Суреттерді түсірген Дмитрий ЕРОФЕЕВ
Алыстан-ақ аңдағанымыздай, атшаптырым аумақты алып жатқан егіс алаңында қызу тірлік жүріп жатыр. Тракторлар қазып тастаған картопты бірнеше адам жинап қаптап жүрсе, тағы бірнешесі дайын өнімді көлікке тиеуде.
«Биыл 40 гектар жерге картоп, 30 гектар жерге жүгері, тағы 25 гектар жерге қант қызылшасы отырғызылды. Жыл басында «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ-нан картоп егу үшін 0,01 пайыз өсіммен 29 млн теңге несие алып едім. Сол үшін тұрақтандыру қорына килосын 130-140 теңгеден 260 тонна картоп өткізуім керек. Биыл 700 тоннадан астам өнім аламыз деген болжам бар. Шаруашылықта 12 тұрақты жұмысшы бар. Қазіргі науқан кезінде 40-45 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оларға күн сайын 6-7 мың теңгеден төлеймін», дейді «Нұрдымақын» шаруа қожалығының жетекшісі Қизат Әбиров.
Оның ауыл шаруашылығына ден қойғанына 18 жыл, ал картоппен айналысқанына 10 жыл болыпты. Оған қоса 50 бас ірі қара, бір отар қой ұстап отыр. Мал тұқымын бірте-бірте асылдандыруға кірісіп, келесі жылдан мал бордақылауға көшпек. Мал азығын сырттан алмайды, өздері жоңышқа, жүгері өсіреді.
Жалпы, 100 гектар суармалы жердің 40 гектарына биыл картоп еккен, 25 гектарын қант қызылшасы алып жатыр. Биыл өнімнің шығымы жақсы. Картоптың орташа өнімділігі – гектарына 280 центнер, қызылша шамамен 500 центнерден болады деп күтіп отыр.
«Сатып алушылар картопты алқаптың басынан-ақ алып кетіп жатыр. Сырттан келушілерге қарағанда жергілікті тұрғындарға арзан бағада ұсынамыз. Голландиялық сұрыптың шамамен 90 тоннасы 40 гектар жерге тұқымдыққа кетті, енді содан 700 тонна өнім алуды жоспарлап отырмыз», дейді Қ.Әбиров.
Егіс алаңындағы еңбеккерлердің көңіл күйі көтеріңкі. Шаршадық, шалдықтық деп тұрған бірі жоқ. Картоп жинайтындар күніне 10 мың теңгеге жуық, ал тиеушілер 15 мың теңгеден жоғары табыс табады. Жұмысшылардың көбі алыс ауылдан келіп жұмыс істейді. Соның бірі – Зылиха Тамшыбаева ауылының тұрғыны Баян Еңгесеева.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», дегендей таңғы сегізден, кешкі беске дейін жұмыс істейміз. Күніне 6-7 мың теңге табыс табамыз. Бала күнімізден адал еңбекпен өскен біз қазір де сол жолды ұстанамыз», деді ол.
Осындай жалынды еңбеккерлерді Бесқайнар ауылындағы «Алым-Таир» шаруа қожалығының пияз өсіретін егістік алаңынан да кездестірдік. 2010 жылдан бастап пияз өсіруді қолға алған шаруашылық бүгінде жыл сайын 300-400 тонна өнім жинайды. Қазірдің өзінде берісі жақын ауылдарға, арысы Аягөзге дейін өнімдері жылдам сатылып жатыр. Шаруа, ең алдымен өз ауданын көкөніспен қамтуды мақсат етіп, өнімін алқап басында ғана емес, аудан аумағынан өтетін «Алматы – Өскемен» тас жолы бойына арнайы шатыр тігіп, саудалайды.
Алқапта 50 адам еңбек етіп жүр, соның 20-сы – тұрақты жұмысшы. Бір күнде 4 адамнан тұратын бір бригада орта есеппен 300 қап пияз жинайды. Әр адам еңбек өнімділігіне қарай күндігіне шамамен 10-12 мың теңге табыс табады. «Пиязды тек шеңгелділіктер ғана өсіреді», деп ойлайтындар құлпырып өскен шаруашылық егістігін көргенде таңғалып қалары анық. Күнделікті тамаққа тұтынатын пияздың көбін іргеміздегі көксулық шаруалар өсіріп жатқаны бәрімізді қуантты.
