Медицина • 13 Қазан, 2022

Остеохондроз: Ем-дом тәжірибесі

1700 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елімізде соңғы кезде остеохондроз ауруына шалдыққандар саны артып келеді. Бұрын егде жастағылар ауыратын бұл ауру енді жастарға да жабыса бастады. Бұған не себеп? Артық салмақ, қимыл-қозғалыстың аздығынан бөлек, қолынан ұялы телефон түспейтін, интернетсіз жұмысы алға жүрмейтін қоғамда күні-түні компьютерден бас алмаудың өзі аталған ауруға шалдығуға себеп болады. Дегенмен дәрігерлер ауруды айналып өтудің ашық жолы барын ашып айтқанымен, оған немқұрайды қарайтындар жоқ емес. Елемеудің кесірінен бұл күнде операцияға жүгі­не­тіндердің де қатары арта түскен.

Остеохондроз: Ем-дом тәжірибесі

«Басты байлық – денсаулық». Бұл сөзге балтыр сыздап, бас ауырмаса, басқа уақытта аса мән бере бермейміз. Жер бетінде ауырмайтын жан жоқ. Ал жан денеңе титтей тікен кірген жерде екені белгілі. Қазіргі компьютер заманында аурудың өр­ші­ген түрлерінің бірі остеохондроз болғанын мамандар жиі айтуда. Сондықтан омыртқадан ұстайтын, сүйекті сырқыратып көңілсіз күйге түсіретін бұл дертке немқұрайды қарау­ға болмайды. Статистикалық мәлі­­м­етке сүйенсек, әлемде остео­­­хон­дроз ауруы адамдардың 40-90%-ына­­ дейін әсер етсе, негізінен 30 жас­­тан асқандар ауруға бейім ке­леді екен. Бірақ бүгінде аталған ауру жасарып, алғашқы белгілері 15-20 жаста да байқалуда. Әсіресе әлеуметтік бел­сенді адамдар жиі ауыратын остео­хондроз әйелдерде жиі кездескенімен ерлерде ауыр өтетіндігі айтылады.

Астана қалалық №6 емхана­сы­­ның ересектер және балалар нев­­рологі Жансая Қасқырбаева остео­хон­дроздың емі кешенді түрде жүр­гі­зі­летінін, бұл ауру қимыл қозғалысы аз және жас ерекшелігіне байланыс­ты қарт адамдарда жиі кездесетінін жеткізді. Жалпы алғанда, қазір кез келген жаста кездесетін сырқаттың сүйектің қатаюынан туын­дайды дегенге келмейтінін тілге тиек етеді. Сондай-ақ ауруды ас­қын­дырып, әбігерге түспес үшін ең бірінші невролог дәрігерге жүгіну керегін, себебі түрлеріне байланысты остеохондроз емінің өзіндік ерекшеліктері барын айтады.

– Қазіргі таңда озық ем түрлері – ме­дикаменттік түрде емдеу, ауру сезімін басқаннан кейін қол­да­нылатын дене шынықтыру, физиотерапия, магниттік терапия, плазмотерапия соңғы уақытта кең өріс алған дәлелді медицина тұрғысында қолданылады. Аурудың орналасу белгілері мойын, кеуде, бел, бел сегізкөзі. Науқастардың шағымы мойын остеохондрозы кезінде бас, мойын, желке бөліктері және басты оңға, солға бұрғандағы шектеулер, иық бөліктеріндегі ауырсыну, ашу белгілері болады. Ал кеуде және бел, бел сегізкөзі остеохондрозында ұзақ бір орында отырғанда бел бөлігінде ашу сезімі, физикалық жүктемелер алға, артқа иілгенде қимыл қозғалыстың шектелуі, бұл­шық еттердің қатаюы болады. Жүр­ген кезде аяқтың ұюы, қимыл-қоз­ғалыстың шектелуі орын алады. Қимыл-қозғалыстың аздығы, үнемі бір орында отырып жұмыс істеу, спортпен шұғылданбау аталған ауруға душар етеді. Сондықтан дер кезінде мамандарға қаралмаса, диск жарығы (грыжа), жүйке талшық­тарының қысылуы, үлкен және кіші дәреттің бұзылуы, аяқ-қол қозғалысының шек­телуіне дейін алып келеді. Жүйке талшықтарының орналасуы­на байланысты сезу мүшелері де зақым­да­нады. Дер уағында дә­рі­гердің нұс­­қаулығы орындалса, тез емделуге болады. Ауырмаудың ең басты жолы – спорт. Яғни дене шы­нық­тыру­мен күнделікті айналысу, еңбек және демалыс режімдерін дұ­рыс қолдану аса маңызды. Ал медицина тұрғысынан мануальды терапия, сүлік салу, хижама дәлелді ем емес», дейді Ж.Нұрболқызы.

Иә, қазіргі уақытта жеке емхана мен кабинеттерін ашып, меди­циналық терең білімі болмаса да курс оқып, ем түрлерін өзінше жасайтындар да аз емес. Мәселен, хиджама немесе сүлікпен емдегенде адам ағзасын мұқият тексеруден өткізу керек. Магнитті-резонансты томография (МРТ) немесе компьютерлік томографияның қорытындысы болмаса да ем қабылдай беретіндер бар. Дұрыс тексерілмеу мүгедектікке, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Ал трав­матолог, ортопед дәрігер Дәуіржан Қаныбек хиджама жасау остео­хон­дроздың тікелей еміне жат­пағанымен, сол аймақтың қан айна­лымының дұрысталуына әжептәуір көмек бе­ре­ті­нін айтады. Оның айтуынша, остео­хондроз ауруын­ бір­неше кешенді емді қатар қолдану арқылы емдеуге болады. Мәселен, арнайы режім, ЕДШ (емдік дене шынықтыру), физиотерапия, массаж, тракциялық әдістермен қоса аурудың кезеңіне байланысты дәрі-дәрмектік ем арқылы да емдеуге немесе ауруды уақытша тоқтатуға болады.     

