Қоғам • 12 Қазан, 2022

Шеткері ауылдарға шекеден қарамайық

345 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында қазіргі кезде еліміздегі 650 ауылдық елді мекенде емдеу мекемесі болмағандықтан, 1 млн-нан астам адамның бастапқы медициналық-санитарлық көмек алу мүмкіндігі жоқтығын айтып, Үкіметке алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер салып, оларды қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етуді тапсырды.

Шеткері ауылдарға шекеден қарамайық

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Ал өткен жылы ауылдықтардың өмір сүруінің орташа ұзақтығы 70,79 жас­ты құрап, қалалықтардан (69,91 жас) сәл артық болыпты. Соған қарап, ауылдағы ағайындардың жаны сірі-ау деген ойға қаласың... Денсаулық сақтау министр­­лі­гінің мәліметіне сүйенсек, бү­гінгі таңда тек Қарағанды, Қос­та­най және Ұлы­тау облыс­та­рының ауылдық елді ме­кен­­­дері (АЕМ) медицина ұйым­да­ры­­мен түгел қамтамасыз етіл­ген. Сон­дай-ақ Қызылорда (3 АЕМ), Жетісу (4 АЕМ), Жам­был (5 АЕМ) облыстарында ме­ди­­циналық пункті жоқ ауыл аз. Ал бастап­қы медициналық-сани­тарлық көмек көр­сететін ем­деу мекемесінсіз қалған ауыл­дар, әсі­ресе демографиялық жағ­да­йы күрделі Солтүстік Қазақ­стан облысында көп. Нақты айтсақ, Қы­зылжар өңірінің 80 ауы­лын­дағы медициналық пункт­тер бұдан он шақты жыл бұрын «еуропалық стандарттарға сәйкес оңтайландыру» науқанындағы асыра сілтеудің құрбаны болып, жергілікті тұрғындардың наразылығына қарамай жабылған.

Осы себеппен бүгінде Шығыс Қазақстан (69 АЕМ), Батыс Қазақстан (67 АЕМ), Павлодар (64 АЕМ), Ақмола (60 АЕМ), Атырау (45 АЕМ), Абай (40 АЕМ), Ақтөбе (20 АЕМ), Түркістан (16 АЕМ), Алматы (12 АЕМ), Маңғыстау (8 АЕМ) облыстарының бірқатар ауылдық елді мекенінде де меди­ци­налық пункт жоқ.

Бұл ретте халық денсаулығын ны­ғайту басты міндеті болып сана­латын Денсаулық сақтау министр­лігінің қазіргі ұста­ны­мына да қайран қалып, қарның ашады. Себебі ол тұрғындарының саны 50-ден кем ауылдық елді мекендерде медициналық пункт ұстауды және жаңа­ла­рын салуды тиімсіз деп санап отыр.

Сон­­дай шағын ауылдардың тұр­ғын­дарына бастапқы медици­на­лық-са­ни­тар­лық көмек көр­сету 10 ша­қы­рымнан аспайтын қа­шық­тықта орна­ласқан ауыл­дар­да­ғы фельдшерлік-акушер­лік пункт­тер мен дәрігерлік амбула­торияларға жүктеліпті. Алай­да еліміздің денсаулық сақтау ве­домст­во­сының шені жоғары ше­неу­ніктері климаты жайлы оңтүстік және батыс өңірлер мен қысы қатал солтүстік және шығыс өңірлердің арасындағы елеулі айырмашылықты ескермегені анық. Мәселен, Солтүстік Қазақс­тан­ның қатты боранды күндерінде ауданішілік жолдарды қар басып, жауып тастап, Жедел жәрдем көліктері түкпірдегі аз үйлі ауыл­дар­да тұратын науқастарға дер кезінде жете алмайды. Мұндай кешігу кейде қай­ғы­лы  жағдайда аяқталып жататыны жасырын емес.

Осы мәселенің мәнісіне үңіл­сек, «Қа­зақстан Респуб­ли­ка­сының әкiм­шiлiк-аумақтық құрылысы туралы» заңның 2-бабының 3-тармағында: «Халқының саны 50 адамнан аз шаруа қоныстары мен өзге де қоныстар ең жақын маңдағы елді мекеннің құрамына енгi­зi­ледi» деп көрсетілгені сол­түс­­тік және шығыс өңірлердегі тұрғындарының саны жылдан-жылға кеміп бара жатқан талай ауылдағы медициналық пункт­тер­дің алдағы уақытта да жаппай жабыла беруіне «даңғыл» жол ашып беріп тұр деу­ге болады. Сонда қалай – демографиялық ахуалы күрделі об­лыстардың шал­ғай да шағын ауылдарын алда­ғы уақытта да медициналық пункттерімен қоса жаба бермекпіз бе? Мұның өзі ұлттық қауіп­сіз­дік­ке елеулі нұқсан келтірмей ме? Шынтуайтында, аталған заң да кезінде ел өңірлерінің ерек­ше­лік­те­рі жете ескерілмей қабыл­дан­ған сияқты. Парламент депутаттары бұл мәселені назарға алуға тиіс.

