Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен өткен Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында президенттікке кандидат Жұматай Әлиевтің сәйкестігін анықтау мәселесі қаралды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова баяндама жасады. Ол Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Жұматай Әлиевке қатысты сайлау туралы Конституциялық заңның 59-бабының талаптарына сәйкес ОСК уәкілетті мемлекеттік органдарға тиісті сұрау салулар жіберілгенін хабарлады. Құзыретті мемлекеттік органдардан келген мәліметтерге сай азамат Жұматай Әлиевке Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат ретінде тіркелуге кедергілер жоқ екені анықталды.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше Жұматай Әлиев Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттарға қойылатын Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сәйкес келеді. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Жұматай Әлиев тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы, Қазақстанда соңғы 70 жыл бойы тұрады. Мемлекеттік қызметтегі және сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі – 6 жыл 9 ай. Әділет министрлігі ұсынған деректерде президенттікке кандидатты ұсынған «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінің Әділет министрлігінде тіркелгені туралы құжаты бар. Лингвистикалық комиссияның 2022 жылғы 12 қазандағы қорытындысы негізінде мемлекеттік тілді еркін меңгергені расталды. Жоғары білімі бар (дипломның түпнұсқасымен салыстырып тексеру жүргізілді).
Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясы Нұржан Әлтаевтың Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттыққа сәйкестігін белгілеу рәсімін тоқтатты.
Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында Нұржан Бауыржанұлы Әлтаевтың сәйкестігін анықтау мәселесі қаралды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов баяндама жасады. Ол Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Нұржан Бауыржанұлы Әлтаевқа қатысты сайлау туралы Конституциялық заңының 59-бабының талаптарына сәйкес ОСК уәкілетті мемлекеттік органдарға тиісті сұраулар салулар жіберілгенін хабарлады. Құзыретті мемлекеттік органдардан келген мәліметтерге сай азамат Нұржан Бауыржанұлы Әлтаевқа қатысты Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат ретінде тіркелуге кедергілер жоқ екені анықталды.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне сай Нұржан Әлтаев Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарға қойылатын Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сәйкес келеді. Ішкі істер министрлігі Нұржан Бауыржанұлы Әлтаев тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы, Қазақстанда соңғы 44 жыл бойы тұрады. Мемлекеттік қызметтегі және сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі – 5 жыл 2 ай. Әділет министрлігі ұсынған мәліметтерге сәйкес Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидатты ұсынған «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тіркелгені туралы құжаты бар. Лингвистикалық комиссияның 2022 жылғы 11 қазандағы қорытындысы негізінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Жоғары білімі бар.
Сонымен қатар 2022 жылғы 11 қазанда Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына Астана қаласы Байқоңыр ауданы сотының «Мұқалмас» РҚБ жалпы жиналысының Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат ұсыну туралы 2022 жылғы 6 қазандағы №19 хаттамасының қолданылуын тоқтата тұру туралы ұйғарымын дереу орындау талабы келіп түсті. Соттың шығарған шешімі негізінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының 76-бабының 3-тармағына сәйкес кандидат Әлтаев Нұржан Бауыржанұлының Орталық сайлау комиссиясымен сәйкестігін белгілеу тоқтатылды.
Орталық сайлау комиссиясы Салтанат Тұрсынбекованың Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттыққа сәйкестігі туралы қаулы қабылдады.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов баяндама жасады. Ол Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбековаға қатысты сайлау туралы Конституциялық заңының 59-бабының талаптарына сәйкес ОСК уәкілетті мемлекеттік органдарға тиісті сұрау салулар жіберілгенін хабарлады. Құзыретті мемлекеттік органдардан келген мәліметтерге сай азамат Салтанат Тұрсынбековаға Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат ретінде тіркелуге кедергілер жоқ екені анықталды.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше Салтанат Тұрсынбекова Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттарға қойылатын Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сәйкес келеді. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Салтанат Тұрсынбекова тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы, Қазақстанда соңғы 23 жыл бойы тұрады. Мемлекеттік қызметтегі және сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі – 22 жыл 10 ай. Әділет министрлігі ұсынған деректерде президенттікке кандидатты ұсынған «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Әділет министрлігінде тіркелгені туралы құжаты бар. Лингвистикалық комиссияның 2022 жылғы 12 қазандағы қорытындысы негізінде мемлекеттік тілді еркін меңгергені расталды. Жоғары білімі бар.