Қазақ ежелден дәстүрдің ажырамас бір бөлігіне айналған халық емімен де түрлі дерт, ауруларды емдей білген. Бұл тұрғыда халық емшісі Бақытбек Рәбілұлы: «Остеохондроз деген – омыртқа ауруы, жалпы омыртқа сүйектерінің арасында зат алмасудың әлсіреуі. Ең әуелгі себебі суықтан және қимыл-қозғалыстың аздығынан, көбіне суықтан болады. Суық тиген соң қимыл-қозғалыс әлсіреп, омыртқа қатаяды. Медицинада көп нәрсенің диагнозын таба алмаған соң, оған остеохондроз деп диагноз қоя салады. Бұл былайша айтқанда, омыртқа бойы блокта, яғни зат алмасу әлсіреген деген сөз ғой. Ал омыртқа – адам баласының денсаулығы. Оның қисаюы бүкіл он екі мүшеге әсер етеді. «Саңырауқұлақты қанша қырсаң да астынан өсе береді» демекші, әр аурудың салдарын жоя бергеннен пайда жоқ. Арналарды ашу арқылы кез келген нәрсенің себебіне үңілу керек. Сонда ғана ол реттеледі. Халықтық емде бұл дертке жылу керек. «Тер шықпай, дерт шықпайды» дейді атам қазақ. Қазір қалалық жерлерде атқа отыру ақысы тым қымбат. Ал соны әлеуметтік желілерден қарасаңыз, ертоқым деген қарапайым жаттығулар бар. Көптеген проблеманың шешімі қарапайым нәрседе жатады. Соны жасау арқылы біз адамның санасын емдейміз. Остеохондрозды емдеу жолы – жылу және жаттығу», дейді.

Сондай-ақ остеохондроз мазаласа, төрт ас қасық кептірілген шайшөпті ұнтақтап, 500 миллиграмм суда 20-30 минут қайнатып, тұндырып, сүзіп, күніне екі рет ас алдында екі ас қасықтан екі апта бойы ішудің де пайдасы мол. Егер омыртқааралық дискіге үлкен қысу күші әсер етсе, онда ол жарақат алып, жақын тамырлар мен жүйкеге қысым түсіре бастайды. Сөйтіп, бас ауруы мен бас айналуы пайда болып, мидағы қанмен қамтамасыз ету бұзылып, бірте-бірте омыртқа икемділігін жоғалтып, ол жерге тұз жиналады. Жатқан адамның омыртқасына салмақ көлденең түссе, тұру кезінде 2,5 есе, еңкейген кезде 10 есеге артады екен. Оны дереу емдемесе, уақыт өте келе ауыр асқынулар туғызуы мүмкін. Мұны біріншіден дәрі-дәрмекпен емдесе, екіншіден массаждың да көмегі көп дейді мамандар.

Кішкентай кезінен әкесінің арқа­сына массаж жасап өскен, бүгін­де астаналық кәсіби массаж жасаушы, ЕДШ нұсқаушысы, физиотерапия маманы Айнұр Әділбаева 15 жылда 41 мыңнан астам массажының жартысынан көбін осы остеохондрозға жасағанын айтады.         

«Қазіргі таңда омыртқасы ауырмайтын адам аз. Екінің бірінде мо­йын, кеуде, бел остеохондрозы кезігеді. Орташа есеппен алғанда, маған 30-65 жас аралығындағы адамдар остеохондроз бойынша келіп, 20 мыңнан астам адамға массаж жасадым. Бұл бір емделіп, жоғалып кететін дерт емес. Сондықтан арқаны үнемі массаж арқылы уқалатып тұру артық етпейді. Массаж деген адамның қан және лимфоайналымын күшейтеді, жақсартады, ісікті жояды. Қысылып тұрған жүйке талшықтарының өткізгіштігін жақ­сар­тады және бұлшық еттегі тартылуды жояды, жалпы айтқанда, жаныңды тыныштандырады», дейді ол.

Сонымен остеохондрозбен кө­біне кімдер ауырады? Онымен ауыр­­мас үшін ең бастысы, оның бел­гі­лерінің көрінісін төмендететін шаралар қабылдау қажет екенін білдік. Жалқаулықты тастап, көбірек қозғалысты бастаған дұрыс. Бұл ауру жасөспірімдерде көбінесе ауыр, ыңғайсыз, әсіресе бір иықты сөм­келерді асынып, жайсыз аяқ киім кигеннен де пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ ғалымдар остеохондроз кезінде кофе мен газдалған сусындардан да бас тартуға кеңес береді. Өйткені зерттеу нәтижелерінде олар­дың сүйек тінінен кальций, ка­лий және магнийдің шайылуын тудырып, остеопороздың дамуын тудыратыны дәлелденген. Сонымен елімізде белең алып бара жатқан аурудың бұл түріне әр адам баласы бейжай қарамауы керек. Аурудың алдын алып, көбіне спортпен шұ­ғылданып, қимыл-қозғалысты көбейткен жөн. Мәселен, Қытайдағы хондрозды ем­деу орталықтары да науқастарға емдік гимнастика, жүзу, физиотерапия, аппараттық емдеу процедуралар кешенін та­ғайындаған.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024