Мемлекет басшысы 2020 жыл­ғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағ­дай­­дағы Қа­зақстан: іс-қимыл ке­зеңі» Жолдауында да Үкімет­ке бастапқы дәрігерлік көмек­ті ұйымдастыру тәсілдерін түбе­гейлі қайта қарауды және алдағы үш жыл ішінде барлық ауыл­дық елді мекенді медицина мекеме­лерімен қамтамасыз етуді тап­сыр­ған болатын. Алайда орталық және жергілікті атқарушы орган­дар­дың Президент тапсырмасын орындау барысы ойдағыдай деу қиын. Мысалы, биыл ауыл­дық елді мекендерде, соның ішін­де тірек және серіктес ауыл­дарда небәрі 35 бастапқы меди­ци­­налық-санитарлық қызмет көр­сету объектілерін салып, пай­далануға беру көзделген. Олардың 11-і – Түркістан облысында, 8-і – Алматы облысында, 5-еуі – Қызылорда облысында, 4-еуі – Жетісу облысында, 3-еуі – Атырау облысында, 2-еуі – Жамбыл облысында, сондай-ақ Маңғыстау мен Ұлытау облыстарында біреуден салынбақ. Ал медициналық пункттері жоқ ауылдық елді мекендері басқа облыстарға қарағанда әлдеқайда көп сол­түстік және шығыс өңір­­лерде бірде-бір бастапқы ме­ди­циналық-санитарлық қыз­мет көрсету мекемесін ашу көздел­ме­генін қалай түсінуге болады?

Медициналық пункті жоқ ауыл­дардың тұрғындары көбінесе өз бет­терінше емделіп, халықтық ем-доммен айналысатыны мәлім. Мұның өзі кейде дерттің асқынып кетуіне әкеліп соғып жатады.

Ауылдағы денсаулық сақтау сала­сының жай-күйіне ауыл­дық елді ме­кендердің аудан орта­лық­тарынан қа­шық орналасуы да теріс ықпал етіп отыр. Сондық­тан да білікті дәрігерлер ме­ди­ци­на­лық пункттері жабылып қал­ған ауылдарға жүйелі түрде барып, тұр­ғын­дар­дың денсаулығын тек­се­ріп тұруы қажет дейді мамандар. Осы­ған орай «Са­ламатты Қазақстан» ме­ди­циналық по­йызын республикалық дең­гейде ғана емес, өңірлік деңгейде де ұйымдастырған жөн болар еді.

Бұл ретте көңілге алаң туғы­за­тын бір жайт – Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша бүгінде еліміздегі ауыл халқының 11 пайызы тұратын
2 739 ауыл даму әлеуеті бар һәм келешегі бар ауылдық елді мекендер тізбесіне енгізілмеген. Осыны ескерсек, таяу жылдары түтіні өше­тін шағын ауылдар саны тіпті көбейіп, ауылдағы денсаулық сақтау саласының жағдайы одан әрі күрделене түсетін тәрізді.

Тағы бір түйіні толық тар­қа­тыл­маған маңызды мәселе – ауыл тұр­ғындарының бәрі бірдей міндет­ті әлеуметтік меди­ци­налық сақ­тандыру (МӘМС) жүйесі ар­қылы көрсетілетін жоғары ма­ман­­дан­ды­рыл­ған медициналық көме­кке қол жеткізе алмай отыр­ғаны. Өйткені олардың бір бөлігі тиісті жарнаны төлемегендіктен, МӘМС-пен мүлдем қамтылмай қалған. Мысалы, қазіргі таңда Алматы облысында – 459 110, Түркістан облысында – 369 211, Жамбыл облысында – 161 093, Ақмола облысында – 112 637, Қостанай облысында – 81 847, Шығыс Қазақстанда – 81 426 ауыл тұрғыны МӘМС-тен тыс қалған. Басқа өңірлерде де ондаған мың ауыл тұрғыны осы жүйемен қам­тыл­маған. Сол себепті олардың жоспарлы түрде ауруханаға жа­тып емделу, скринингтерден өтіп қа­ралу сияқты қызметтерді тегін алуы не­ғайбыл. Сондықтан да ауылдық елді мекендердегі жұмыс берушілердің жалдамалы жұмыскерлер үшін МӘМС қорына уақтылы әрі толық мөлшерде аударым жасауын ұдайы қадағалап, тексеріп отыру қажет. Бұған қоса ауылдық жерлердегі өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың ара­сында 2019 жылдан бастап енгізілген Бірыңғай жиынтық төлемнің (БЖТ) ма­ңыз­дылығын түсіндіру жұмысын үз­бей жүр­гізу керек. Сонымен қатар мүд­делі орталық мемлекеттік ор­гандар БЖТ ре­жімінің бес жыл­дық мерзімі келесі жылы аяқ­­та­латынын ескеріп, оның нәти­желеріне осы бастан жан-жақты талдау жасағаны және Үкі­меттің қа­рауына енгізу үшін тиісті ұсы­ныс әзірлегені жөн.

Түйіндей айтқанда, халқымыз­ды азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған асыраушы ауылдағы ағайындардың денсаулығын ны­ғай­ту – Мемлекет басшысы ерек­ше маңыз беріп отырған мем­­лекеттік мәселе. Демек, Ден­саулық сақтау министрлігі мен өңір­лердің әкімдіктері меди­ци­налық пункттері жабылған ша­ғын ауылдарда да Ата Заңы­мы­зда жазылғанындай, еліміздің ең қымбат қазынасы – адамдар тұратынын естен шығармауға тиіс.