыру мен автоматтандыру мәселесінің маңызы зор. Мұнай өңдеу саласы да жаһандық үрдістен шет қалмай, ең озық технологияның жетістік­терін өндіріске енгізіп отыр.

 

Атырау облысы