Медицина • 18 Қазан, 2022

Ана саулығы – ел саулығы

2419 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Атырау облысында ана өлімі азаймай тұр. Мұны облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев та жасырмайды. Оның дерегіне сүйенсек, былтыр жиырма жүкті әйел көз жұмған. Оның ішінде он алты әйел коронавирус инфекциясынан қайтыс болған. Биылғы 9 айда екі ананың, ал қазан айының өзінде 3 жүкті әйелдің қайтыс болғаны тіркеліп отыр.

Ана саулығы – ел саулығы

Мәселен, бұдан бір жарым ай бұрын ауруханада жүкті әйел қайтыс болды. Жүктіліктің 17-аптасын өткерген әйел түсік тастаған. Бірақ неге екені белгісіз бұл туралы денсаулық сақтау саласының басшылары ештеңені ашып айтпады.

«Мына адамның әйелі қайтыс бол­ды. Күйеуі баласының 10 күннен бері мәйітханада жатқанын неге бүгін біл­ген? Арызы осы кезге дейін неге қа­был­данбайды?», деп дабыл көтерді қоғам белсендісі Нұрлан Жонасов.

Күйеуінің айтуынша, ауруханаға түскен жүкті әйелді дәрігерлер бір күн­нен соң шығарып жіберген.

«Әйелім үйге келген соң жағдайы нашарлап, қан құсты. Ауруханаға жатқаннан кейін көз жұмды», деп налыды күйеуі. Ал 17 апталық шақалақтың мәйіті 10 күн бойы мәйітханада жат­қан. Шақалақтың шетінегені тура­лы әйелдің күйеуіне де, туыстарына да ешкім хабарламаған. Шақалақтың мәйітханада жатқанын туыстары әйел­дің қайтыс болғаны туралы анық­тама алуға келгенде бір-ақ білген. Ауру­­ха­на­да көз жұмған әйел үш жыл бұ­рын күйеуге шыққан. Оның артында шиеттей екі баласы қалды.

Жүкті әйелдің ауруханада көз жұмуы бұл бір ғана емес. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтың дерегіне қарағанда, 12 қазанда екі ана өлімі тіркелді. Оның бірі – облыстық, екіншісі – Мақат аудандық ауруханасында көз жұмған. Екеуі де Мақат ауданында тұрған.

Ауруханадан отбасына оралмаған жүкті әйелдің бірінің жасы – 33, екін­шісі 34-те екен. Бұл нағыз бала тәр­биелейтін, ошақ отын маздататын жас қой. Бірақ екеуі де бір күнде отбасын, бауыр еті – балаларын аңыратып, о дүниеге аттанды.

– Облыстық ауруханада көз жұм­ған 33 жастағы әйел жүктіліктің 17-апта­сын өткеріп жүрген. Бұл оның үшін­ші жүк­тілігі екен. Ол Мақат аудан­­дық орталық ауруханасында ба­­қы­лау­ға алынған. Биылғы мамыр айынан менингиома диагнозы қо­йылып, нев­ро­патологтің есебінде тұрды. Оның ауруы бір жыл бұрын басталған. Мамыр айында МРТ тек­серуінен өтті. Соңғы аптада бас ауруы­ үдеп, жү­рек айнуы жиілеген. Об­лыстық ауру­хананың нейро­хи­рургиялық бө­лім­шесіне 9 қазанда ми қабығының үстіндегі мидың қа­терсіз ісігі диагнозымен түсті. Оны ауру­­ханаға қабылдау кезінде бас ауруы,­ айналуы, жүрек айнуы, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, көру қа­білетінің нашарлауы, жалпы әл­сіздік жөнінде шағым айтты, – дейді А.Байдуәлиев.

Ауруханада жүкті әйелге зертха­налық-диагностикалық және аспаптық зерттеулер жүргізіліп, дәрігерлердің кеңесі берілген. Содан соң тиісті емдеу тағайындалыпты.

– Екі күннен кейін, 11 қазанда жағ­дайы нашарлауына байланысты науқас қарқынды терапия бөліміне ауыстырылды. Механикалық желдету аппаратына қосылды. Алайда дәрігерлердің емдеу шараларына қара­мастан, науқас 12 қазанда таңертең қайтыс болды. Алдын ала сепсис, септицемия, сол жақ жоғарғы пневмония, мидың маңдай-париетальді бөлігінде көлемді ісіктің түзілуі, көп органның жеткіліксіздігі, септикалық күйзеліс диагнозы қойылды, – деп нақтылады басқарма басшысы.

Ал 34 жастағы жүкті әйел Мақат аудан­дық ауруханасының қабылдау бө­лі­міне жүктіліктің 32-аптасында пнев­­мония диагнозымен жеткізілген. Ол да үшінші баласын өмірге әкелуді асыға күткен.

– Жүкті әйел дереу механикалық желдету аппаратына қосылды. Бірнеше сағат ішінде оның жүрегі үш рет тоқ­тады. Дәрігерлер оның жүрек со­ғуын үш рет қалпына келтірді. Алай­да бар­лық реанимациялық шараға қа­­ра­мастан, науқас кешкі мез­гілде қай­тыс болды. Науқасқа вирустық-бак­териялық генезис сепсисі, сеп­ти­калық күйзеліс, оң жақ төменгі пневмония, реактивті гепатит, бауыр мен бүйрек жеткіліксіздігі, ұрықтың антенатальды өлімі диагнозы қойылды, – дейді А.Байдуәлиев.

Басқарма басшысының айтуына қарағанда, жүкті әйелдер өлімінің түпкілікті себептері қызметтік тексеру, паталогоанатомиялық зерттеу нә­ти­желерінен кейін нақтыланады. Ин­фек­цияның қоздырғышын анықтау, вирусологиялық, бактериологиялық зерт­теулер жүргізу үшін сынамалар алынған. Мақат ауданындағы эпиде­миялық жағдайды зерттеу қажеттігі туын­­дап отыр.

Әрине, медициналық тексеру, талдау жасалады. Қылмыстық іс те қоз­ғалады. Мұның бәрі әкімдікке, ми­нистрліктерге есеп беру үшін қолға алы­натыны ешкімді таңдандырмайды. Алайда Денсаулық сақтау министрлігін өмірге бала әкеліп, елдің демография­сын көбейтуді ойлаған аналардың ауруханаға аяқтай келіп, отбасына та­бытпен оралғаны алаңдатуға тиіс. Өйткені о дүниелік болған жүкті әйел­дердің соңында анасыз қалған бала­лардың көз жасын тексерумен де, есеп берумен де құрғата алмайтынымыз өкінішті-ақ.

Мұнай мен газдың үстінде отырып, Ұлттық қорға, елорда мен өзге өңірлерге миллиардтап қаржылай қол­дау беруден тартынбайтын Атырау облысында жүкті аналарды аман алып қалуға медицинаның да, дәрігерлердің де құдіреті жетпеді. Бұл тек бір өңір­дің емес, ел медицинасының осал тұсы екені даусыз. Бұл өңірде бала сүйгісі келген аналардың бәрі ауруханадан аман оралар күн қашан туар екен? Әйтпесе, жаңадан отбасын құрған жас­тар­дың жүрегі отандық ауру­хананың табалдырығын аттауға дауаламайтыны даусыз-ау.

 

Атырау облысы