Қазіргі халық саны жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда 163,7 мың адамға немесе 0,8%-ға өсті. Ал өткен жылдың сәйкес кезеңімен, яғни 2021 жылдың қаңтар-тамыз айларындағы дерекпен салыстырғанда, ел халқының табиғи өсімі 3,6%-ға (178,9 мың адам) төмендеп, 172,4 мың адамды құрады. 1 мың тұрғынға шаққандағы табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 13,19 адамды құрады.
АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал-актілерінінің жазбаларындағы мәліметтерге сәйкес, биыл қаңтар-тамыз аралығында 263,8 мың сәби дүниеге келді. Бұл 2021 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 11%-ға аз (296,5 мың адам). 1 мың адамға шаққандағы жалпы туу коэффициенті 20,19 сәбиді құрады.
Ал «Тумақ барда – өлмек бар» дегендей, қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандардың саны – 91,4 мың. Бұл өткен жылға қарағанда 22,3%-ға аз (2021 жылы – 117,6 мың адам). Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1 мың адамға 7 марқұмды құрады.
Сондай-ақ биыл қаңтар-тамыз аралығында 1 жасқа дейін шетінеген 2 208 нәресте тіркелді және 2021 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда (2 345 шетінеген нәресте) көрсеткіш 5,8%-ға кеміді. Нәресте өлім-жітімінің коэффициенті 1 мың туғандарға шаққанда 8,37 оқиғаны құрады.
Бүгінде айналамыздағы шиеленіскен жағдайларға байланысты халық саны келімсектердің есебінен көбейіп жатқан жоқ па деген сұрақтың туындайтыны да анық. Бірақ Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерге сүйінсек, бұған алаңдауға негіз жоқ сияқты. Айталық, биыл қаңтар-тамыз айларында елімізге тұрғылықты тұруға келген 9 595 адам тіркелген екен. Алайда елімізден 18 275 адам кетіпті. Мұндағы көші-қон айырымы – 8 680 адамға кем.
Көші-қонның негізгі алмасуы ТМД мемлекеттерінің арасында екені түсінікті. Онда кетіп және сол жақтан келіп көшіп-қонушылардың жалпы санынан үлесі 85,1% және 84,4%-ды құрады.
Ел ішінде қоныс аударатындардың саны 2,1%-ға кеміді. Өңіраралық қоныс аудару бойынша халық көші-қонының оң айырымы еліміздің 3 өңірінде – Алматы (24 711 адам), Астана (22 960 адам) және Шымкент (2 154 адам) қалаларында байқалды.