Қостанайдағы «Тобыл» мен «Ақтөбе» матчы осы турдың ең маңызды ойыны болғанымен, қазақстандық футбол жанкүйерлері «Ел-Класико» деп айдар таққан «Қайрат» пен «Астана» кездесуі де дәл осы турға тұспа-тұс келгендіктен, еліміздің ең маңдайалды командаларының арасындағы тартысты 23-турдың орталық ойыны болды деуге толық негіз бар. Кейінгі бірнеше жылда екі ұжым ортасындағы матч жанкүйер қауымының делебесін қоздырған дерби-додаға айналып үлгерді. Испаниядағы Мадридтің «Реалы» мен Каталонияның «Барселонасы» арасындағы «Эль-Класико» сияқты біздің елдің «Ел-Класикосы» да жыл сайын футбол жанкүйерлері асыға күтетін матчқа айналғалы қашан.
«Қайрат» пен «Астана» осымен биылдыққа екінші мәрте кездесті. Алғашқы ойын мамыр айында елордадағы «Астана Арена» стадионында өтіп, сол кезде алаң иелері алматылықтарды 6:0 есебімен тізе бүктірген болатын. Матчтан кейін «Қайрат» жанкүйерлері ойынның есебі кездейсоқ нәтиже екенін, «Қайрат» Алматыдағы матчта «Астананың» «сазайын» береді деп мәлімдеген еді. Өзге клубтың жанкүйерлері де «Қайрат» пен «Астана» арасындағы матчтың қарымтасы қалай болар екен деп, асыға күтті.
Дегенмен жанкүйерлер күткен бұл кездесудің де алғашқы «Ел-Класикодан» еш айырмашылығы болған жоқ. Тек матчтың өткен орны өзгерді демесеңіз, таблодағы есеп дәл бірінші матчтағы нәтижеге ұқсас болды. «Орталық» стадиондағы бәсекеде «Қайрат» «Астанадан» тағы да ірі есеппен ұтылды – 0:4. Екі ойынның нәтижесі бойынша 10:0 есебімен жеңілген алматылықтар 180 минут бойы «Астана» қақпасына бірде-бір гол соға алмады. Мамырдағы матчта «Астана» сапынан Марин Томасов хет-триктің, Педро Эуженио дубльдің авторы атанған болса, қазір Ресей чемпионатындағы «Урал» клубында өнер көрсетіп жатқан шабуылшы Рай Влут бір мәрте мергендігімен көзге түскен еді.
Араға төрт ай салып Алматыдағы қарымта кездесудің тағдырын «Астананың» қорғаушысы Тимур Досмағанбетовтің бір өзі шешіп тастады. Кездесудің 10-минутында есепті ашқан «Астананың» қорғаушысы екінші таймның 59, 88 және 90-минутында тағы да үш мәрте «Қайрат» қақпасынан саңылау тауып, покердің авторы атанды.
Т.Досмағамбетовтің кешегі бенефисінен кейін есімізге осыдан 58 жыл бұрынғы оқиға түсті. 1964 жылдың 26 тамызында одақ чемпионаты аясында Мәскеуге сапар шеккен Алматының «Қайраты» жергілікті «Спартак» клубымен кездесіп, сол мачта қазақтың даңқты аяқдоп шебері Тимур Сегізбаев ерекше өнерімен дараланды. Алаң иелерінің қақпасына жауапсыз екі гол соққан Тимурдың ерлігіне тәнті болған кеңес одағының «Футбол» апталығы басылымы матчтың ертесі күні «Тимур және оның командасы» деген тақырыппен көлемді мақала жариялаған еді. Міне, сол қазақ футболындағы Тимурлардың жалғасы болған Тимур Досмағанбетов кешегі матчта бір өзі «Астананы» өрге сүйреп, командасын чемпиондыққа тағы бір қадам жақындатты.
