«Қыркүйекте теңге бағамы 0,9 пайызға әлсіреп, 1 доллар 476,53 теңгеге жетті. Бір ай бойы ұлттық валюта бірқатар қолайсыз сыртқы фактордың қысымына ұшырады. Бірінші кезекте, нарық қатысушыларының сентиментіне әсер еткен геосаяси қақтығыстардың өрши түскенін атап өтуге болды. Сонымен қатар бұрын атап айтқандай, қыркүйек айы бойы әлемдегі монетарлық жағдайлар күшейе түсіп, мұнай бағасы төмендеді. Теріс факторлардың әсеріне қарамастан, валюта нарығы теңгерімді болды. Ұлттық банк интервенцияларды жүзеге асырған жоқ. Теңге-доллар жұбы бойынша биржалық сауда-саттық көлемі тамызбен салыстырғанда біршама қысқарды», дейді Ә.Молдабекова.
Квазимемлекеттік сектордың сатылымдары валюта нарығына қолдау көрсетті. Екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) арқылы валюта нарығында сатылған кіріс көлемі – 583,5 млн доллар. Қыркүйекте Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валютаны сату 85,1 млн долларды құрады.
Алтын-валюта активтерінің көлемі бір айда 90 млн долларға ұлғайып, айдың соңындағы жағдай бойынша 32,8 млрд долларға жеткен. Жағымды факторлардың ішінде ЕДБ қаражатының Ұлттық банктегі валюталық шоттарға әкелінуі, ал жағымсыз факторлардың арасында мемлекеттік борышты төлеу мен алтын бағасының төмендеуі негізгі рөлді атқарған.
«Қыркүйек айында алтын бағасы барынша құбылмалы болды, айдың қорытындысы бойынша «алтын» бағасын белгілеу 1 712 доллардан/унциядан 1 673 долларға/унцияға дейін немесе 2,3 пайызға төмендеді. Қыркүйектің соңғы күндерінде алтынның өз позициясына ішінара «оралғанына» қарамастан, бір ай ішінде баға белгілеу 1 618 долларға/унцияға дейін төмендеп, 2020 жылғы сәуірден бергі екі жылдық ең төменгі көрсеткішті жаңартты. Қымбат металл бағасының төмендеуі көптеген орталық банктің ақша-кредит саясатын күшейтуіне, сондай-ақ доллардың жаһандық нығаюына байланысты. Жоғарыда айтып өткенімдей, негізгі валюталар қоржынына қатысты доллар индексі қыркүйекте 20 жылдық ең жоғары көрсеткішке жетті», деді ол.
Ал қыркүйектің қорытындысы бойынша Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі 51,6 млрд доллар болған. Өткен айда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт түрінде 305 млрд теңге бөлініпті. Трансферттерді бөлу, негізінен, қордың теңгедегі шотындағы қалдық есебінен, сондай-ақ 85 млн доллар шетел валютасында немесе теңге баламасында шамамен 41 млрд конвертация есебінен іске асырылған.
Қаржы мәселелері сөз болғанда мұнай тақырыбы да тысқары қалмайды. Қазан айының басында мұнай нарығы үшін жаңа деректер – 2022 жылғы қараша-желтоқсан айларында күніне 2 млн баррельге мұнай өндіру квотасының күтпеген жерден төмендеуі айтылды.
«Алайда Goldman Sachs есептеулері бойынша нақты қысқару (кейбір ОПЕК + елдері өндірісінің бұрын белгіленген квоталардан артта қалуына байланысты) күніне 1,2 млн баррельге жуық болғанына қарамастан, альянстың бұл келісімі мұнай нарығы үшін елеулі. Осыған байланысты, кейбір сарапшылар алдағы тоқсанда барреліне 100 доллардан жоғары баға белгілеуді күтеді. Алайда экономиканың әлемдік өсу келешегінің нашарлауына қатысты күтулер қара алтын нарығындағы құбылмалы фактор болып қала береді», деп түсіндірді Ә.Молдабекова.