«Халықаралық Сәтбаев қорының» қамқоршылар кеңесінің ұйытқы болуымен өткен іс-шараға қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері, Парламент Сенатының депутаттары, ғұлама ғалымның ұрпақтары, Астана қалалық мәслихаты мен қалалық әкімдік өкілдері қатысты. Алғашқы сөзді Парламент Сенатының депутаты, «Халықаралық Сәтбаев қорының» қамқоршылар кеңесінің төрағасы Алтынбек Нұхұлы сөйледі:
«Қаныш Имантайұлының ескерткіші былтыр ашылғанын білесіздер. Пандемияға байланысты ашылу салтанатын кең көлемде өткізуге шектеу болды. Сол кезде толығынан ашылмаған ескерткіштің тұжырымдамасын толыққанды кешен ету үшін маңайын мағыналы сөздер жазылған гранит тастармен көмкеру көзделді. Бүгін қойылған 4 тастың біріншісіне Қаныш Имантайұлының өз сөзі, заңғар ғұламалар Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Шапық Шөкиннің сөздері, мемлекет және қоғам қайраткерлері Нұртас Оңдасынов, академиктер Евней Бөкетов, Өмірбек Жолдасбеков сөздері, төртіншісіне ақын-жазушылар Кәкімбек Салықов, Медеу Сәрсеке, Несіпбек Айтұлының жалынды сөздері мен өлең мәтіндері жазылған», деді Алтынбек Нұхұлы.
12 сәуір – Қаныш Сәтбаевтың туған күні күнтізбеге Ғылым күні ретінде енгізілгені баршаға белгілі шығар. Оны бекіттіруге негіз болған Бақытжан Жұмағұлов та Қаныш Имантайұлының Қазақстан ғылымын қалыптастырудағы ерен еңбегіне тоқталып өтті. Сонымен қатар Ғылым және жоғары білім министрінің құттықтау хатын оның орынбасары Қ.Ерғалиев оқып берді. Сенатор Алтынбек Нұхұлы келешекте ескерткіш алдынан субұрқақ ашылатынын мәлімдеді. Сонымен қатар Қаныш Сәтбаев ескерткішінің авторлары Асқар Нартов пен Саматбек Бөкебай есімдерін құрметпен атады.
Мұхтар Әуезовтің мұнда жазылған сөзінде: «Қаныштың бір үлкен ерекшелігі – ол химикпен де, биологпен де, физикпен де және тарихшымен де, филологпен де өздерінің ғылыми тілдерінде сөйлесе біледі. Жан-жақты ғалым, тынымсыз ізденгіш Қаныш ғалымдар үшін нағыз ұстаз, барлық жағынан үлгі-өнеге», депті. Осыған орайлас Халық қаһарманы, академик Шапық Шөкиннің мына бір сөзі келтірілген: «Синтезге бейім ойшылдар өте сирек туады. Синтетикалық интеллект иесі атанған ғалымдар кеңінен танымал: Леонардо да Винчи, Эйнштейн, Андрей Сахаров... олар қандай іске кіріссе де, жан-жақты дана болды. Осындай ақыл жүйесіндегі ерекше ойшылдардың қатарына мен батыл түрде Қаныш Сәтбаевты қосамын», дегенін ұрпақ жаттап өсуі үшін қойылған сынтастардың мән-маңызы айтпаса да түсінікті деп білеміз.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов пен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы да жүрекжарды лебіздерін ортаға салды. Мұнда Қанышқа арнап поэма жазған ақынның шумақтары жазылған. Сөзімізді сондағы шумақпен қорытамыз:
«Болмысы сүттен таза,
нұрдан жарық,
Бақытты Сәтбаевты туған халық.
Атасы сол деп қазақ ғылымының
Айтады сұрасаң да кімнен барып».