Кәсіпкерлердің ойына ден қойсақ, тауар таңбалау бизнес иелеріне қойылатын тосқауылдарды азайтады. Бірақ шаруаға қолбайлау болып тұрған мәселе бар. Тауарларды таңбалау қызметінің ұлттық операторына әлі монополиясыздандыру жасалмаған.
«Victory Zone» ЖШС директоры Раушан Сәбденованың айтуынша, Қазақстанға келетін және Қазақстаннан экспортталатын тауарларды түгел қадағалау қажет. Қазіргі геосаяси жағдай соны талап етеді. Алайда қазіргі тауар таңбалау қарқыны жаңа талаптарға жауап бере алмауда дейді.
«Жаңа геосаяси жағдай экспортқа шығарылатын тауарларды қадағалау қажеттігін тудырып отыр. Бұл кәсіпкерлеріміздің қандай да бір проблемаларға тап болып, санкцияға ұшырамауы үшін қажет. Біздің нарықта таңбалауды жүзеге асыратын, озық технологияларды ұстанатын бірнеше оператордың жұмыс істегені дұрыс. Импорт, экспортпен айналысатын отандық кәсіпкерлер санкцияға ілінбес үшін тауарларды таңбалау жобасын жаңа деңгейде жүргізіп, жағдай жасауымыз қажет», дейді кәсіпорын басшысы Раушан Сәбденова Астанада өткен тауар таңбалау және ақпараттық қауіпсіздік мәселесін бір үстел басында талқылаған берері мол жиында.
Әсіресе қаптамадағы тауар идентификациясына код жіберу процесін жеңілдету керек. Өйткені кәсіпкерлер көбіне осы кезеңде қиындыққа көп ұшырайды. Соның салдарынан жағымсыз пікірлер де жиі туындайды.
«Сонымен қатар аталған жүйенің іске асырылуы қазіргі заңнамаға қайшы келеді. 1 шілдеден бастап Кәсіпкерлік кодексіне өзгеріс енгізілді. Бұл бойынша нарық субъектісінің арнайы құқығына байланысты құқықты қайта табыстауға тыйым салынған. Алайда таңбалау бойынша бірыңғай оператор функциясын «Қазақтелеком» АҚ еншілес компаниясы – «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС жүзеге асырып отыр. Заңда тауарларды ұлттық каталогке енгізу бірыңғай операторға жүктелген, бірақ іс жүзінде бұл каталогті кәсіпкерлер өз қолымен жүргізеді. Олар карточканы іске қосып, тауарлардың 20-дан астам сипаттамасын тіркейді. Карточканы ашып, баға каталогіне тауарды енгізу үшін кәсіпкер бухгалтер, IT-маман, тауартанушы, халықаралық сауда стандарттарын білетін адамды жалдауы керек. Сөйтіп, бизнесті жүргізуде іркіліс пайда бола бастайды», дейді кәсіпкер.
Сарапшылардың айтуынша, 2021 жылдың қазанындағы Үкімет қаулысына сәйкес тауар таңбалау бойынша бірыңғай оператор ЕАЭО елдерімен интеграцияланған жүйені қамтамасыз етуі керек. Соған қарамастан қазір интеграция тек Беларусьпен таңбалау кодтарын тану деңгейінде жұмыс істеп тұр. Бұл орайда сарапшылар тауар таңбалауға қатысты бір емес, бірнеше оператор жұмыс істеуі керегін, сол кезде бәсеке орнап, тиісінше сапа мықты бола бастайтынын жеткізді.
Жақында Үкіметте де осы мәселе қаралды. «Қазақтелеком» басшыларының айтуынша, Қазақстанда міндетті таңбалау енгізілген сәттен бастап бүгінге дейін 69,1 мың табиғи жүннен жасалған бұйым, 3,3 млрд темекі өнімі, 102,4 млн аяқ киім тауары таңбаланған. Жобаны іске асыру процесін тежейтін бірқатар маңызды тұстар да бар. Бизнестің мәліметінше, бұл – негізінен ақпараттық таңбалау жүйесінің техникалық проблемалары. Отандық аяқкиім өндірушілердің өкілдері тауарларды міндетті түрде таңбалауды бизнестің мүдделеріне сай деп санайды.
«Отандық бизнес өкілдері ретінде тауарды міндетті түрде таңбалауды қолдаймыз. Өйткені бұл отандық өндірушінің мүддесін қолдайды, бәсекелестік үшін тең жағдай жасайды. Егер техникалық проблемалар болса, оны шешу керек. Біз таңбалау жүйесін енгізу үдерісіне қатысуға дайынбыз», дейді «Qaz Textile Industry» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары ұлттық бірлестігінің өкілі Анар Қайыржанова.
Тауарларды көтерме және бөлшек импорттаушылар тарапынан да көп мәселе көтерілді. Inditex компаниялар тобының өкілі Антон Сердаридидің айтуынша, бүгінде тауарлардың ұлттық каталогі мен GS1-Kazakhstan жүйесі арасында интеграция жоқ. Таңбаланған тауарды сату кезінде кеден қоймаларында, электрондық коммерцияда таңбалау кодтарын енгізу бойынша проблемалар бар. Аяқкиімнің бөлшек және көтерме саудасын импорттаушылар қауымдастығының өкілі Айнұр Қайдарованың сөзіне қарағанда, таңбалау үдерісін енгізу тауардың қымбаттауына, соның салдарынан аяқкиімді бөлшек саудада сатушылар санының азаюына әкеп соғады.