«Жұмыстың бәрін механикаландырып, жеңілдетуге де болады. Дегенмен ауыл тұрғындарының қол еңбегі мен үшін бәрінен бағалы. Оларды табыс көзінен айырғым келмейді. Тұрғындармен алқап басында бірге жүріп, аралас-құраластықта, өзара бауырластық байланыста жұмыс істегеннің рахаты бөлек. «Бауырың жақын ба, көршің жақын ба» дегенде көршім жақын дейтініміз тегін емес қой. Біздің пиязымыздың көлемін өздеріңіз көріп тұрсыздар, жұдырықтай, тығыз. Мұндай сапалы өнімді жасанды қоспаларсыз, экологиялық таза күйінде алып отырмыз. Мен үшін ақша санағаннан бұрын сапалы өнім өсірген маңызды», дейді шаруа қожалығының иесі Таяр Зейналов.
Анар Ысқақова шаруа қожалығы құрылған алғашқы күннен бері кәсіпкермен бірге жұмыс істеп келеді. Бастапқыда қарапайым жұмысшыдан бастап, бүгінде бригадирлікке көтерілген.
«Көктемгі егіс кезінен қара күзге дейін алқапта еңбек етеміз. Өнімді себу, баптау, жинау – барлық өндіріс процесіне бастан-аяқ қатысамыз. Тұрғындар мұнда Балпық би кентінен, Бесқайнар, Жарлыөзек, Амангелді сияқты көптеген елді мекеннен келіп жұмыс істейді. Оларды таңертең ауылдарынан арнайы көлік алып келеді, тасымалдау ұйымдастырылған. Пияз науқаны біткен соң осы бригадамызбен қызылша жинауға кірісеміз. Таяр Зейналовтың ұжымға жасайтын қамқорлығын ерекше ризашылықпен айтамыз. Карантин кездерінде, Құрбан айт, Ораза айт сияқты мерекелерде өз жұмыскерлерінен бөлек, Бесқайнар ауылының тұтас тұрғындарына ұн, қант, май сияқты алғашқы қажеттіліктегі азық-түлікті тегін таратып берді. Маусымдық жұмыс істейтінімізге қарамастан, қыс кезінде де қожалықтан аванс ала аламыз. Талапты жастарға да үнемі жәрдемдесіп келеді. Қызым Адия Ысқақова еркін күрестен жасөспірім қыздар арасында Алматы облысының 4 дүркін чемпионы. Оның биыл мамырда Францияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлемдік додаға қатысып қайтқан сапарына демеушілік көрсеткен де біздің Таяр Догбайұлы. Осындай қолдаудың арқасында Адия Гимназиада жарысында алғашқы төрттіктен көрінді», дейді А.Ысқақова.
Мұсабек ауылындағы қызанақ өсірумен айналысатын «Көгершін» шаруа қожалығының жетістігі де көпті қызықтырды. Ауыл әкімі Ербол Жоламанұлын көпшілікпен бірге қызанақ жинауға көмектесіп жүрген жерінен кезіктірдік. Экологиялық жақтан таза әрі дәмі тіл үйіретін қызанақтар тілшілердің де шөлін басты. Жалпы, 4 гектар жерге егілген қызанақ жамырай өсіп, жұрттың көзін қызықтырды. Еңбеккерлермен бірге жанталасып жұмыс істеп жүрген «Көгершін» шаруа қожалығының жетекшісі Ержан Қайса: «Ауыл әкімінің ұсынысымен биыл қызанақ өсіруді қолға алдық. Өнімді жинау жұмысы басталғалы бір айдан асты. Басында килосын 50, кейін 80 теңгеден сатып едік. Қазір 100 теңгеден тоқтатпай алып кетіп жатыр. Күніне 15 адам жинаса да жұмыс күші аз. Қызанақ өсірген жерді жалға алып отырмыз. Суық түскенше 270 тоннадан астам қызанақ сатамыз деген болжам бар», дейді Е.Қайса.
«Көгершін» шаруа қожалығының бастамасы аудан әкімдігінің де назарын аударды.
«Бұл жігіттердің қызанақ өсірудегі тәжірибесінің молдығына көзіміз жетті. Демек оларды қолдап, демеп жіберсек, ауданды, тіпті облыс орталығын қызанақпен қамтамасыз етуге септігі тиеді. Сондықтан келесі жылы өздерінің еншісіне тән жер мәселесін шешіп беруді ойластырамыз», дейді Көксу ауданының әкімі Марлен Көлбаев.
Оның айтуынша, аудан өзін-өзі көкөніспен, жеміс-жидекпен қамтып отыр. Сондай-ақ аудан фермерлерінің өнімдерін көтерме бағада Талдықорғаннан, Алматыдан, Семейден келіп сатып алатындар да бар.
Жалпы, Көксу ауданында егіс алқабының көлемі 38 мың га шамасында, соның 885 гектары – көкөніс, 140 гектары – бақша дақылдары, 1 200 гектары – қант қызылшасы, 1 151 гектары – картоп.
Жетісу облысы