Тарих • 13 Қазан, 2022

Үндістаннан жеткен архив құжаттары

573 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Төл тарихымызды түгендеп, зерттеп, зерделеп жазу қазір де аса маңызды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Тәуел­сіздік мүддесіне сай келетін жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ. Мемлекет басшысының осы бір олқылықтың орнын толтыру үшін «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында жаңа мазмұндағы көп томдық тарихты жазуды тапсыруы сондықтан.

Үндістаннан жеткен архив құжаттары

Осы орайда 2019 жылы ұлттық архив қорларын шетелдік архивтерде сақталған Қазақстан тарихына қатысты құжаттық дереккөздермен толықтыруға арналған «Архив-2025» жобасы қолға алынған болатын. Аталған жоба аясында қыркүйек айында қазақстандық делегация арнайы іс-сапармен Үндістанға барды. Делегация құрамында Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры, PhD Ж.Болдықов, Ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің басшысы, археология және этнология магистрі К.Пәрімбекова, Ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің жетекші сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Г.Бисенова, Есепке алу, сақтау бөлімінің бас сарапшысы, негізгі қор сақтаушысы Б.Омарова болды. Жұмыс тобы екі аптадан аса уақыт Үндістандағы ғылыми мекемелерде болып, жұмыс істеген.

– Іс-сапарға дайындық барысында Үндістанның архив және тағы да басқа ғылыми мекемелерімен мәдени байланыстар орнату үшін келіссөз­дер жүргізілді. Бұл ретте бізге Үндістан ел­­шілігіне қарасты Свами Вивеканан­да мәдени орталығы және Қазақстан­ның Үндістандағы Елшілігі көмектесті. Жалпы, екі ел арасындағы байланыстың тамыры терең. Ежелгі заманнан бастау алады десек қателеспейміз. Археология саласындағы деректер екі ел арасын­дағы тарихи және мәдени байланыстар­дың Ұлы Жібек жолына байланысты күшейе түскендігін дәлелдейді. Тәуелсіздік ал­ған­нан бері де Қазақстан мен Үндістан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толып отыр, – деді Жандос Болдықов.

Еске сала кетейік, осы жылдың 13 мау­сымында екі елдің мәдениет ми­­­нистрліктері арасында 2022-2025 жыл­­дарға арналған мәдени алмасу бағдарламасына қол қойылған бола­тын. Бағдарламада ұлттық архив қор­ларын Қазақстан мен Үндістан ха­лықтарының тарихы мен мәдениеті жөніндегі ақпаратты қамтитын құжат­тармен толықтыру мақсатында екі ел­дің заңнамасына сәйкес олардың кө­шірмелерін анықтау және бір-біріне ұсынуға жәрдем көрсетіледі деп бел­гіленген. Осы орайда, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы жанынан құрылған ғылыми экспедиция тобының Үндістанның Ұлттық архивінде жүргізілген ғылыми-ізденіс жұмыстары өз нәтижесін берді деуге толық негіз бар.

ш

Жалпы, Үндістанның ұлттық архи­ві 1891 жылы Калькутта қаласында Империялық мұрағат департаменті ретінде негізі қаланған. 1911 жылы жаңа астана Нью-Делиге көшірілген. 1998 жылғы 6 шілдеде архив жанынан Үндістан тарихына қатысты толық мәліметтер беретін «Ұлттық архив мұ­ражайы» ашылған. Үндістан ұлттық архив қорының хронологиялық деректері сонау 1748 жылдан басталады. Негізгі құжаттар ағылшын, хинди, санскрит, урду, араб және парсы тілдерінде жа­зылған. Архив құжаттары төрт санатқа бөлінген; мемлекеттік құжаттар, шы­ғыс құжаттары, қолжазбалар және жеке құжаттар.

