Саясат • 18 Қазан, 2022

Күн тәртібінде – азық-түлік қауіпсіздігі

175 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тунисте өткен 5 IOFS Бас Ассамблеясының министрлік сессия­сының жұмысына IOFS-ке мүше 37 мемлекеттің 33-і және ИӘҰ-ның 41 ресми өкілі қатысты. Бұл туралы Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының (IOS) баспасөз қызметі хабарлады.

Күн тәртібінде – азық-түлік қауіпсіздігі

Отырысты Қазақстан Респуб­ликасының Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ашты. Осы­дан кейін ол Тунис Республи­касының Ауыл шаруашылығы, су ресурстары және балық шаруа­шылығы министрі Махмуд Элиес Хамзеге төрағалықты тапсырды.

Әрі қарай IOFS Е.П. бас директоры Ерлан Байдәулет Қазақстан төрағалығының қорытындысы, сондай-ақ IOFS-тің 16 стратегиялық бағдарламасын іске асыру бойынша жетістіктерге арналған презента­ция­мен таныстырды. Сонымен қатар 5-ші IOFS Бас Ассамблея­сының министрлік сессиясы барысында әртүрлі серіктестермен, соның ішінде Араб құрғақ аймақтар мен құрғақ жерлерді зерттеу орталығымен (ACSAD), Тунистің ұлттық ауылшаруашылық зерттеулер институтымен (INRAT), Гвинеяның Сауда-өнеркәсіп палатасымен және Тунис өнеркәсіп, сауда және қолөнер одағымен (UTICA) ортақ мүдде бар салаларды зерделеу және ынтымақтастықты нығайту бойынша өзара түсіністік туралы бірқатар екіжақты мемо­рандумдарға қол қойылды.

Отырыс қорытындысы бо­йынша 5 Бас Ассамблеяның қарары қабылданды, оған мынадай шешімдер кірді: ИӘҰ-ның Азық-түлік қауіпсіздігі күнін 11 желтоқсанда атап өту, IOFS өңірлік кеңселерін ашу, азаматтық қоғаммен тығыз ынтымақтастықты кеңейту, Тамақ өнеркәсібі халықаралық ислам қауымдастығын (IFPA) қайта құру және дамыту, өсімдіктер мен жануарлардың генетикалық ресурстарын сақтау және пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты күшейту. Олар – «Алматы форумы» декларациясының құрамдас бөлігі.

Сонымен қатар шара аясында IOFS бас директоры Ту­нис қаласындағы Kram көрме орта­лығында өткен 14 халықаралық ауыл шаруашылығы инвестициялары мен технологиялары көрмесіне (SIAT) қатысты.