Велоспорт әлемінде «Акула» лақап атымен әйгілі болған Винченцо Нибали спорттық мансабын аяқтайтынын жылдың белортасында-ақ мәлімдеген еді. Қараша айында 38 жасқа толатын ардагер велошабандоз Винченцо Нибали спорттық карьерасын 2003 жылы жергілікті Mastromarco-Chianti Sensi әуесқой велоклубында бастап, 2005 жылы кәсіпқойлар арасында бақ сынай бастады. Бір жылдан кейін ол атағы дүркіреп тұрған АҚШ-тың Liquigas клубына ауысты. Алты жылдың ішінде Нибали қажырлы еңбегінің арқасында велоспорттағы ірі жетістіктеріне қол жеткізе бастады. Дегенмен, оның әлемдік аренадағы атағы қазақстандық «Астана» клубының қатарына қосылғаннан кейін шыға бастады. Отыз жасына дейін ең ірі үш гранд-турдың тек біреуінде ғана («Испания Вуэльтасы») топ жарып, ордасын бұза алмай жүрген Нибалидің қазақ топырағына табаны тиген сәттен бастап екінші тынысы ашылды. Қазақтың қазысын жеп, қымызын ішкен италиялық велошабандоз америкалық клубта алты жыл жүріп шыға алмаған биігін Қазақстандағы небәрі үш жылында-ақ бағындырды.
Италиялық велошабандоздың «Астанада» жүріп қол жеткізген табыстарына тоқталар болсақ, Нибали Қазақстанға келе сала әрбір италиялық велошабандоздың арманы болған «Джиро д’Италия» жарысында бас жүлдені жеңіп алды. Араға үш жыл салып екінші мәрте жеңіс тұғырынан көрінді. Сондай-ақ келесі жылы велоспортшылардың бейресми әлем чемпионаты саналатын атақты «Тур де Франс» додасында дараланды. Сонымен қатар Халықаралық велосипедшілер одағының (UCI) күнтізбесіне енген көпкүндік «Тиррено – Адриатико» (2013), «Джиро дель Трентино» (2013), «Оман туры» (2016), біркүндік «Джиро ди Ломбардия» (2019), «Милан-Сан-Ремо» және тағы басқа дүбірлі доданың жеңімпазы атанды.
Винченцо 2016 жылы «Астанадан» кетіп, бағын АҚШ пен Бахрейн клубтарында сынап көруге шешім қабылдады. Бірақ оның бұл қадамы сәтті бола қоймады. Сөйтіп ол алты жылдан кейін биыл Қазақстанға қайта оралды. Өкінішке қарай, Нибали биыл «Астана» сапында бірқатар жарысқа қатысқанымен, ешбірінде үздіктер қатарынан көріне алмады.
Өткен аптада жылдың және өзінің ең соңғы жарысы – «Джиро ди Ломбардия» турына қатысып, мәре сызығын небәрі 18-болып кесті. Айтпақшы, Винченцо Нибалимен бірге биыл 40 жастағы испаниялық атақты велошабандоз Алехандро Вальверде де тас жолмен қоштасты. Кейінгі 10 жылда ол тек Movistar Team (Испания) велокомандасында өнер көрсетті.