Қаржы • 13 Қазан, 2022

Стрестік активтер қаншаға бағаланды?

134 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанның қаржы жүйесіндегі стрестік активтердің көлемі айтарлықтай қысқарды және сектордың қаржылық тұрақтылығына қауіп төндірмейді. Оның айтуынша, стрестік активтердің деңгейі банк жүйесі сенімділігінің негізгі индикаторы болып саналады.

Стрестік активтер қаншаға бағаланды?

Банк секторының қаржылық жай-күйінің объективті бейнесін тұрақты негізде қалыптастыру үшін 2019 жылдан бастап агенттіктің қадағалау процесі Еуропалық орта­лық банктің үлгісіне негіз­делген SREP (Supervisory Review and Evaluation Process) әдісна­масы бойынша банктердің қаржылық жай-күйін бағалауды көздейтін тәуекелге бағдарланған тәсілді қолданып келеді. Сондай-ақ тұрақты AQR (Asset quality review) және қадағалап стресс-тестілеу жүргізеді.

Бұл жайлы М.Әбілқасымова Лондондағы «Global NPL» IV халықаралық саммиті шеңберінде өткен Kazakhstan» панельдік сессиясында айтты. Саммитке қарқынды дамып келе жатқан NPL әлемдік нарығында жұмыс істейтін негізгі ойыншылар қатысты: үздік 10 ірі жеке капитал қорлары (Blackstone, KKR), аса ірі инвестициялық банктер (Goldman Sachs, J.P. Morgan), стрестік активтер қорларын басқару саласындағы халықаралық басқарушы компаниялар (Bain Capital, Apollo, Altamira) және жетекші әлемдік аудиторлық компаниялардың консультанттары.

Агенттіктің хабарлауынша, іс-шараның негізгі мақсаты – инвестициялық тартымдылықты және жеке инвесторлармен және басқарушы компаниялармен өзара іс-қимылды арттыру үшін банк секторы нарығының ағым­дағы жай-күйіне шолу жасау және проблемалық қарыздардың өсуіне жол бермеу, сонымен қатар стрестік активтердің өтім­ді нары­ғын дамыту бойынша агент­тік қабылдап жатқан шараларды ұсыну.

«Стрестік активтерді экономи­калық айналымға тартуды жеделдету мақсатында агенттік проблемалық кредиттерді сатып алушылар үшін қолайлы салық режімін құруға бағытталған реттеушілік шараларды қабыл­дады. Бұдан басқа, стрестік актив­терді басқаруды жүзеге асыратын банктердің баланстарында болуы­ның 3 жылдан аспайтын және олардың еншілес ұйымдарының баланстарында 5 жылдан аспайтын шекті мерзімдер белгіленді», делінген агенттік хабарламасында.

Агенттік басшысының айтуынша, қазіргі кезде стрестік активтердің көлемі банк секторы активтерінің 6 пайызы (2,5 трлн теңге) болып бағаланады. Бұл нарыққа жаңа әлеуетті инвес­торлардың кіруі үшін тартымды болып тұр.

Осы нарыққа жеке инвес­торларды тарту мақсатында 2022 жылғы 4 шілдеде жеке инвесторларды, оның ішінде бейрезиденттерді қосу арқылы стрестік активтерді сатып алушылар тізімін кеңейтуді көздейтін заң да қабылданған еді.

«Бұл банктердің баланстарын жұмыс істемейтін кредиттерден тазартудың нарықтық тетігін жасайды, сондай-ақ жаңа инвесторлардың, оның ішінде халықаралық инвесторлардың стрестік активтер нарығына қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Сонымен қоса стрестік активтер нарығы үшін толыққанды инфрақұрылымды қалыптастыру қажет. Оған стрестік активтерді еркін сатып алу мен сату үшін алаң құру және нарықтың барлық қатысу­шы үшін ақпараттың ашық­тығын қамтамасыз ету кіреді. Бұл үшін агенттік стрестік активтерді сатып алу мен сатудың бірыңғай цифрлық платформасын құру мәселесін пысықтап жатыр. Цифр­лық платформа стрестік актив­­тер туралы ақпаратты стан­дарт­­тауға және нарықтың ашық­тығын арттыруға, инвесторлар базасын кеңейтуге, сондай-ақ стрес­тік активтерді сатып алу мен сату үшін қайталама нарықты қалып­тастыруға ықпал ететін болады», деді М.Әбілқасымова.

Жалпы алғанда, саммит шең­берінде стрестік активтер нары­ғын және жаһандық NPL (non performing loans – мерзімі өткен кредиттер) нарығын дамытуға шолу, қаржы секторын қалыпқа келтіру және өңірлік сын-қатерлер талқыланды. 

 

Абай АЙМАҒАМБЕТ,

«Egemen Qazaqstan»