Жылу орталығынан тартылатын трассаның ұзындығы – 22 шақырым. Жобаға 22,7 млрд теңге бөлінген. Бүгінде аталған қаржыға шақталған жұмыс толық атқарылды. Алдағы уақытта тағы қаражат беру жоспарда тұр. Былтыр – 8, биыл 6 шақырымы төселді. 4 сорғы стансасының 3 стансасы салынып бітті. Қаражат уақтылы бөлінсе, жергілікті билік өкілдері 1,5 жыл ішінде жобаның сәтті аяқталарына сенімді.
Қарағанды облысына келген сапарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарынан қаланың жылу жүйесі қалыс қалмаған-тын. Президент Қарағандының қарқынды дамуын еске салып, қаланы одан әрі өркендету үшін қосымша жылу көздері керектігін айтқан еді. Осы ретте Үкіметке Қарағанды қаласының үшінші жылу желісінің құрылысына қажетті қаражатты шұғыл бөлуді міндеттеген болатын.
Қарағанды қаласының бұрынғы жылу беретін желілерінің шамасы қазіргі құрылысқа төтеп бере алмайды. Жаңа магистраль іске қосылғанда одан жететін жылудың қуаты сағатына 523 гигакалорияны құрайды. Су жаңа жылу магистралі шаһардың Оңтүстік-Шығыс бөлігін қамтамасыз етеді.
– Жоба 2020 жылы басталды. Қазіргі уақытта 3-ЖЭО-дан №1 сорғы стансасына желі тартылды. Желі – екі қатар. №1 сорғы стансасының дайындығы – 90 пайыз. №2 сорғы стансасы – 60 пайыз, №3 сорғы стансасы – 90 пайызға әзір. №4 сорғы стансасы салынып жатыр. Бүгінде Республика даңғылынан бастап, Тәттімбет көшесіне дейін желі төселді. Себебі өздеріңізге мәлім, қаланың бұл бөлігінде құрылыс қарқынды, – дейді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Камалиев.
Магистраль құрылысында бас мердігер – «НС Система» ЖШС-і. Компанияның атқарушы директоры Қанат Ботбаев атқарған жұмыстарына 5 жыл кепілдік берілетінін жеткізді. 20 жылдан бері инженерлік желі саласындағы компания көптеген жобаға қатысқан. Бұған дейін Оңтүстік-Шығысты жылумен қамтитын М-10 трассасын кеңейтуге, М-3, М-5 жылу желісін реконструкциялауға да үлес қосты.
– Жобаны іске асыруда ешқандай проблема жоқ. Барлығы кестеге және қаржыландыруға сәйкес жүзеге асып келеді. Жұмыстың 70 пайызы аяқталды. Ресейлік және отандық құбырлар төселді. Жобаның аяқталуы қаржыландыруға тікелей байланысты, – дейді Қанат Ботбаев.
Жоба бойынша 40 шақырым құбыр төселеді. 4 сорғы стансасымен бірге 3 павильон қарастырылған. Сорғы стансасының негізі міндеті – қажетті қысым алу үшін су жіберу.
«Қарағанды-Теплотранзит» ЖШС бас инженері Иван Выткиннің мәлімдеуінше, үшінші жылу жеткізу магистралінің құрылысы шешімін табуға сұранып тұрған мәселе. Бұған себеп – жоғарыда атап өткеніміздей, қарқынды құрылыс.
– Қазіргі уақытта жылумен жабдықтауда проблема жоқ. Алайда жаңа үйлер мен ғимараттардың қолданысқа берілуі алдағы уақытта жылуға тапшылық тудырады. Жаңадан салынып жатқан жылу магистралі соның алдын алады. Сонымен қатар жылу жүйесінің жеткізілуіне сенімді күшейтеді. Жобада магистральдің қазіргі қолданыстағы М-3, М-5, М-10 магистралімен байланысы қарастырылған. Яғни желіде қандай да бір қиындықтар орын алса, бұл құбырларды жылу беруге қоса аламыз, – дейді Иван Выткин.
Қарағанды жылу жүйесінің 70 пайыздан астамы тозған. Сондықтан да жаңа желілердің бір-бірімен байланысы жылу жүйесінде орын алуы мүмкін қиындықтарды еңсеруге ықпал етпек. Ал жаңа жылу магистралінің қуаты дәл осындай көлемдегі бір шағын ауданды жылытуға жетеді.
ҚАРАҒАНДЫ