Жарыстың алтыншы кезеңі Малайзиядағы Пинанг штатының астанасы – Джорджтаун қаласынан басталып, Алор-Сетарда өз мәресіне жетті. 120,4 шақырымдық жазық аймақта өткен бәсекеде норвегиялық велошабандоз Эрленд Бликра (Uno-X Pro Cycling Team) топ жарды. Ол мәре сызығын 2 сағат 49 минут 49 секунд ішінде кесті. Одан сәл ғана қалып қойған Глеб Сирица екінші сатыға жайғасты. Бұл – «Астана» сапындағы ресейлік легионердің осы жарыстағы үшінші ірі жетістігі. Бұған дейін ол велокөпкүндіктің бірінші кезеңінде жеңімпаз атанса, екінші жарыс күнінде мәреге екінші болып жеткен еді. Алтыншы кезеңде германиялық Рюдигер Зелиг (Lotto Soudal) үшінші сатыға тұрақтады.
Жалпы есепте 24 жастағы колумбиялық Иван Соса (Movistar Team) төрт кезеңнен бері ешкімге жеткізбей келеді. Оның уақыты – 21:06:03. Екінші орындағы британиялық Хью Карти (Ef Education – Easypost) көшбасшыдан 22 секундқа қалып тұр. Үздік үштікке тағы бір колумбиялық велошабандоз Эйнер Аугусто Рубио Рейес (Movistar) жайғасты.