«Астана» жанкүйерлерінің қуанышына қарай, турнир кестесінде көш бастап тұрған «Ақтөбе» кейінгі үш турда осымен екінші мәрте ұпай жоғалтты. 20-турда «Ақжайықтан» 3:1 есебімен жеңіліп қалған Андрей Карпович шәкірттері бұл турда сырт алаңда Қостанайдың «Тобылынан» ұтылды – 1:0. Чемпиондыққа талас жүргізіп жатқан екі ұжым арасындағы матч «Ақтөбе» қақпасына пенальти белгіленгенге дейін тең дәрежеде өтіп жатқан еді. Кездесудің 81-минутында қонақ команданың футболшылары өз алаңында тәртіп бұзып, бас төреші Стас Покатилов қақпасына 11 метрлік айып добын белгіледі. «Тобылдың» капитаны Серікжан Мұжықов алғашқы мүмкіндігінде дәлдік таныта алмағанымен, төреші пенальти орындау сәтінде қонақтар тағы да ереже бұзды деп, Мұжықовқа екінші рет пенальти тепкізді. Капитан бұл жолы білгенінен жаңылған жоқ – 1:0. Матч соңына дейін таразы басын теңестіре алмай, үш ұпайдан қағылған «Ақтөбе» Қостанайдан құр қол қайтты. «Ақтөбеліктердің» ұпай жоғалтқанын тиімді пайдаланған «Астана» арадағы ұпай санын біреуге дейін қысқартты.
Сондай-ақ «Каспий» мен «Мақтаарал» арасындағы матчта да тосын нәтиже тіркелді. Бұл кездесуде «Каспийге» қарағанда көш соңындағы «Мақтааралға» үш ұпай ауадай қажет еді. Алайда матчтың алғашқы таймында алаң илері қонақ команда қақпасына екі гол салып, бірінші таймды өз пайдасына аяқтады. Былтыр «Мақтааралды» жоғары лигаға шығарған білікті бапкер Константин Горовенко үзіліс уақытында шәкірттеріне керекті ақыл-кеңесін айтып, футболшылардың намысын жаға алды. Екінші 45 минөтте Түркістан облысының командасы матч соңына дейін «Каспий» қақпасына төрт гол соғып, тамаша камбэк жасады – 2:4. Маңызды үш ұпайын иеленген «Мақтаарал» турнир кестесінде бір саты жоғарылап, 13-орынға көтерілді. Ал сырт алаңда «Таразбен» тең ойнаған (0:0) «Ақжайық» 14-орынға сырғыды.
Сонымен қатар бұл турда «Қызылжар» өз алаңында «Атырауды» тізе бүктірсе (3:1), «Ордабасы» да Шымкентте «Шахтерден» айласын асырды – 1:0. «Ақсу» Түркістанда жергілікті «Тұранды» бір доп айырмасымен қапы қалдырды – 0:1.
Келесі XXIV турда «Мақтаарал» – «Тобыл», «Ақжайық» – «Қызылжар», «Астана» – «Атырау», «Шахтер» – «Қайрат», «Тараз» – «Каспий», «Ақтөбе» – «Тұран» және «Ақсу» – «Ордабасы» клубтары кездеседі.
Турнир кестесі
№ |
Клуб |
Ойын |
Жеңіс |
Тең |
Жеңі-ліс |
Доп айыр-масы |
Ұпай |
1 |
«Ақтөбе» |
23 |
14 |
3 |
6 |
34-23 |
45 |
2 |
«Астана» |
23 |
13 |
5 |
5 |
55-21 |
44 |
3 |
«Тобыл» |
23 |
12 |
5 |
6 |
40-30 |
41 |
4 |
«Қайрат» |
23 |
10 |
6 |
7 |
29-32 |
36 |
5 |
«Ордабасы» |
23 |
11 |
2 |
10 |
32-35 |
35 |
6 |
«Ақсу» |
23 |
10 |
2 |
11 |
28-32 |
32 |
7 |
«Шахтер» |
23 |
9 |
4 |
10 |
30-28 |
31 |
8 |
«Каспий» |
23 |
9 |
2 |
12 |
24-37 |
29 |
9 |
«Атырау» |
23 |
7 |
7 |
9 |
26-30 |
28 |
10 |
«Тараз» |
23 |
6 |
9 |
8 |
24-23 |
27 |
11 |
«Қызылжар» |
23 |
6 |
8 |
9 |
27-27 |
26 |
12 |
«Тұран» |
23 |
5 |
10 |
8 |
20-27 |
25 |
13 |
«Мақтаарал» |
23 |
6 |
6 |
11 |
23-37 |
24 |
14 |
«Ақжайық» |
23 |
6 |
5 |
12 |
16-26 |
23 |