Сауда және интеграция министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жақында Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру аясында селекторлық кеңес өткізді, онда әлеуметтік маңызы бар өнімдерге 10 пайыздан аспайтын сауда үстемесін сақтау туралы меморандумдар жасасу қажеттілігі туралы мәселе қаралды.
Қазірдің өзінде Шымкент, Алматы қалаларында, Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Абай облыстарында «Магнум», «Смол», «Анвар», «Астықжан» және басқа да ірі сауда желілерімен 40 меморандум жасалған. Бұл шара Қазақстанның ірі сауда желілерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын төмендетуге мүмкіндік бермек.
«Біз сауда желілерінің реестрін жасаған болатынбыз, бүгінгі таңда елімізде олардың саны 109-ға жетіп отыр және 1 458 филиалы бар. Біз әрбір филиалды білеміз, әкімдіктер меморандумдарға қол қою жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, бүгінде 40 меморандумға қол қойылды, қалғандары келісу сатысында», деді Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев.
Сонымен қатар Сауда комитеті негізгі азық-түлік тауарлары бағасының өсу динамикасының деректерін талдаудың дұрыстығын арттыру үшін қоғамдық бақылауды енгізгенін атап өткен жөн: тұрғындардың әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары тізбесіне кіретін өнімдерге жоғары бағаға өтініштерін қабылдау үшін call-орталық құрылған.
Шағымдар Facebook, Instagram әлеуметтік желілеріндегі министрлік аккаунттары арқылы да қабылданады.