Алкогольсіз сусындар мен шырын өндірушілер атынан сөз сөйлеген Әлия Мамытбаева өнімнің өзіндік құны төмен екенін ескерсек, оны таңбалау құны тым жоғары дейді. Сондай-ақ «ФармМедИндустрия Қазақстан» фармацевтикалық және медициналық өнімдерді өндірушілер қауымдастығы шетелдік өндірушілерді тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесінде тіркеуге, таңбаланған дәрілік заттарды таратуға қатысты мәселелер барын айтты.
Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, тауарларды таңбалау жобасын енгізудің негізгі міндеті – тауарлардың еркін және заңды айналымын, ашықтығын қамтамасыз ету. «Біз мүдделі қатысушылармен әрбір тауар тобы бойынша барлық мәселені қарауымыз керек», деді министр.
«Цифрлы экономиканы дамыту орталығының» бас директоры Бикеш Құрманғалиеваның айтуынша, жақын арада елімізде алкоголь және сүт өнімдеріне міндетті таңбалау енгізілмейді.
«2020 жылдан бастап темекі өнімдері, 2021 жылдың қарашасынан аяқкиім, ал қазір дәрі-дәрмекті міндетті таңбалау жүргізіліп жатыр. Міндетті таңбалауды енгізер алдында тәртіп бойынша қанатқақты жоба басталуы керек. Әуелі қанатқақты жоба жасалып, кейін талдау жасалып, қоғамдық тыңдау өткізіледі, содан кейін барып қана барлық мүдделі мемлекеттік органмен, бизнес-қауымдастықпен, «Атамекен» ҰКП-мен келісіліп, шешім қабылданады. Қазір әшекей бұйымдар, су және құрамында қанты бар сусындар бойынша пилоттық жоба атқарылуда. Алкоголь және сүт бойынша міндетті таңбалауды әзір енгізбеу жайлы шешім қабылданды», деді Б.Құрманғалиева.
Бірыңғай оператордың сайты таратқан деректерге сүйенсек, 2019 жылдан бері үш тауар тобы таңбаланады. Олардың қатарында темекі өнімдері мен аяқ киім бар. Біртіндеп дәрі-дәрмекті де таңбалау жүргізіліп жатыр. 2022 жылғы 4 қазандағы жағдай бойынша 4 тауар тобына міндетті таңбалау енгізілді: үлбір және темекі бұйымдары, аяқ киім, дәрілік заттар. Құрамында қанты бар қапталған сусындар мен зергерлік бұйымдарды таңбалау бойынша қанатқақты жобалар іске асырылып жатыр.
Дөңгелек үстелге қатысқан депутат Екатерина Смышляева ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне көңіл аударды.
«Кибершабуылдар жекелеген пайдаланушыларға да, мемлекетке де зиян келтіруде. Бәрімізге цифрландыру және жаңа технологиялар саласындағы жылдам жеңістер ұнайды. Бірақ бұл жетістіктердің артында үлкен тәуекелдер тұрғанын да ескеру керек. Ақпараттық қауіпсіздікке әркез назар аударыла бермейді. Халықаралық индекстер бойынша рейтингтік жеңістерге негізінен заңнамалық базаны стандарттарға сәйкес келтіру арқылы қол жеткізілді», дейді.
Депутаттың айтуынша, қазір 32 мыңнан астам ақпараттандыру объектісін министрліктің 5 қызметкері қадағалайды. Олардың әр нысанды тексеруіне 400 жыл қажет болады.
«Кадрлық тапшылық орнап тұр. Алдын ала бағалау бойынша салаға 10 мың маман керек. Қазір 2 мыңдай маман бар. Қоғамның кибергигиенасы да төмен деңгейде. Мысалы, мониторингке сүйенсек, деректерден айырылып қалу фактілерінің 95 пайызында оқиға пайдаланушының рұқсат беруі салдарынан орын алады. Проблеманы шешу үшін цифрландыру мен IT-секторды дамытуға жұмсалатын шығындардың жалпы құрылымында ақпараттық қауіпсіздікке жұмсалатын шығындар үлесін ұлғайтып, оны 10 пайызға дейін (қазір бізде бұл көрсеткіш 1 пайыз деңгейінде – ред.) жеткізу қажет. Сонымен қатар барлық ІТ-мамандар мен бірқатар инженерлік мамандықтар үшін ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мамандықтардың көлемі мен санын ұлғайту ұсынылады. Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау институтын күшейту, осы бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына назар аудару керек», деп түйіндеді өз сөзін.
Ақпараттық қауіпсіздік маманы Замир Қожаназаровтың айтуынша, Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Цифрлық даму министрлігінің қарауында болмауы керек.
– Министрліктің міндеті тезірек цифрландыруды енгізу болса, комитет цифрландыру саласындағы осалдықтарды анықтауға міндетті. Бұл тұрғыда екеуінің мақсаты бір-біріне қарама-қайшы десек те болады. ал осалдықтарды анықтауға тиіс комитет көп жағдайда министрліктің айтқанынан шыға алмайды. Ақпараттық қауіпсіздік комитеті дербес болған кезде ғана объективті киберқауіпсіздіктің жағдайын біле аламыз. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрт факторға ерекше назар аударып, қадағалап отыруға тиіс. Олар – цифрлық тәуелсіздік, ақпараттық қауіпсіздік, инфрақұрылым тәуелсіздігі және IT-өнімдеріміздің дербестігі, – дейді маман.