– Біздің топтың еліміздің тарихы­на қатысты ғылыми-ізденіс жұмыс­та­ры Сыртқы байланыстар бөлімінің Қиыр Шығыс, сыртқы саясат, Бхопал агенттігі, Орталық Азия, Орталық Үндістан агенттігі, Сыртқы істер (тари­хи) құжаттары бойынша жүргізілді. Зерт­теу нәтижесінде қазақ халқының отар­шылдық саясат зардаптарына байланысты жерінен айырылып, талай ауыр кезеңді бастан кешіп, ежелгі тұрағы мен қара шаңырағынан үдере көш­кен кезеңдеріне қатысты аса маңызды құ­жаттар анықталды. XX ғасырдың басында аштық қазақ халқын үш мәрте айналып соқты. Кеңес Одағының ресми деректеріне сүйенсек, 1930-1933 жылдар аралығында 3 млн-нан астам қазақ аштықтан көз жұмған. 1млн-нан астам адам көрші елдерге босып кеткендердің қатарына жатады. Алтай асып, Баркөлден басталған бұл қаралы көш Гансу Чиңхай, Тибет, Үндістан, Пәкістан жерлерінен тұрақ таппай, аман қалғаны туысқан Түркия еліне қоныстанады. Тарихи деректер бойынша, Қытай империясынан қысым көрген қазақтар Тибет асып, Үндістанға өтуді көздейді. Гималай асып, оба мен ыс ауруларымен бетпе-бет келген 3 мың қазақ 1941 жылы Үндістанға жетеді, – деп нақтылады Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы­ның директоры.

гх

Оның айтуынша, Саяси департамент бөлімі бойынша Үндістанның ұлттық архив қорында сақталған «Қазақ көшіне қатысты қабылданған шешімдер, Орталық Азиядан келген 3 мыңға жуық иммигранттар тобы», «Хайдарабадтағы Бхопал провинциясы бойынша тергеу ісі және Үндістанға келген қазақтар мәселесі», «Бхопалда­ғы қазақтарға қатысты шығындар», «Үндістанға келген қазақтар мәселесін шешу мақсатында құрылған ұйымдар», «Кашмирдің Джамму штатындағы қазақ мигранттары» атты құпия құжаттар қазақ тарихындағы осынау бір қиын-қыстау кезеңдердің дәлелі болып саналатын аса құнды деректер. Мәселен, солардың бірінде былай деп жазылған:

«Қараша айының соңына қарай Кашмирге татар шапқыншылығынан кейін болмаған ерекше керуен, моңғол халқының көші келді. Мұсылмандар, ерлер, әйелдер мен балалар, олар ішінара діни және саяси себептерге байланыс­ты, сонымен қатар экономикалық жай­лылықты іздеп Үндістанға келді. Олар Кашмирге 4 мың жылқымен, 3 мың түйе және 20 мың қоймен жетті».

Сонымен қатар анықталған құжаттардың бірінде, дәлірек айтсақ 1948 жылы 14 ақпанда Калькуттадағы Қытай Республикасының Бас консулдығы мә­лімдеген мынадай да құнды дерек бар. «Кашмирге 1941 жылы Шыңжаң провинциясынан 3 мың қытайлық қазақ келді. Олар Үндістанның ауа райына бе­йімделмегендіктен аурудан және басқа да себептерден қайтыс болды. 1943 жылы шамамен 500 қазақ Бхопал штатындағы босқындар лагеріне орналастырылды», деп жазылған.

– Үндістан ұлттық архивінің Ішкі саясат бөлімі бойынша «Ресей және Орталық Азия республикалары» атты қордан Кеңес дәуіріндегі қазақ тарихына қатысты құжаттар анықталды. Атап айтар болсақ, Қазақ КСР Ғылым академиясы және оның ұйымдастырушысы, тұңғыш президенті, Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Сәтбаев жөнінде мәліметтер бар. Экспедиция тобы Үндістан ұлттық архив қорының картография бөлімі бойынша ізденіс жұмыстарын жүргізіп, 1870-1875 жылдары құрастырылған «Шығыс Түркістан» карталарының көшірмелерін алды, – деді Ж.Болдықов.

Ғылыми іс-сапар барысында Қазақ­стан тарихына қатысты құнды әрі тың деректері бар 29 іс бойынша 3 700 па­рақ архив құжаты елге жеткізілді. Ал­дағы уақытта Үндістаннан әкелінген құ­жат­тар аударылып, сарапталып, бас­қа да дереккөздермен салыстырылып ғы­лыми айналымға түсетін болады. «Архив-2025» мемлекеттік жобасы дүние­жүзі қазақтарының тарихына қа­тыс­ты барлық деректерді жинауға жаңа мүмкіндіктер ашып жатыр. Үндістанға жасалған сапар – соның дәлелі.

гъ