Қоғам • 17 Қазан, 2022

Өз ісінің білікті маманы-тын

442 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Зейнеп Тағайқызы 1956 жылы 8 наурызда Сарыағаш ауданын­дағы Ынтымақ ауылында дүниеге келді. 1978 жылы Ташкент фарма­цевтикалық институтын «провизор» мамандығы бойынша бітірген соң еңбек жолын Абай орталық дәріханасында бастады. Осы жерде табан аудармастан 1993 жылға дейін табысты жұмыс істеді. Осы аралықта өзін білікті маман, шебер ұйымдастырушы ретінде көрсете білді.

Өз ісінің білікті маманы-тын

1994 жылы жеке кәсіпкерлікке ойысып, ауданнан жеке дәріхана желілерін іске қосты. Халыққа қажетті дәрі-дәрмектерді уақтылы жеткізіп, ауылдық, аудандық ауруханалар мен дәріханаларды сапалы медициналық бұйымдармен қамтамасыз етті. Ал арада бес жыл өткенде көпсалалы «Нұрболат» өндірістік кооперативін құрып, ауыл шаруашылығы, құрылыс, халыққа қызмет көрсету салаларында іргелі істерге із салды.

З.Оспанова мұнымен тоқтап қалған жоқ. 2004 жылы Абай ауылында дәрі-дәрмек сақтайтын қойма салса, 2011 жылы осы ауылда медициналық орталық ашты. Үш жылдан соң Сарыағаш қаласында «Нұрболат» емдеу орталығын іске қосты. Бүгінде орталықтың 115 адамды жұмыспен қамтып отырғанын атап өткен жөн.

Зейнеп Тағайқызы 2003-2007 және 2007-2011 жылдар аралығында Сарыағаш аудандық мәслихатының екі шақырылымына депутат болып сайланды. Сайлаушылар аманатын арқалай жүріп, аудан аумағындағы қайырымдылық іс-шараларына белсене атсалысты. Осы еңбектері үшін аудан басшылығы тарапынан көптеген марапатқа ие болды.

Өкінішке қарай, алты ұл-қыз тәрбиелеп өсірген, 19 немереге сүйікті әже болған аяулы ана, адал жар 67 жасқа қараған шағында өмірден озды. Бірақ артында көптеген игі де ізгі істері қалды. Сыртқы сұлулығы мен ішкі жан дүниесі қатар қабысқан тәжірибелі де іскер маман Зейнеп Тағайқызының жарқын бейнесі әріптестерінің жүрегінде әрдайым сақталады.

 

«Даму» Оңтүстік Қазақстан облысының фармацевтикалық және

медициналық ұйымдар қауымдастығы