Қаржы • 13 Қазан, 2022

S&Р: Экономикадағы сын-қатерлер

221 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан нарығында жұмыс істейтін ресейлік еншілес банктердің нарықтан кетуіне байланысты отандық бес ірі банктің депозиті 72 пайызға артты. S&P Global Ratings өзінің жақында жариялаған «Банк секторының салалық және елдік тәуекелін бағалау: Қазақстан Республикасы» атты аналитикалық есебінде нарықтық шешімдердің және реттеуші органдардың қолдауы арқылы Қазақстан ресейлік банктер проблемасын шеше алды деп мәлімдеді.

S&Р: Экономикадағы сын-қатерлер

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Бұл туралы Kapital.kz атал­ған рейтинг агенттігіне сілте­ме жасай отырып хабарлады. Ресейлік банктердің нарықтан ығысуынан соң елдегі бес ірі банктің депозиті 2022 жылдың 1 қаңтарындағы 67 пайыздан 2022 жылдың 1 маусымында 72 пайызға дейін ұлғайған.

«Қаржыландыру көздері үшін ірі ойыншылар мен жақсы қарыз алушылар ара­сындағы бәсекелестіктің артуы олардың мөлшерлемеге әсер ету мүмкіндігін біршама шектейді. Банк секторындағы концентрацияның артуы шағын банктерге қиындық тудырады. Ірі банктер өз жүйелерін, технологиясын жетілдіруге белсенді инвестиция салып, жедел өзгеріп жатқан нарық ұстанымдарына сай өз практикасын бейімдеп отырады. Олар жаңа технологияларды бірінші болып қабылдаудың артықшылығын пайдаланады, ал кішігірім ойыншылар нарықтың тартымдылығы аз сегменттеріне қарай ығысып кетеді», делінген шолуда.

Агенттік сарапшыларының атап өтуінше, қазақстандық және халықаралық нарықтағы технологиялық трансформация нәтижесінде қазақстандық банк секторы жағымсыз әсер тәуекеліне ұшырады деп есеп­темейді.

«Сондай-ақ жоғары технологиялар сегментіндегі на­рық қатысушылары дәстүр­лі банктермен бәсекеге түседі деп айта алмаймыз. Қазақстанның жетекші банк­тері клиенттердің цифрлы техно­логияларға қатысты сұра­ныс­тарын жеткілікті дең­гейде қанағаттандырып отыр. Қазақстанның қаржы жүйесі бәсекеге шектеулі деп баға­ланады. Банк секторының капи­талындағы мемлекет үлесі 10 пайыздан аспайды. Мемлекеттің банктердің қыз­метіне ықпалы негізінен мемлекеттік ұйымдардың депозиттерін коммерциялық банктер арасында бөлу және субсидияланған ставкалар бойынша түпкілікті қарыз алушыларға несие беру үшін әртүрлі мемлекеттік қолдау бағдарламасы бойынша банк­терге ұзақмерзімді несиелер беру түрінде жүзеге асырылады», деп жазады агенттік.

Сонымен қатар агенттік аса жағымды емес макро­эконо­микалық көрсеткіштер аясында ел экономикасына несие тәуекелі аса жоғары деп бағалайды. S&P-ның база­лық сценарийі бойынша 2022-2023 жылдары қазақ­стандық банктердің резервті қалыптастыруға кететін шы­ғыны 1,7-2,0 пайызды құрайды. Олардың бағалауынша, соңғы бір жылда проблемалық актив көлемі біршама азайды және алдағы 2 жылда жиынтық несие портфелінің 7-10 пайызын құрамақ.

«Біз бөлшек несиелендіру 2022 жылы номиналды мәнде шамамен 20-25 пайызға өседі деп күтеміз. Бұл ең алдымен, мемлекеттік субсидияланған ипотекалық несиелерді беру есебінен болмақ. Үкімет ипоте­калық несиелеуді субсидиялау бағдарламасына 1 трлн теңге бөлді. Сондай-ақ 2022 жылы жаңа несиелеудің жылдық өсімі 10-12 пайыз болады деп күтеміз. Бұл ипотека мен бөлшек несие­леу арқылы мүмкін болмақ. 2022 жылдың бірінші жартысында жеке тұлғалардың несие көлемі – 11,5 пайызға, тұты­ну­шылық несиелер – 7,6 пайызға, ипотекалық несиелер 17,1 па­йызға артты. Біздің пайымдауымызша, бөлшек несиеге деген сұраныс қанағаттандырылды, енді ол жыл соңына таман біртіндеп төмендей береді», дейді агенттік.

Сарапшылардың болжауынша, ел экономикасының даму қарқыны 2021 жылғы 4,1 пайыздан биыл 3 пайызға дейін төмендейді. Бұған себеп – мұнай өндірісі нарығындағы құлдырау және жоғары инфляция.

Агенттік: «Алдағы үш жыл бедерінде Қазақстан экономи­касының өсімі жылдық 4 пайыздан сәл төмен қалыптасады. Теңіз кен орнының кеңеюі мұнай өндірісіне айтарлық­тай әсер етіп, бұл өз кезегінде эконо­ми­калық өсімге ықпал жасайды. Ал Ресей-Украина қақ­ты­ғысының экономикалық өсімге әсері әзірге «қалыпты» деңгейде. Алайда Ресей – Қазақ­станның аса ірі сауда серіктесі және тауарлар мен қызметтерді жеткізуші ел. Қазақстанның бүкіл импортының 35 пайызы Ресейге тиесілі. Ал Ресейге экспорт бүкіл жиынтық экспорт­тың 9 пайызын құрайды. РФ-ның қант пен астық экспортына тыйым салуы, теңге курсының төмендеуі Қазақстандағы тамақ өнімдері бағасының күрт шарықтап кетуіне әкеліп соқты», деп мәлімдеді.